Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«7 күн, 24 сағат жұмыс істеуге әзірмін»

02.04.2020, 10:41 800

HALYQLINE.KZ Абыр-сабыр, апыр-топыр… Сыр елін­де айналдырған бір күннің өзінде ауқымды саяси өзгерістер болды. Алдымен­ 800 мыңнан астам халықтың бірлігін бекем­деп, татулығын тұрақ­тан­дырып отырған аймақтың №1 креслосы бос қал­ды. Абыройсыздық деген де бар, бірақ кеткен әкімді жамандыққа қимайсың, азаматтың сағы сынбасын деп тілейік. Болар іс болды, ел елеңдеп, аты өшкір індетпен күресіп жатқанда Қызыл­ордада өткелде ат ауыстырды. Мұны әркім өзін­ше пайымдады, түрліше жорамалдады, шыны керек, кейбірі бас­шы­лық қызметке­ әйел жаратылысының келгеніне көңіл толмастық да білдірді. Сөйтіп, облыстың басқару тізгініне жоғары­ қызметтерден көрініп жүрген Сырдың тумасы келді. Ел тарихында облыс­  әкімі болған алғашқы әйел ретін­де­ елеулі есімдер қатарына енері тағы сөзсіз. Тамыры терең, тарихы кенен аймақ­қа әкім болу – үлкен жауапкерші­лік, зор міндет, маңызды қадам. Өзі де Сыр топырағында туып өскен жан үшін туған жері төр ұсынғанда одан асқан бақыт­  сезілмесе  керек.

– Құрметті  сырбойылықтар! Бүгін мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың Жарлығымен Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалдым. Бұл – мен үшін аса мәр­тебелі әрі жауапкершілігі зор міндет. Өзім дүниеге келіп, түлеп ұшқан аймақ халқы ыстық ықыласын білдіріп жатыр. Әлеуметтік желіде де көптеген құттықтаулар келіп түсуде. Ол үшін өңір жұртына алғысым шексіз, – деді аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова әкімдіктің әлеуметтік  желідегі  парақшасында.

Тірліктің қайнап тұрған тұсында орынтақ ауыстырған Г.Наушақызы келген­ сәттен бастап облыс орталығындағы бірқатар нысандардың жұмысымен таныст­ы. Жаһан жұмыла күресіп жатқан «Covid-19» инфекциясының өршуіне­ байланысты іс-қимыл қазіргі таңда ең ауқымды жұмыс екені рас. Сондықтан болар облыс басшысы алдымен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы мен Ұлттық сараптама орталығының өңірдегі филиалының тыныс-тіршілігіне көз жүгіртті.

– Облыстағы емдеу, алдын алу ұйымдарындағы медицина қызметкерлері арасында тиісті сала мамандарының қатысуымен коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша семинарлар өткізілді. Медицина қызметкерлері арасын­да талдаулар алу, күдіктілер мен науқастарды оқшаулау және оларға көмек көрсету бойынша нұсқаулықтар берілді. Сондай-ақ, «Қорқыт Ата» әуежайында және барлық медицина ұйымдарында коронавирус инфекциясы күдігін анықтау үшін оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Аймақтың барлық емдеу мекемелері бірінші типтегі костюмдермен, қорғаныс құралдарымен, соныме­н қатар қажетті дәрі-дәрмек қорымен толық жабдықталған, – деді облыст­ық  денсаулық  сақтау  басқармасы  басшысы  Ж.Әбдусаметов.

Айта кетейік, коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі аймақтық штаб отырыс­ының шешіміне сәйкес, денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен барлығы 100 провизорлық стационар ашылған. Оның 30-ы – облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына, 70-і облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған туберкулезге қарсы санаториясында орналастырылды. Сонымен қатар, карантинге оқшаулау мақсатында облыс бойынша барлығы 850 төсек- орын  дайындалған.

– Әлемнің көптеген мемлекетіне таралып үлгерген коронавируске қарсы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстым. Сала мамандарына облыс тұр­ғындарының денсаулығын қорғау, қауіпсіздігін сақтау тұрғысында нақты тапсыр­малар жүктедім, – деді бұл жөнінде облыс әкімі.

Аймақ экономикасының қарқынды өсу локомативі болып есептелетін өнеркәсіп өндірістері жыл сайын дамып келеді. Қарқынды қимыл-қозғалысы­ бар қала тіршілігі де өз алдына жандануда. Осылардың барлығын аралап, көзбен көріп, баға беруіне болар еді, алайда төтенше жағдай режиміне байланысты ауыл-аймақты аралап жүру қауіп туғызады. Десек те, жаңа әкім  қаланың ғана емес, аудан-ауылда қоныстанған тұрғындардың да тіршілігіне алаңдаулы.­

– Мемлекет басшысы жақында ғана облыс әкімдеріне Төтенше жағдайға байланысты заманауи форматта жұмыс істеу жөнінде тапсырма берді. Халықпен тығыз байланыста болу үшін жан-жақты технологиялық мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды. Сондықтан облыс әкімдігі де осы үрдісті ұстанатын болады. «Халық үніне құлақ асатын үкімет» қағидасына сай аймақ жұртшылығының арыз-шағымы онлайн қабылданады. Алдағы уақытта облыс кәсіп­керлері, ардагерлері, іскер әйелдері, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері, оның ішінде үкіметтік емес ұйым өкілдері мен блогерлер және жастармен кездесуді жоспарлап отырмын. Жиындар онлайн түрде өтеді. Электронды байланыс тәртібіне қала және аудан әкімдері де көшуі тиіс. Уақытпен санаспай, аптасына­ 7 күн тынбай жұмыла тірлік етуге даярмын, – деді Қызылорда облысының әкімі.

Қасиетті Сыр елін басқарған 8 әкім де – ер адам. Тоғызыншы ауыс-түйіс нәзікжандыға бұйырды. Бұған дейін осы қызметте отырған азаматтардың атқарған­ жұмысы да ауқымды, тындырған шаруасы да мардымды көрінетін. Бірі ұзақ уақыт басқарып, өзінің іскерлік қабілетін көрсетсе, кейбіріне бұл мүмкіндіктің мерейлі мезеті бұйырмағаны өкінішті. Апта басында өзінің төрағалы­ғымен жедел штаб отырысында жаңа әкімге аймақтағы кей жұмыстардың  жүйесі  ұнамайтынын  аңғардық.

– Бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарға көңілім толмайды. Өйткені жұмыстар жүйесіз жүріп жатқан сияқты. ҚР Президенті әкімшілігі басшысының тапсырмасына сәйкес бүгіннен бастап коронавирус індетінің алдын алу бойынша жедел штабты өзім басқарамын. Сондықтан облыс әкімінің аппараты, қала және аудан әкімдері, сіздерге төтенше  жағдай  мерзімінде  тәулі­гіне 24 сағат жұмыс екенін ескерткім келеді. Әріптестер, жағдайды біз әлі толық түсінбей отырмыз. Сондықтан мұны мойындау керек. Телефон қосулы болып­, жедел әрекетке дайын болыңыздар! Бүгіннен бастап тосқауыл бекеттерін қоюды барлық аудан әкімдері жүргізуі тиіс. Қызылорда қаласында коронавирус­ инфекциясымен тіркелген науқастардың көбеюіне байланысты қала әкімдігіне 200 млн теңге қаржы бөлу мүмкіндігін қарастырсын, – деді облыс әкімі.

Қазақ «абырой бер» деп тілеп, «бәле-жаладан сақта» деп сыйынады. «Кеткен­ әкімнің жақсысы жоқ, келген әкімнің жаманы жоқ». Бастысы, ағысқа қарай ығысып емес, қарсы жүзе отырып, жұмысты жалғастыру. Шыны керек, дәл қазір облыстың экономикалық ахуалы бөрік ішіндегі жарылған бас пен жең ішіндегі сынған қол іспетті күйде. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейгенімен,­ өндіріс орындарының өнімдері күн санап кеміп жатыр. мұнайдың өзі мол мөлшерде суланып, экономиканың табанды тіреуі қатарынан шығып қалды. Шыны зауытының да шикілігі бар. Пайдалануға беріледі дегеніне де үш-төрт жылдан астам уақыт өтсе де, түрлі қиындықтар мен кедергілер осы зауыттың төңірегінен алыстаған жоқ. Құрылысы басталғалы аймаққа үшінші әкім жетекшіл­ік етуде. Сырдың сол қанатынан салынған жаңа қаланың да құрылысы аяқталған жоқ. Істеген істі өнімді етіп көрсетіп, ел алдында қадіріңді көтеретін кадр мәселесіне мықты талап керек. Әйтпесе, бұдан кейін келетін әкімнің де көңілі «ашықса» ұят болары анық. Осылай дей отырып, серпінді даму тарихының парағын сәтті жалғастыруды жаңа әкімге жүктейміз. Оң нәтижелі жұмыс, абыройлы тірлікті жалғастырады деген сенім білдіреміз. Ал сіз не күтесіз?

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: