Белгілі мүсінші Қазыбек Сатыбалдиннің қиялынан туған ерекше туындының бірі – «Қызылорда» музейлік композициясы. Қазіргі таңда облыс мақтанышына айналған құнды экспонат Қызылорда қалалық музейінің төрінде тұр. Бұл туындының құндылық сипатынан бөлек, феноменологиялық, символдық мәніне айрықша мән берілген. Композиция қылқобыз, Сырдың басты дақылы – ақ күріш, жер кіндігі – Байқоңыр, жігіттің бес қаруының бірі – садақ, асық, туған жер картасы сынды символикалық бейнелерді біріктірген.
Қорқыттың қарағайдан қайырып, үйеңкіден үйіріп алған қобызы – дүниежүзіндегі ең көне аспап. Бір кезеңдерде халықтың жадынан жоғалып кеткен жәдігер қобыз тәуелсіздікпен бірге қазақ өнеріне қайта оралды. Қобыздың пайда болуын, тарихын Қорқытпен байланыстырамыз, «күй атасы – Қорқыт» деп атайтынымыз да сондықтан. Демек, бұл аспаптың композицияның басты тірегі болуының да мәні айрықша.
Күріш дақылы Сыр бойына өте ертеде келгені тарихтан белгілі. Ал қазіргі таңда экономикалық, әлеуметтік маңызға ие бұл дақыл Сыр жұртшылығының негізгі шаруашылық көзіне айналып үлгерген. «Сыр маржаны» деп атау алған күріш дақылы – керемет композицияның негізгі бөлігі.
Қорқыт «жер кіндігі» атаған «Байқоңыр» ғарыш айлағы – іргемізде орналасқан өте құнды мекен, қымбат айлақ. Сондықтан Сырдың басты символы ретінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы мүсінде сәтті орналастырылған.
Қазақ этносының дәстүрлі мәдениетінің бір бөлігі болатын жауынгерлік қару-жарақтың семантикалық мәні өте тереңде. Жауынгер халқымыз «аттың жалында, түйенің қомында» жүріп, «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» Алтай мен Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр даланы асқан ерлікпен қорғап қалды. Сондағы бір серігі – осы бес қаруы еді. Сондықтан аталмыш мүсіннің негізгі бөлігі бес қарудың бірі – садақ болуы да тегіннен емес.
Ұлы Даланың қожайыны болған, шығыс пен батыстың күре тамырын бақылауында ұстаған, әлемдік тарихқа «көшпелі өркениет» ұғымын енгізген бабаларымыздың саналы ғұмыры мал шаруашылығын жетілдіріп, оған қатысты ғұрыптарды, салт-дәстүр мен түрлі жосындарды өмірге әкелгені белгілі. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – осы бір ғасырлар бойы қалыптасқан, санамызға сіңген дүниені сақтап қалу, әрі насихаттау. Қазақ болмысына терең сіңген, тәжірибеден туындаған дәстүрі іспеттес асықтың Сырдың басты мүсін-композициясының негізгі бөлігіне айналуының мәні де сондықтан.
Ал осы ұлттық құндылықтардың барлығы Қазақ топырағында тамырын жайған. Тарихы тереңде жатқан Қазақ елі бүгінде екі ғасырдай уақытты артқа тастап, алты Алаштың басын қосып, қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қасиетті мекеніне айналып отыр. Сондықтан туған жер картасының барлық бейнелерді ұйыстыра мүсіннің қақ ортасына түсуі композицияның көркемдік тұтастығын айшықтай түскендей.
Алтын Карбозова,
Қызылорда қаласының тарихы музейінің экскурсоводы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!