Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өзекті мәселелер шешімін табады

04.05.2022, 9:30 565

HALYQLINE.KZ

Шаһар басшысы Асылбек Шәменов халыққа қызмет көрсететін бірқатар нысанды аралады.

Бүгінде көп жылдан бері жөндеу көрмеген «Қорқыт ата» әуежайының сырт келбеті ұсқынсыз көрініп тұрғаны рас. Терминал ішінің де халықаралық талаптарға сәйкес еместігін анық аңғаруға болады. Дегенмен, бұл мәселе жақын күндері толығымен ретке келтіріледі. Себебі аталған ғимаратқа жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қызылордалық қос компания «Стандарт Ойл» және «Авангард» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өз қаражаттары есебінен ғимаратты жаңғыртуды жедел жүзеге асыруда. Қазіргі күні негізгі ауқымды жұмыстарға арналған құрылыс материалдары алынды. Жұмысшылар екі ауысымда еңбек етуде. Ендігі мақсат – терминал қызметін пайдаланушыларға қолайсыздық тудырмай, белгіленген мерзімде игілікті істі аяқтау. Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы серіктестік басшыларына алғысын білдіре отырып, ғимаратты тез әрі сапалы жөндеп, жолаушыларға қажетті жағдай жасау қажеттігін тапсырды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы саябақта да қызу тірлік. Нысан аумағына санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, сырланып-әрленуде. Парк ішіндегі түнгі жарық шамдары жаңаланып, халықтың таза ауада демалуына жайлы жағдай жасалынуда. Қала әкімі Асылбек Шәменов демалыс орнын күтіп-ұстаушы мердігер мекемеге бұл бағыттағы жұмыстарды ұдайы ұйымдастырып, қатаң бақылауда ұстауды жүктеді.

Асылбек Өмірбекұлы «Қызылорда автобус паркіне» де арнайы барды. Мұнда алдағы жұмыс жоспарлармен танысып, жолаушылар тасымалындағы күрделі мәселелерді шешуге бағытталған шараларды пысықтады. Қазірде қала тұрғындарына қалаішілік 26 және қала маңына қатынайтын 8 бағытта 400-ге жуық автокөлік келісімшарт талаптарына сәйкес қызмет көрсетіп келеді. «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не қарасты үлкен сыйымдылықтағы автобустар 6 бағытта қатынауда. Осы күні бұл мекемеге айтылар сыни пікірлердің көп екендігі жасырын емес. Мәселені шешу үшін серіктестікке жаңадан 150 дана автобус алуға қаржы-экономикалық негіздеме әзірленуде. Өз кезегінде алынатын жаңа транспорттар тасымал тапшылығын болдырмауға септігін тигізеді. Дегенмен, қала әкімі жаңа автобустар келгенше қарекетсіз отырмай, жеке тасымалдаушылардың жұмысын үйлестіріп, бағыттарға бақылауды күшейтуді міндеттеді.

«Қызылорда тазалығы» ЖШС шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда су жүйесі» МКК-мен қосылу жолымен қайта ұйымдастырылғаны белгілі. Біріккен кәсіпорында барлығы 1157 адам жұмыс істейді.

Қызылжарма және Қызылорда жерасты су кені арқылы күнделікті 61 ұңғыма арқылы тәулігіне 71,6 мың текше метр ауызсу өндіріліп, тұтынушыға таратылады. Алайда, тұтынғанына төлем төлемейтін тұрғындар саны артып, мекеменің материалдық-техникалық базасының жаңаруына нұқсан келтіруде. Оған қоса, жұмысшылар жалақысының кешеуілдеуіне әкеліп соғуда. Кәсіпорынды аралаған қала әкімі жауапты басшыларға қарызды қайтарудың тың тәсілдерін ойластыруды, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін айтты. Жаз айларында көпқабатты үйлердің жоғары қабаттарына ауызсудың толық баруын қамтамасыз етуді тапсырып, бақылаушылардың жұмысын күшейтуді міндеттеді.

Қала әкімі «Қызылорда тазалығы» мекемесінде де болып, мұндағы машина-техникалық базасының бүгінгі жай-күйін көрді. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, теңгерімдегі техникалардың 70 пайызы іске жарамсыз. Қолдағы бармен шаһардың күнделікті тазалығын ретке келтіру қиынға соғуда.

Шаһар басшысы өзекті проблемаларды білетіндігін, күрделі кезеңді еңсеріп, жаңадан арнайы техникалардың алынатындығын айтты. Облыс әкімінің қолдауымен қомақты қаржы бөлініп, аталған кәсіпорынға жақын күндері жаңа техникалар келетіндігін жеткізді. Жұмысшыларға да мүмкіндігінше жағдай жасалынып, қызмет көрсету сапасы жақсарады деді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: