Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ішімдіктің кесірінен жақындарынан айырылды

25.05.2022, 18:15 388

Халқымыздың «Арақ атаңнан қалған ас емес», деген тамаша сөзі бар. Өкінішке қарай әлі күнге дейін осы ақылдың қадіріне жетпей келеміз. Ең сорақысы ащы суға тойып алғандар өз жөнімен кетпей, қасындағыларға кесірін тигізіп, тіпті талай адамды жақындарынан айыруда. Арақтың буымен кеше істегендеріне бүгін жауап бере алмайтын, қолына түскен затпен айналасына лаң салып, мойнына талай адамның қанын жүктегендер біздің аймағымызда да азаймай тұр. 

Мысалы облысымызда қасақана адам өлтiрудің 9 дерегі тіркелген.

Олардың 6-ы сотқа беріліп, жазаланды.

Осы жазасын алған сотталғандардың қылмыстарына оқырмандардың назарын аударғым келеді.

Бірінші кезекте назар аударатын мәселе – осындай қылмыстарға көпшілігі арақ ішіп, мас күйінде баруы.

Жоғарыда айтқанымыздай сылқия тойып қызып алғандар өз әрекетіне баға бермей жақынын, дос-жаранын, әйелін, іні бауырын өлтіруге дейін бару деректері орын алуда.    

Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше мысал келтірейін.

Мысалы, Қызылорда қаласының тұрғыны Купенов мас күйінде 2021 жылдың қазан айының 22-і күні таңғы сағат 05:00-дер шамасында туған інісі М.Купеновты асхана пышағымен іш тұсына және сол жақ кеуде тұсына тікелей бағыттап, екі мәрте соққы жасаған.

Осы ауыр жарақаттардың салдарынан М.Купенов сол жерде жан тапсырып, қайтыс болды.

Тергеу барысында және сот үстінде сотталушы Г.Купенов жасаған әрекетін толығымен мойындап, шын ниетімен өкiнген.

 Соттармен жаза тағайындау кезiнде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, кінәлі адамның жеке басы, оның ішінде құқықбұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалы ескерiледi.

Осыны ескере отырып, Г.Купенов соттың 15.04. 2022 жылғы үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Келесі мысалды келтіретін болсақ, онда сотталушы өзімен бірге бір дастарханда арақ ішіп отырған танысын пышақпен ұрып өлтірген

Атап айтқанда, қала тұрғыны Г.Раманкулов 2021 жылдың қараша айының 15-і күні өзінің пәтерінде таныстарымен бірге арақ ішіп отырып, сол жерде қонаққа келген У.Мергенбаевпен сөзге келіп, соңғымен өзіне айтылған сөздеріне қайтарымы ретінде стол үстінде тұрған асхана пышағымен бірнеше рет соққы жасап, өлтірген.

Бұл әрекеті үшін Раманкулов соттың 15.04.2022 жылғы үкімімен сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал Қармақшы ауданының тұрғыны «Параноидтық шизоферения, эпизодтық ағыммен, тұрақты ақаулық» диагнозымен дәрігерлік есепте тұратын А.Достанбаев 2021 жылдың қараша айының 28-і күні үйде өзінің туған әкесі Г.Ибраевты қолына түскен темір затпен басынан бірнеше мәрте ұрып, сол жерде мерт қылған.

Қылмысты жасаған А.Достанбаевтың  ақыл есі дұрыс еместігін ескере отырып, сот 16.03.2022 жылғы өз қаулысымен оны қылмыстық жауаптылықтан босатып, арнайы мамандандырылған интенсивті бақылаудағы психиатриялық ауруханасында еріксіз түрде мәжбүрлеп емдеу шарасын тағайындады.

Мұндайда қылмыс жасаған әрбір адам өз іс-әрекеттеріне заң алдында жауап беріп, жазасын алуы тиіс.

Республикамызда қасақана адам өлтiру, яғни басқа адамды қасақана қазаға ұшырату қылмыс үшін сотталушыға қолданылатын жаза – сегіз жылдан бастап, ауырлататын мән-жайлары болса жиырма жылға дейін немесе бас бостандығынан өмір бойына айыру жазасы белгіленген.   

Осындай қылмысқа барған адамның әрекеті еліміздің ең қымбат қазынасы болып табылатын адам мен оның өміріне қарсы бағытталған.

Сол себепті кез келген қылмыстың өтеуі – жаза!

Б.Сариев,

Облыстық прокуратураның

басқарма бастығы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: