Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәншүк батыр атағын қалай алды?

22.04.2022, 9:00 920

HALYQLINE.KZ

Мәншүк Мәметова – 100 жаста

Мәншүк Мәметова 1922 жылдың 23 қазанында Орал губерниясындағы, қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданындағы Жиекқұм елді мекенінде дүниеге келді. Азамат соғысынан кейінгі елді жайлаған аштық кезінде көтеріп, босанған анасы Тойлышы да, әкесі Жиенғали да аурушаң еді. Жиенғали Мәметов Байұлының Шеркеш руынан еді. Анасы Тойылша кішкентай қызын «Моншағым» деп еркелеткесін, атың кім деп сұрағанда Мәнсия «Мәншүк» деп жауап қайтарғандықтан, Мәншүк аталып кетті, де метркесіне де, азан шақырып қойған аты Мәнсия орнына, Мәншүк деп жазылды. Мәншүк 3 жасқа толғанда, әкесінің Саратов қаласында тұратын немере інісі Ахмет пен келіні Әмина Мәметовтар келгенде, томпаңдап жүрген кішкене томпақ Мәншүкке көздері түсіп, Ахмет қолқалап сұрайды, келіншегі Әмина бала көтермей жүрген болатын. Ол кезде ауылдың жағдайы қалаға қарағанда нашар еді, жалақы дегеннің не екеніy білмейді, үлкендерді айтпағанда балалардың өздері ашқұрсақ болып жүретін, әрі Ахмет қызыңды оқытып адам қылам дегесін, уәдесін алып, ант-су ішкізіп Мәншүкті қимаса да беріп жібереді. Әкесі дұрыс істеген болатын, 1932 жылы аштық кезінде Жиенғали мен Тойылша Мәметовтар миллиондаған қазақтың бірі болып аштықтан өлді.

Мәншүкті бауырына басқан Ахмет отбасымен сол кездегі астана Алматыға қоныс аударып, 1931-1938 жылдары тұрды. Ахмет жоғары білімді дәрігер, Әмина әдебиет пәнінің мұғалім-әдіскер болатын, Мәншүк №28 мектепте үздік оқыды. Сталиндік репрессия да бұл шаңырақты шайқалтты, Ахмет «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып атылып кетті. Сол жылы мектеп бітіріп, мединститутқа түсемін деген арманы іске аспай Мәншүк рабфакта екі жыл оқыды. Рабфакті бітірісімен Қазақ ССР-нің Халық комиссарлар кеңесінде хатшы болып істеп жатақханада тұруға мәжбүр болды, себебі Ахмет «халық жауы» болып атылып кеткесін, Әмина өзгеріп кеткен болатын. Мәншүк комсомол қатарына өтіп, мединститутқа оқуға түсті.

1941 жылы соғыс басталғанда Мәншүк әскери комиссариаттың есігін тоздырып майданға сұранумен болды. Сол кезде, «халық жауларының» балалары соғысқа өз еркімен баратын болса, ата-анасына тағылған айып алынып тасталады деген ауызша сөз тараған болатын. Мәншүк мединституттың 2-курсында оқып жүргенде, жоғары жаққа өтінішті жазумен болды, ақыры өтініші қанағаттандырылды.

1942 жылдың 13 тамызында Алматыда жасақталып жатқан №100 атқыштар бригадасының штабына писарь-хатшы болып екі қазақ қызы Мәншүк Мәметова мен Мәрзия Сарлыбаева алынды. Бригададағы 4890 адамның басым көпшілігі қазақтар болды, солардың бірі кейін жазушы болған Әзілхан Нұршайықов еді. Штабта Мәншүк көп болған жоқ, мединституттың 2-курсын бітіргендіктен дала госпиталіне медбике болып ауыстырылды.

Бірде, шайқас кезінде жаралы жауынгердің жарақатын байлап жатқанда, фашистер келіп қалғанын байқаған Мәншүк пулеметтен оқ жаудырып, жаралыны аман алып келгенін көрген бригаданың саяси жетекшісі, подполковник Сақтаған Бәйішов Мәншүкті қысқамерзімді пулеметшілер курсына жібереді. Курстан келгесін сержант Мәметова пулемет расчетінің командирі болып, қарамағында оқ тасымалдаушы және оқтаушы көмекшісі болады. Екі көмекшесінен артық емеспін деп, пулеметті бөлшектеп жорыққа шыққанда 120 кг тиісті жүкті 3-ке бөліп, 40 кг жүкті қыз болса да, арқалап жүрді. Батальонның комсоргі болып саяси жағынан да белсенді болып, қатарларын ақжарқын мінезімен баурап алатын. Бригадада қазақ жігіттері көп болғандықтан, Нүркен Құсайыновты ұнатып кездесіп жүрді, екі жас бір-бірін сүйгендіктен, соғыс аяқталғанша үйленбей жүреміз деп уәделескен болатын.

1943 жылдың 15 қазанында Псков облысының Невель қаласының түбіндегі Изочи станциясы үшін кескілескен шайқас басталады. Аға сержант М.Мәметова бекінген биіктікті басып алмақшы болған жау үсті-үстіне шабуылға шыққанмен ала алмағасын, минометпен снаряд жаудырады, жердің астан-кестені шығады, басына снаряд жарықшағы тиіп есінен айырылып қалған Мәншүк есін жинағанда екі көмекшісінен айырылып қалғанын көріп пулеметпен жақындап қалған жауға оқ жаудырды. Гранат лақтыратындай жақындап қалған фашистер гранат лақтырып пулеметтің үнін өшіреді. Алайда, гранат Мәншүктің оң аяғының сүйегін жұлып кеткен болатын, дереу белбеуімен байлап, қанын тоқтатып алғасын қайтадан пулеметтен оқ жаудырды, бұл оның соңғы сәті еді. Совет солдаттары көмекке келгенде, Мәншүктің екі қолы пулемет гашеткасына жабысып қарысып қалған болатын, әрең ажыратып жансыз денесін плащқа салып, маңайында 72 фашистің жайрап жатқанын көрді. Осы шайқаста сүйген жігіті Нүркен Құсайынов та ерлікпен шайқасып қаза табады, барлығын Невель қаласында үлкен ор қазылып бірге көмеді, кейін ол жерге бауырластар зираты салынып, Мәншүкке ескерткіш орнатылады. Осы соңғы шайқастан соң, бір аптадан соң 23 қазанда Мәншүк 21 жасқа толған болатын. Осы ерлігі үшін Мәншүкті Совет Одағы батыры атағына ұсынылғанмен, екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен мараппатайды. Бұл әділетсіздікке шыдамаған Совет Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин: «Өз кеудемдегі батыр жұлдызымды берсем де, Мәншүке батыр атағын бергізбей қоймаймын» деп, СССР Жоғары Кеңес төрағасы М.И.Калининге дейін шағым жазады. Ақыры, аға сержант М.Мәметоваға Совет Одағының батыры атағы берілгендігі туралы Жарлыққа 1944 жылдың 1 наурызында, «бүкілодақтық староста» атанған М.Калинин қол қойды.

Кезінде ақын Мәриям Хакімжанова «Мәншүк» поэмасын жазды, кинорежиссер Мәжит Бегалин Андрей Кончаловскийдің сценарийі бойынша «Мәншүк туралы ән» киносын түсірді, А.Кончаловскийдің сол кездегі әйелі Наталья Арынбасарова Мәншүктің ролін сәтті сомдады. Алматы мен Оралда Мәншүкке арнап ескерткіш орнатылды. Шығыс халықтары ішінен қазақтың екі қызына ғана, Мәншүкке 20 жасында, Әлияға 19 жасында қаза тапқаннан кейін Совет Одағының батыры атағы берілді.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: