Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмыспен қамту саласына өзгертулер енгізілді

22.02.2022, 17:10 319

HALYQLINE.KZ Қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы мен әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру ережелеріне өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту мен қайтарымсыз гранттар беру қағидалары қайта бекітілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова мәлімдеді.

«Қоғамдық жұмыстардың жалақысы 61260 теңгеге артты. Қатысу мерзімі 12 ай, тіркеуде тұрған барлық жұмыссыздар қатыса алады. Жұмыс беруші қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға екі жылда бір рет қатысады.

«Жастар практикасы» жобасының төлемі 91890 теңгеге дейін көбейіп, қатысу мерзімі 6-12 айға дейін ұлғайды. Бұл жобаға 29 жасқа толмаған, соңғы 3 жылда жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарын бітірген және еңбек өтілі жоқ түлектердің қатысуға мүмкіндігі бар. Ал, әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру жобасы жалақыны 35 пайызын субсидиялау арқылы жүзеге асырылады, субсидияның мөлшері 61260 теңгеге дейін артты. Сонымен қатар, биылғы жаңалық – жұмыс беруші қоғамдық жұмысқа өтінімді тиісті құжаттарды толтырып, электронды түрде электрондық еңбек биржасы арқылы береді», – деді Г.Қалмақова.

Жобалардың тағы бірі – «Алғашқы жұмыс орны». Онда 29 жасқа толмаған, жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастарға оқыған мамандығына сәйкес ұйымдастырылады. Жұмыс беруші жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыссызды кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыруға міндетті.

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған және 29 жасқа толмаған білім беру ұйымдары түлектері қатысады, жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан адамға зейнеткерлік жасқа жетуге кемінде 6 ай қалған тәлімгер тағайындалады. Жұмыс беруші жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыссызды Еңбек кодексінің 38-бабына сәйкес тәлімгердің бос жұмыс орнына немесе басқа бос орынға ауыстыруға міндетті.

Биылғы жылдан бастап зейнеталды жастағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске қосылды. Бұл жоба зейнетке шығуына екі жыл мерзімі қалған жұмыссыздарды орналастыруды көздейді, жалақының 50 пайызы мемлекеттен субсидияланады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: