Әрбір елдің ертеңі – жастар. Сол себепті жастар саясаты деген ұғым қалыптасып, түрлі қолдау көрсетілуде. «Жасыңда жалықпасаң, қартайғанда тарықпайсың» деген. Еліміздің керегесі берік, шаңырағы мәңгі болуы үшін қанатын қомдап, туған жерінде еселі еңбек етіп келе жатқан жастар қауымы жетерлік. Жаспын деп жасқанбай, кедергілерге қарамай табысты, көшбасшы болуға ұмтылатындардың қатары артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Дәстүрлі түрде өткізілетін «12 тамыз – Халықаралық жастар күні» биыл да облыс көлемінде аталып өтіледі. Бұны облыстық «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырмақ. Олардың айтуынша, мереке қарсаңындағы іс-шара жастарға мол мүмкіндік беріп қана қоймай, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды екен. Аталмыш іс-шара жайында жауапты мамандар өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында тереңірек тарқатты.
– Жоспар бойынша біздің ұсынысымызбен 5 тамыз – «Жастар апталығының» ашылуы күні, 6 тамыз – «Экомәдениетті дамыту күні», 7 тамыз – «Таланттар күні», 8 тамыз – «Еңбек күні», 9 тамыз – «Балаларға қуаныш сыйлау күні», 10 тамыз – «OPEN AIR», 11 тамыз – «Спорт күні», 12 тамыз «Мүмкіндіктер және инновациялық идеялар күні» болып белгіленді. Сәйкесінше, атаулы күндер бойынша Қызылорда, Байқоңыр қалаларында және аудандарда жастар апталығының негізгі жоспарынан тін тартатын жүздеген іс-шара ұйымдастырылып, өткізілетін болады. Бүгіннен бастап өңіріміздің барлық қаласы мен ауданында жастар күнін атап өту мақсатында өткізілетін іс-шаралар туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының КММ директоры Мақсат Дауылбай.
Жалпы, мереке жастардыкі болған соң, жастардың вайбындағы кештер өткізілмек. Әрбір он күндік іс-шара әлеуметтік желіде жастардың ұсынысына сай дайындалған екен. Жастардың инновациялық дамуына қолғабыс етіп, олардың жастық шағының тәтті сезімдерінің өшіп қалмауына бұл іс-шараның негізгі бағыты осы болмақ. Сол себепті аймақтағы танымал DJ-лердің әрлеуімен қорытынды кеш аяқталады. Айта кету керек, бұл шаралардың барлығы аймағымыздың Қызылорда, Байқоңыр қалаларында және аудандарда бір күнде, бір уақытта ұйымдастырылып, өтетін болады.
Сондай-ақ, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» да «Кинотаим», «ЖазFEST», «Бір толқында», «TabooArt», «Мінбер» сынды мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізеді. Бұған қоса, облысқа танымал сәнгер Динара Алмуссаеваның тегін мастер-класын, бүгінгі күні табысты кәсіп түрінің ТОП-5-тігіне кіретін бютииндустрияның бірі, тырнақ әрлеу бойынша тегін курсын, жазасын өтеушілер арасындағы «Абай оқулары» сайысын және пробация есебіндегі қыз-келіншектерге арналған кәсіби бағдар жобалары өткізіледі.
Бет қатталып жатқанда жастарға арналған іс-шараның бірсыпырасы өткізілді. Атап айтсақ, «Экомәдениетті дамыту күнінде» облыс жастарының таза аймақ қалыптастыру мақсатындағы «ЭкоМарафон» сенбілік акциясы жүзеге асырылды. Ең алдымен, айналамыздың таза болуы бізге маңызды. Сондықтан мұндай іс-шара бүгінгі қоғамға қажет. Ғалымдардың айтуынша, жер бетінде адамдар болмаса, жазық дала, көкпеңбек болатын көрінеді. Дегенмен табиғатты қорғау адамдарға байланысты. Аталмыш акцияға «Жасыл ел» еңбек жасақтары штабының жастары, белсенді азаматтар мен «Syr Jastary» орталығының мамандары өз үлестерін қосты. Акция барысында «әл-Фараби» мөлтек ауданындағы саябақ күл-қоқыстар мен басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қосымша әлеуметтік нысандардың айналасындағы қоқыс қалдықтары шығарылды және тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталмыш шараға 60-тан аса белсенді жас қатысып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Әрі қарай сенбілікке қатысушыларға және қала, аудан жастарына арналған «ҚарбызFEST» ұйымдастырылды.
Жастар апталығында «Таланттар күні» аталып өтілді. Бұл күні «ЖазFEST» атты шығармашылық өкілдерінің (барлық жанрлар бойынша) ашық аспан астындағы өнер фестивалі өтті. Өңіріміздің ең дарынды балалары бас қосып, қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл күй сыйлады. Фестиваль аясында заманауи би түрлерінен кеш өтіп, өнер көрмелері, қолөнер бұйымдарының және көркемөнер түрлерінің галереясы ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушыларға атаулы дипломдар мен «CoffeeLIКE» кофе орталығының сертификаттары табысталды.
8 тамыз – Еңбек күні деп аталып, жастарға «Еңбек лагерьлері» жоспарланды. Қала және аудан орталықтарындағы кәсіптік білім беретін орта арнаулы ББҰ базасында өтетін «Еңбек лагерлері» жұмыссыз жастарға және түлектерге арналған болатын. Лагерь барысында жұмыссыз және талапкер жастарға кәсіби бағдар ұсынылып, техникалық мамандықтар насихатталды. Және техникалық мамандықтар бойынша тәжірибе алаңдарында практикалық дәрістер берілді.
– Биыл құрылысшылар күні қарсаңында «Тас қалаушылар» мен «Дәнекерлеушілер» сайысы өткізіліп, бас жүлдеге Қызылорда қаласы әкімінің 100 мың теңге көлеміндегі сыйақысы табысталды. Алдағы уақытта, «Самғау» сыйлығының форматындағы жүлде кәсіпкерлік техникалық мамандықтарында жұмыс істейтін мамандарға қала күні аясында беріледі. Айта кетерлігі, «Qosyl» жастар орталығының ұйымдастыруымен «Арбат» бойында әр аптаның бейсенбі күні – «PING-PONG», жұма күні – «Караоке Battle», сенбі күні – «Кино TIME» жобалары тұрақты түрде өткізілуде. Осы және өзге де қала жастарына қатысты күнделікті ақпараттар мен жаңалықтар «qosylbot» телеграм-бот және «qosyl.mrc» инстаграм парақшасында жариялануда, – деді «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров
Балаларға қуаныш сыйлау күнінде – «Барлық игілік – балаларға» жастар акциясы өтті. Акцияда облыс аумағындағы жөндеуді қажет ететін балаларға арналған ойын алаңдарын қалыпқа келтіру бойынша көпшілік қайырымдылық іс-әрекеттерді жүзеге асырды. Ал, 10 тамыз күні жастардың көптен күткен «Open air» аталып өткізілді. Бұл күні облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің базасында, ашық аспан астында «Мінбер» атты атаулы іс-шара ту көтерді. Оған жастар саласының жанашылары, сонымен қатар, осыған дейін және бүгінгі күні сала дамуына атсалысқан, атсалысып жүрген көшбасшылар мен жастарға қызмет көрсетуші мамандар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, әкімшілік құрылымының барлық уәкілетті органдарының басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, депуттар, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері, барлық деңгейдегі жастар орталықтарының басшылары мен қызметкерлері қатысты. Дәл осы күні барлық жастар орталықтарында әлеуметтік сала жетекшілерінің жастарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізілді.
Жастар аптасы мұнымен аяқталған жоқ. Алдағы күндері бірнеше іс-шара өткізіледі. Жастардың салауатты өмір салтын ұстануды да насихаттау бұл мерекеде қамтылған. 11 тамыз – Спорт күнінде барлық аудан мен қаламызда «АулаСПОРТ» шарасы өтеді. Бұл – заманауи спорт түрлерінің ашық аспан астындағы іс-шарасы. Сондай-ақ 12 тамыз – «Мүмкіндіктер және инновациялық идеялар күні» болып белгіленген. Бұл күні Қызылорда, Байқоңыр қалаларында және аудандарда «Мүмкіндіктер керуені» және «Инновациялық идеялар жәрмеңкесі» жобалары өтеді. Жалпы, мұндай мүмкіндік беретін іс-шара аймағымызда бірнеше рет өткізілді, тәжірибемізде бар. Ашық аспан астындағы мүмкіндіктер алаңында қала жастарына бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, кастингтер, мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға байланысты жастарға кеңес беру, жылжымалы медициналық қызмет түрлері ұсынылады.
Азамат САМАТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!