Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкімдердің әлі келмейтін жұмыс

31.03.2022, 13:00 747

Қызылорда қаласында ешқандай әкім  орнынан қозғай алмайтын мал базары бар. 2006 жылдан бері басшылықтың өзі көшіруге ыңғай танытқанымен, бұл әлі күнге дейін мүмкін емес болып отыр. Иә, КБИ мөлтек ауданында орналасқан «Бұлан» мал базарын қаланың шетіне көшіру туралы әңгіменің қозғалғанына 10 жылдан асып барады. Бір кездері мал базарының ветеринариялық-сани­тариялық нормаларға сай еместігі анықталып, уақытша жабылуы керек те болған. Бірақ, базар жұмысын бір күнде тоқтатпаған. Бұл туралы редакция­мызға арнайы келген «Сұңқар КО» ЖШС-на қарасты мамандандырылған мал  база­рының директоры Машрап Мусаев толы­ғырақ айтып берді.

– 2006 жылы қаланың экс-әкімі Айтбай  Көшербаев сол уақыттан осы кезге де­йін жұмыс істеп тұрған «Бұлан» ЖШС-не қарас­ты мал базары қаланың ортасы болып кеткенін, қала аумағы ұлғаятынын, иесі мал базардың орнын қозғалтқысы жоқ екенін, жаңадан мал базары салынса, мал сою орны да болуы қажет екенін айтты. Содан 3 жігіт барлық дүние-мүлкімізді кепіл­дікке қойып, несие алып, жаңа мал базарын салдық. 2009 жылы қала әкімі ауыс­ты, жаңа әкім Мұрат Ергешбаев (қазір Сырда­рия ауданының әкімі – ред.) «ешқандай уәде бергенім жоқ» деп шығарып салды. Әрі жүгірдік, бері жүгірдік, болмады. Несие­ні осы уақытқа дейін төлеп жатырмыз. Одан кейін қала әкімі Мархабат Жайымбетовтың (қазір облыс әкімінің орынбасары – ред.) кезінде комиссияның қатысуымен әр базарға санат беру басталды. «Бұлан» мал базарына III санат берді. Оны прокуратура тексеріп, мұндай санатқа сай келмейтінін анықтады, санатын алып тастады. Сонда да мал базары жұмыс  істей  берді, – дейді ол.

Арада 12 жыл өтсе де, мұны аппарат мәжілістерінің бірінде қаланың экс-әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың сөзі қуаттайды. «Кәсіпкердің алдынан өтіңдер, қаланың сырт жағына көшірсін. Оның бұл кәсібін ешкім тартып алайын деп жатқан жоқ. Ал, егер ол талапқа көнбей ме, ендеше басқа кәсіпкер табыңдар. Әрине, кәсіппен айналысқан дұрыс. Бірақ ол ақша тапсын деп қарапайым халық қиналуы керек  емес  ғой»  деген  болатын.

Аймағымызда 1-10 наурыз аралығында «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оған қалалық полиция басқармасының 200-ден аса қызметкері жұмылдырылып, қала аумағындағы  елді мекендер мен мал базары тексеріліп, заңсыз әрекеттер әшкереленген. Іс-шараның мақсаты – қала төңірегіндегі төрт түлікті заңсыз тасымалдау дерегін, мал соятын павильондар, ет сататын сау­да орындарының арнайы сертификатталғанын анықтау. Бұл іс-шара өз жемісін берді деуге болады, бірақ мал базарының жұмысына қатыс­ты шешілетіндей ештеңе айтылмады. Себеп те бар, өйткені кәсіпкерге кедергі келтіруге болмай­ды…

Көпке дейін мал базары түнгі режимде жұмыс істеп келді. Кейінгі жылдары ғана күндізге ауыс­ты.  «Мал  базарында  ұрлық  малдар сатылады»  деген әңгіме ел ішінде бар. Базар орналасқан мөлтек  аудан тұрғындары әр жылдары әкімдікке мал базарын басқа жаққа ауыстыру туралы арыз жазып  келеді. Бірақ, оған құлақ асқан әкім жоқ.

«Халық» газетінің 2018 жылғы №51 (955) санын­да «Әкімнің сөзі әркімнің сөзі ме?» деген тақырыпта мақала жариялаған болатынбыз. Онда сол кездегі шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев­тың тапсырмасына жауаптылардың «қыңқ» етпе­гені  туралы жаздық. Аппарат мәжілістерінің бірінде ашуға мінген экс-әкім «Осымен екі жыл болды, мал базарын қаланың сырт жағына көшіру айтылып  келе  жатыр.  Алайда  нәтиже  жоқ…» деген  еді. Демек, бұл мәселе 2006 жылдан  бері  өзекті  болып  саналады. Талай әкім түйінін тарқата  алма­ған  мәселе  күйінде  қалып  отыр.

Олай деуімізге себеп көп. Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың (сол уақыттағы әкім – ред.) төр­ағалығымен 2018 жылғы 11 қыркүйектегі «Қызыл­орда облысының әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомс­твоаралық комиссиясы отырысының» №13-08/6842 хаттамалық тапсырмасына сәйкес, сол жылдың 19 қазанында қала әкімінің №1767/Ө өкімімен жұмысшы тобы құрылып, «Бұлан» мал базарын қала сыртына көшіру және жұмыс істеу режимін ретке келтіру жөнінде мәселе қарастырылған. Бірақ, бұдан да нәтиже жоқ екенін көріп отырмыз.

«Сұңқар КО» ЖШС-не өндірістік объектісіне есептік нөмір беру туралы растау куәлігі 2017 жылдың 11 желтоқсанында берілген. Онда «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрінің 2015 жылғы 23 қаңтар №7-1/37 бұйрығымен бекітілген жануарлар өсіруді, жануар­ларды, жануар­лардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік нөмір беру ережесіне сай берілді» делінген.

– ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің есептік нөмір беру куәлігін біз алдық. Сол бойынша жұмыс істейміз. «Бұлан» ЖШС-на қарасты мал базары бұйрықты орындап жатқан жоқ. Министрлік бұйрық­ты тек қағазға жазып ғана қоймайтын шығар, орындалуын қадағалайтын мекеме болуы керек емес пе?!, – дейді «Сұңқар КО» мал базарының директоры  Машрап  Мусаев.

«Сұңқар КО» мамандандырылған мал база­ры­ның орналасқан жері, жалпы жұмысы барлық талап­қа сай ма?» деген сұраққа ҚР АШМ ВБжҚК Қызылорда қалалық аумақтық инспекциясы «Мал базары Қызылорда қаласының шығыс беткейінде орналасқан. Мал базарға 2015 жылы 26 маусымда №KZN.08/K-0699 санды есептік номер берілгенімен, бүгінгі таңға дейін жұмыс істемеген» деп жауап  берді.

2014  жылы   ҚР АШМ ВБжҚК Қызылорда қала­лық аумақтық  инспекциясы «Сұңқар КО»  мал базарына мынадай қорытынды  берген.  Онда «…Мал  базары тегіс, құрғақ, тасқынды су бас­пай­тын  аумақта орналасқан. Қызылорда қаласынан 3 кило­метр, жалпы мемлекеттік маңызы бар автомобиль жолынан 800 метр, теміржолдан 1300 метр қашықтықта орналасқан. Кіреберіс, ішкі  жолдары  асфальттанған…» дей келе, ҚР  Ветеринария  тура­лы  заңы  мен ҚР Үкіметінің №1439 қаулысына  сәйкес жұмыс істеуге ұсыныс айтқан. Бір қызығы, «Мал базарлары ҚР Ветеринария тура­лы заңы  мен ҚР Үкіметінің №1439 қау­лысына  сәйкес  жұмыс  істей ме?»  деген  сұрағымызға ҚР  АШМ  ВБжҚК  Қызылорда  қалалық   аумақтық инспекциясы     «ҚР Үкіметінің №1439 қаулысы ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы №37 қаулысымен күші жойылған» деп жауап беріпті. Сонда…

Жаңадан ашылып жатқан мамандандырылған мал базарына сол кездегі басшысы С.Керимов бірдейлендіру кодын және мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды тіркеу нөмірін алуға және есептік нөмір, ветеринариялық қорытынды беру үшін ҚР АШМ ВБжҚК Қызылорда қалалық аумақ­тық инспекциясына бірнеше рет хат жазған.

2014 жылы Қызылорда қалалық аумақтық инспекци­ясының сол кездегі басшысы Б.Пір­манов қала әкіміне «Бұлан» ЖШС мал базары тура­лы  былайша  баяндайды.

«Қызылорда қаласы КБИ мөлтек ауданында «Бұлан» мал базары орналасқан. Қала әкімдігінің 1992 жылғы №821 шешіміне сәйкес, базар сол жылдан бастап жұмыс істейді» дей келе, түнде жұмыс істейтінін (қазір күндіз жұмыс істейді – ред.), қолайсыздығына байланысты қала сыртына көшіруге бірнеше мәрте арыз түскенін хабар­лайды.

– «Бұлан» мал базары Ауыл шаруашылығы министр­лігінің қаулысына сәйкес жұмыс істеуі керек. Ол 2012 жылғы №1439 қаулымен жұмыс істеп келеді, 2018 жылы ҚР АШМ ВБжҚК Қызылорда қалалық аумақтық инспекциясы арыз береді, онда талаптар өзгереді, бәрі электронды түрде болуы керек делінген. Бұл базар оны орындайын десе, қаланың ортасында қалып қойған, арғы жағына көпқабатты үйлер, жеке үйлер салынған. Бұл уақытта мал базары басшылығы сотқа «Бұл – мал базары емес, жеке тұлғаға жалға беріп отырған жер» деген секілді жауап берген. Жоғарғы сот Қызылорда қалалық аумақтық инспекциясының талабы ішінара дұрыс деп шешім шығарады. Одан соң Қызылорда қаласының әкімдігі арызды тоқтатып тастайды. Соттың бәріне инспекцияның мамандары қатысқан, қалалық әкімшілік өзінің заңгері бола тұра сот отырысына жібермеген. Қазіргі уақытта «Бұлан» мал базарына әкімдер не орынбасарлары кіріп көрген емес. Онда ешқандай жағдай жасалмаған, – дейді «Сұңқар КО» мал базарының директоры Машрап Мусаев.

Жалпы, мал базарының санитариялық-ветеринариялық талаптарға сай еместігі анықталып, жұмысын уақытша тоқтатуға шешім де шыққан.

Онда «…ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 14 қарашадағы №1439 қаулысымен бекітілген «Жануарларды өсіруді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне қойылатын ветеринариялық (вете­ринариялық-санитариялық) талаптарды бекіту туралы» қаулысына сәйкес, «Бұлан» мал базары ветеринариялық-санитарлық талаптарға сай келмейтіндігін негізге ала отырып, мал базардың жұмы­сын уақытша тоқтатуға шешім шығаруыңыз­ды сұраймын» делінген Қызылорда қалалық аумақ­тық инспекциясының сол кездегі  басшысы  Б.Пірмановтың  қолы  қойылып.

– Осы күні «Сұңқар КО» мал базары Қызылорда қаласы бойынша электронды есептік нөмір алдық. Ал, «Бұлан» мал базары заңды белден басып отыр. ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша Ақтөбе, Атырау, Түркістан, т.б. қалалары мал базарын қала сыртына көшірді. Ал, Қызылорданың мал базарына ешкімнің әлі  келмейтін секілді, – дейді Машрап Мусаев.

Осы орайда біз Қызылорда облысы бойынша ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақ­тық  инспек­циясына  арнайы  хат  жолдадық.

«Бұлан» және «Сұңқар КО» мал базарлары Ауыл шаруашылығы министрлігінің «ЕАСУ» web-порталында тіркелген бе?» деген сұрағымызға мынадай жауап алдық.

– «Сұңқар  КО»  мамандандырылған мал   базары ҚР Ауыл  шаруашылығы  министрінің  2015  жыл­ғы 23 қаңтардағы №7-1/37 бұйрығына сәйкес, 2015 жыл­ғы 26 маусымда №KZN.08/K-0699 санды есептік номер беріліп, ҚР АШМ-ның «ЕАСУ» web-порталында  тіркелген,  «Бұлан»  мал  базары  тіркелмеген.

«Бұлан» мал базары 29.12.2004 жылы ҚР «0053» бірдейлендіру кодын алған, бүгінде әр аптаның сейсенбі күні таңғы сағат 09:00-ден 18:00-ге де­йін жұмыс істейді. Қазіргі уақытта «Бұлан» мал базары объектісінің ветеринариялық-сани­тариялық талап­тары ҚР АШМ-ның 2015 жылғы 29 мамырындағы №7-1/498 «Жануарларды өсіруді, өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитария­лық)  талаптар»  қағидасымен  реттеледі.

– 2020 жылы инспекцияға берілген құзырет шегінде бақылау шаралары «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауларды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Қазақстан Республикасы президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына байланысты кәсіпкерлік субъектілеріне тексерулер жүргізілмей отырғандығын хабардар етеміз, – дейді хатқа жауап берген ҚР АШМ ВБжҚК Қызылорда қалалық аумақтық инспекциясының мамандары.

Бұл – әкімдердің әлі келмейтін жұмыс. Мал базарын қала сыртына көшіруді айтамыз. Әр жылдары облысты, қаланы басқарған әкімдердің қолынан келмеген соң осылай деуге негіз бар секілді. Тұрғындарға «мал базардың иесі кім, құжаттары заңды ма?» деген секілді сұрақтар маңызды емес. Оларға  жайлы  өмір болса болды. Ал, «Сұңқар КО» мал базарының иесі Машрап Мусаев «Бұл жайт президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құлағына жетсе екен. Әйтпесе, бармаған жерім, баспаған тауым жоқ» дейді. Мал базары ғимараты пайдаланылмағандықтан ескіре береді. Ойланғанға ол да мәселе.

Рыскелді ЖАХМАН

Суретте:  «Сұңқар КО»  ЖШС-ның  мал  базары

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: