Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қант жоқ болса…

25.03.2022, 11:20 380

Әлеуметтік желіде халықтың қант­қа таласып, бірін-бірі таптап, өлтіруге аз қалған түрлі видеоны көруге болады. Мұндай сұмдық – өзге өлсе де, өзім тірі қалсам деген соқыр сезімнің күші, аштықтағы табиғаттың қатыбас заңы. Бұл да бір індет сияқты бәле. Дегенмен қантқа қырылып не көрінді дейін десек,  бұрынғы ата-бабамыздың кешкен күні кино лентасындай көз алдымыздан өтеді. Осыдан 90 жыл бұрын қазақты жоқ қылуға сәл қалған нәубет-ашаршылықты білмейтін қазақ  жоқ  шығар,  сірә?

– Аймақтар мен сауда желілері одағының мәліметіне сүйенсек, тұрақ­тылық қорларында тұрғындар сұра­нысын  қанағаттандыру  үшін қанттың 3  айлық  қоры жасақталған, – делінген министрлік  хабарламасында.

Бұны естіген халық «Қазақстанда қант қоры үш айға жетеді» деп шу шығарды. Ал, кәсіпкерлер бағаны әп-сәтте шарықтатып жіберді. Бір дүкен қанттың келісін 450 теңге десе, екіншісі 600 теңгеге саудалаған. Қысқасы, ойына келген бағаны қойды. Сонда да қант сөрелері бос қалды. Тіпті ірі сауда орындарында адам басы­на 3-4 килограммнан сатуға мәжбүр болыпты. Мұның бәрі министрдің ақпаратты дұрыс жеткі­зе алмағанынан бүкіл елдің дүрбелеңге түсуіне негіз болды. Себебі халықты қазір әлеумет­тік  мәселе  қатты  алаңдатып  отыр.

Десе де, «Жаңа Қазақстан» құрылуы үшін елдің талап-тілегі маңызды болуы керек. Кешегі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында халықтың жай-күйі талдауға түспеді. «Аш бала тоқ баламен ойнамайтынының» көрінісі көрсетілді. Иә, өзекті мәселелер өрнегі қалыптасты. Алайда саясатқа бел шешіп кірісу үшін тұрақты жұмыс пен үйің, жейтін наның мен ішер суың болуы керек шығар.

Соңғы кездері қоғамдағы өткір мәселе қант болып отыр. «Қант болмаса, өліп қалған адам жоқ» деген үлкен-кішінің сөзін естідік. Олай болса, мамандар бұл туралы не дейді? Қант мүлде жоқ болса… адам ағзасында нендей өзгерістер  болуы  мүмкін? Бұл  туралы  білікті  маман  өз  пікірін  айтты.

– Қанттың органимге негізгі пайдасы – энергия   көзі. Тікелей  қант түрінде организмге түс­песе де көмірсулар қантқа айналады. Сол арқылы ағзаның қажеттілігін қамтамамыз ете аламыз. Яғни таза қант пайдаланбасақ та организм­ге  кері  әсері  болмайды. Ешқандай зияндылық жоқ. Қазіргі кезде құрамында қанты бар, ақырғы өнімі қантқа айналатын да өнімдер көп. Қанттағы глюкозаны басқа өнімдерден алуға болады. Сол  себепті қант жоқ болса да, адам баласына ешбір  қауіп жоқ, – дейді  дәрігер-эндокринолог Гүлжан  Абсатова.

Міне, байбалам салуға ешбір негіз жоқ екен. Оның үстіне министр де ақталып әлек. Сөзінше, елде 90 мың тонна қант қоры бар. Тұрақтандыру қорларында, сауда орындарында, қоймаларда – 38,2 мың тонна. Зауыттарда 20 мың тонна дайын қант, сондай-ақ 20 мың тонна  ақ  шикі  қант  бар, ол  қазір  өңделуде.

– Азық-түлік келісімшарт корпорациясын алсақ, 2,5 мың тонна қант бар. Осы қантты өңірлерге бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстанның 31 тамызға дейін 250 мың тонна ақ қант пен шикі қантты бажсыз әкелу құқығы бар. Квоталар қазір бөлініп жатыр. Сыртқы нарықтағы сауда қызметіндегі қатысушылар қантты әкелу жұмыстарын бастап кетті. Жақын арада алып келеді, – дейді Ауыл шаруа­шылығы  министрі  Ербол  Қарашөкеев.

Бір сөзбен бүкіл елдің берекетін қашырғаны даусыз. Сөздің қадір-қасиеті мен жоғарғы лауа­зымды қызметтің маңыздылығын баз біреу­лер енді ғана ұқса керек. Дегенмен қант жоқ болса да, құрты бар қазаққа бұны үлкен мәселе қылу жаһандық арена алдында ұят көрінеді. Қазаққа қазақ қастандық жасап, кәсіпкерлер де біраз пайдаға кенелді. Қит етсе ұрғашы-еркегі де қалмай, тамаққа талас елімізде көбейіп кеткені рас. Аштықты мезгілінен ерте шақырып алмайық. Шибөрі құсап шабуылға шыққанмен нәтиже  жоқ.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: