Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қыстың қамын жазда ойла» немесе Жалағаштың әкімі нақты тапсырма берді

22.08.2022, 16:20 660

HALYQLINE.KZ  Бүгін Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде 2022 жылдың 7 ай қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы, жылу беру маусымына дайындық, жаңа оқу жылына дайындық және егін жинау жұмыстары туралы хабарламалар жасалды. Ауданның қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханова баяндама жасады. Оның айтуынша 7 айдың қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім қалыптасқан.

Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 2 есеге артып, 9,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі шаруашылықтардың күріш ақтау есебінен 167,0 пайызға орындалып, 5,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 126,7 пайызға артып, 4 млрд. 445 млн теңгені құрады. Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4,6 млрд теңгеге орындалып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,1 пайызға орындалды. Тұрғын үй көлемі 13 470 шаршы метр болатын 92 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 198,4 пайызға артқан. Бөлшек сауда көлемінің көрсеткіші 1 127,2 млн теңге болып, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 101,8 пайызға орындалды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2 млрд 636 млн теңгеге орындалып, 2021 жылдың 7 айымен салыстырғанда 104,3 пайызға артты, – деді Ж.Баймаханова.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ө.Елеусінов баяндама жасады.

– Жалағаш ауданында жылытылатын барлығы 101 әлеуметтік, бюджеттік нысандар бар. Бүгінгі күнге нысандар 696 тонна (30,9 %) сұйық отынмен, 620 тонна (21,4 %) қатты отынмен қамтамасыз етілген. Барлық нысандарда 2023 жылдың 15 қаңтарына дейінгі мерзімге қажетті отын қорын сатып алуға қаржы қарастырылған. Қалған отын қорымен қамтамасыз ету 2023 жылдың бюджеті есебінен жүргізілетін болады. Аудан тұрғындарына 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына қатты отын қажеттілігі 11500 тоннаны құрайды. Жеке кәсіпкерлермен ауа райының ыстықтығына байланысты қатты отынды ағымдағы жылдың тамыз айының соңынан бастап жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда қатты отын қоймасында өткен жылу маусымынан 300 тонна көмір қоры бар. Бүгінгі күнге Жалағаш кентіндегі 1958 тұрғын үй орталықтандырылған газ желісіне қосылып, тұрғын үйлердің 61,9 пайызы газ отынын пайдалануда, – деді ол.

Сондай-ақ, ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған газ желісімен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Аудандағы егін жинау жұмыстарына қатысты хабарлама жасаған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Қалниязов биылғы жылы 35486,5 гектарға егiс орналастырылғанын айтты. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 18501 гектарды құрайды. Аудан бойынша 195 шаруашылық егін орналастыру жұмыстарымен айналысуда.

– Егінді әртараптандыру бағытында бидай, жүгері, арпа, мал азықтық жоңышқа дақылы өткен жылмен салыстырғанда артық орналастырылды. Сондай-ақ, тәжірибелік мақсатта алғаш рет қант құмайы, соя, сұлы, қант қызылшасы дақылдары орналастырылды. Бұл дақылдардан жоғары өнім алынған жағдайда алдағы уақытта көлемі арттырылатын болады, – деді ол.

Асқарбек Темірбекұлы күріш егісін жинау жұмыстарын қазан айының 5-іне дейін толық аяқтауға тиісті шараларды қабылдап, егін жинауды мерзімінде аяқтаумен қатар, алдағы мал қыстату науқанына аса тыңғылықты дайындықпен кірісіп, әрбір шаруашылық бойынша қажетті мал азығы мен жем-шөп қорын резервімен қамтамасыз етуді, күзгі дала жұмыстарын, атап айтқанда, келесі жылға қажетті тұқым құю, күздік бидай егу, сүдігер көтеру жұмыстарын қолайлы мерзімінде орындалуы үшін тиісті шаралар қабылдауды сала басшыларына қатаң тапсырды. Сондай-ақ, аудан басшысы күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты сала басшыларына нақты тапсырмаларды жүктеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: