Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр елінде 250 отбасы баспаналы болды

01.07.2022, 8:50 421

HALYQLINE.KZ

Сыр өңірінде тұрғындарды тұрғын үймен қамту мәселесі кезең-кезеңімен оң шешімін тауып келеді. Игі бастаманың жалғасы ретінде СПМК-70 тұрғын ауданынан 50 пәтерлік 5 көпқабатты ипотекалық тұрғын үйдің кілті салтанатты түрде табысталды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қоныстой иелерін құттықтап, шаңырақтарына бақ-береке тіледі.

– Соңғы жылдары Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, қала аумағы әлдеқайда кеңейді. Зәулім ғимараттар бой көтеріп, шаһардың сәулеттік келбеті көркейе түсті. Бүгін де жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, отбасылардың қуанышын еселемекпіз.

Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын!

Қуаныштарыңыз көбейе берсін! Шаңырақтарыңызға шаттық орнасын!

Сіздерді құттықтай отырып әр отбасына жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық тілеймін,-деді Н.Нәлібаев.

Пәтер алушылардың атынан Мұхтар Сүлейменов үйді сапалы әрі әсем етіп салған мердігер компанияларына алғысын білдірді, ал еңбек ардагері Қорғанбек Қайруллаев қоныстанушыларға ізгі тілектерін арнап, ақ батасын берді.

Іс-шара соңында аймақ басшысы жаңа пәтерлердің біріне кіріп, баспана бақытына келген отбасының қуанышына ортақтасты.

СПМК-70 тұрғын ауданынан салынған 5 көпқабатты ипотекалық тұрғын үй баспана кезегінде тұрған «Отбасы банктың» салымшыларына арнап салынған.

Айта кетейік, соңғы 3 жылда өңірде жалпы ауданы 315,4 мың шаршы метрді құрайтын 3 мың 827 пәтерлік 172 тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Былтырғы жылы апаттық жағдайда тұрған үйлердің тұрғындарына 50 пәтердің кілті табысталды.

Биылдың өзінде өңірде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 372 пәтерді құрайтын 10 тұрғын үйдің құрылысы жүруде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: