Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абдыраған аграрлы аймақ

24.02.2022, 10:30 526

Жан-жағына жәутеңдеген жұрт Үкіметтен үмітін үзбей келеді. Егінмен егіз Қызылорда облысының шару­алары да биыл шарасыз қалып отыр. Сырдария суының  тым  тартылып кетуі егіске тегіс кесірлі болмақ. Аймақ басшысы Г.Әбді­қалықова мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қабылдауына осы мәселені де ала барыпты. Орынды. Мәселені мезетінде қолға алмаса, қолымызды кеш сермеп те қалуымыз ғажап емес. Аграрлы аймақ абдырап  қалмаса  дейміз.

«Не айтты екен?» деген сауал көптің көкейінде екені рас. «Атқамінерлердің аузына қарап отырғанда уақыттан да ұтылып қалмаймыз ба?» деп те шаруалар сары­уайымның шырмауынан шыға  алмай отыр. Президент қабылдауында облыс әкімі алдымен былтыр атқарған шаруалары турасында есеп берді. Оның айтуынша, об­лыстағы экономиканың не­гіз­гі көрсет­кіштері сана­латын  өндіріс­тік  өнім кө­лемі – 0,8 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 14,5 пайызға, жеке инвестиция – 11,7 па­йызға, сауда – 2,4 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй – 8,6  пайызға,  ал ауыл шаруашылығы өнімінің кө­лемі 0,3 пайызға артқан. Өңірде индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында былтыр құны 45,2 миллиард теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылып, 456 жұмыс орны ашылған. Көрсеткіштер көз қуантарлықтай, десек те экономиканың шаруасы шат­қаяқтап тұрғанын жасыру мүмкін емес. Бізге құр есепті емес, нақты нәтижелерді мақтан  қылатын уақыт келді.

Сондай-ақ, кездесу барысында облыс экономикасына тікелей әсер ететін негізгі проблемалық мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Сырдария өзені деңгейінің күрт төмен­деуі, тауарлық газдың көтерме бағасы, тасымалдау тари­фі­нің шығындары мен жергі­лікті газ үлесін арттыру және агроқұрылымдардағы жер дауы мәселелері туралы баян­далды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысында атқарылып жатқан жұмыстарды саралай келе, Үкіметпен бірлесіп түйткілді мәселелерді шешу және қолға алынған жобаларды одан әрі жалғастыру жөнінде тапсырма берді. Мәселе патшаның құлағына тисе, аймақтың айы оңынан туып қалар  деген  дәме  зор.

Сырдарияны сақтап қалу мақсатында қазір жүйелі жұмыстар басталды деген мәліметтер бар. Экология вице-министрі Серік Қожаниязов Душанбеде жұмыс сапары барысында Тәжікстан Республикасы Энергетика және су ресурс­тары министрінің орын­басары Шоимзода Джамшед Шодимен кездесу өткізді. Тараптар Сырдария өзені бассейніндегі қалыптасқан су шаруашылығы жағдайын талқылап, «Бахри Точик» су қоймасының 2021-2022 жылдардағы вегетацияаралық және 2022 жылғы вегетациялық кезеңдегі жұмыс режимін келісу бойынша келіссөздер жүргізді. Енді Қазақстан тарапы 2022 жылдың вегетациялық кезеңінде былтырғыдай «Бахри Точи» су қоймасынан қосымша су жіберу жүзеге асырылатын болады деген уағдаластыққа қол жеткізді. Бұйыртса, бұл өз кезегінде Түркістан және Қызылорда облыстарының фермерлерін су аз болған жағдайда суармалы сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді дейді. Кесімді келіссөз болса, ла­йым  оңынан  шешілсін.

Ә.КЕНЖЕ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: