HALYQLINE.KZ Кеше аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев білікті дәрігер, қоғам қайраткері Болатбек Баймахановты 60 жасқа толуына орай мерейлі мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы облысқа белгілі азамат, ғалым, медицина ғылымының докторы, профессор, жоғары санатты хирург Болатбек Баймахановтың өңіріміздің өркендеуі мен дамуы жолындағы қосқан елеулі үлесі мен ел игілігі жолындағы еселі еңбегін атап өтіп, құрмет көрсетті.
– Адам өмір жолының асқар биігі саналатын алпыстың шыңына шығып отырған Болатбек Бимендіұлын ел-қауым алтын қолды дәрiгер ретінде құрметтейді. Сiзді асқаралы 60 жасқа толған мерейлі тойыңызбен барша Сыр жұртының атынан шын жүректен құттықтаймын!
Болатбек Бимендіұлы тек дәрігер ғана емес, ғаламат ғалым. Көптеген шет елдерде өзінің баяндамаларын жасады. Оның жетекшілігімен ондаған кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. 300-ден астам ғылыми-тәжірибелік мақаланың авторы, өнертабыс бойынша 45 патентке ие.
Нәрестелерге де күрделі оталар жасап, шақалақтардың жақсы өмір сүруге жәрдем берді. Өмір мен өлім арасында арпалысқан қаншама науқас азаматтар шет елдерге сабылмай, дертіне дауа тапты, – деді Н.Нәлібаев.
Болатбек Бимендіұлының бастамасымен Қызылорда облысының хирургия саласына жаңа технологияларды енгізді. Оның ішінде жүрекке түрлі дәрежедегі оталар жасалынып, науқастарға дем берілді. Қарапайым халыққа компьютерлік томография қолжетімді бола бастады. Ол аудан тұрғындарының да сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етілуіне жоғары деңгейде көңіл бөлді. Басқосуда медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов мерейтой иесінің еңбек жолындағы елеулі сәттерді атап айтып, ыстық ілтипатын білдірді.
– Адам көп, азамат аз. Болатбек Баймаханов – хирургия саласында қолтаңбасы бар, дара дәрігер. Мақтауды сүймейтін, нағыз істің адамы ретінде жақсы білемін. Болатбекті тек Қазақстан ғана емес, әлем мойындаған. Күрделі оталарды жасау, ғылыммен айналысу үлкен іс. Сондықтан Болатбектің бергенінен, берері көп әлі, – деді Тұрғанбай Маханов.
Мерейтой иесіне арналған кездесуде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы білікті дәрігердің елге еңбегінің оразан зор екенін жеткізді.
– Өз уақытында Болатбек Бимендіұлы 3 жылдың ішінде 10-15 жылға татитын жұмысты атқарды. Еңбекқорлығының және салаға адалдығының нәтижесінде күн, түн демей жаны қысылған жандарға операция жасап, демеу көрсетті. Ол – нағыз ұстаз, ізінен шәкірт ерте білетін, адамгершілік қасиеті мол, еңбекқор азамат, – деді Мұрат Бақтиярұлы.
Қазіргі күні Болатбек Баймаханов өзі оқыған, ғылымға алғашқы қадамдарын жасаған, хирургияның қара шаңырағы болып табылатын А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында абыройлы қызмет атқаруда. Соңғы кездері Болатбек Бимендіұлы адам ағзасын ауыстыру, соның ішінде бүйрек пен бауыртрансплантациясын жасап, халыққа сапалы медициналық көмек берді. Аймақ басшысы мерейтой иесін құттықтап, жылы лебізін жеткізіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Өз кезегінде Болатбек Баймаханов құрмет көрсетіп, еңбегін елеген аймақ басшысына алғысын білдірді. Айта кетейік, аймақ басшысы Конституция күнінде Болатбек Бимендіұлына «Қызылорда облысының Құрметті азаматын» атағын салтанатты түрде табыстайтын жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!