ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында 2 мәселе күн тәртібіне шығарылды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселемен Шиелі аудандық мәслихат аппаратының бөлімше басшысына қолданылған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы ұсыныс қаралды. Бөлімше басшысына биылғы ақпан айында лауазымды тұлғаға мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған болатын. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тәртіптік теріс қылықтың ауырлығын, қызмет барысында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілмегенін ескере отырып, жазаны мерзімінен бұрын алуға келісім бермеді.
Келесі мәселемен облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Марат Егембердиев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет пен әдеп кодексі нормаларының сақталуы бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Кеңес шешімімен департамент қызметкерлеріне мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамалары, конкурс өткізу қағидасы, әдеп кодексі, тәртіптік жаза қолдану қағидасы нормаларын түсіндіру, заңсыз сыйлық алу, қоғамдық орындарда моральдық-этикалық нормаларды бұзу фактілеріне тұрақты түрде профилактикалық бақылау шараларын жүргізу ұсынылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!