Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдариядағы су тапшылығы талқыланды

07.02.2022, 9:15 574

HALYQLINE.KZ Сыр өңірі трансшекаралық Сырдария өзенінің ең төменгі ағысында орналасқандықтан жоғарыдан келетін судың көлеміне тікелей тәуелді. Өткен жылы облыста болған суармалы су тапшылығы салдарынан қажетті су көлемі жеткілікті деңгейде болмай бірқатар қиындықтар туындады. Дегенмен, биыл да судың деңгейі төмендей түспек.

Көктемгі дала жұмыстары мен егін егу науқанын бастар алдында егісті суармалы сумен қамтамасыз етудің жағдайын пысықтап, алдағы жоспарларды талқылау үшін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 2022 жылдың вегетациялық кезеңіне және көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы кеңейтілген жиын өткізді.

Жиынға Сыр өңіріне арнайы іссапармен келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, «Қазсушар» республикалық коммуналдық кәсіпорынның бас директоры Алтай Елжасов қатысты. Сонымен қатар, онлайн форматта жиналысқа мемлекеттік мекемелер мен су шаруашылығы, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, «Қазгидромет» бас директорының орынбасары Серік Сайыров және қала, аудан әкімдері мен олардың салаға жетекшілік ететін орынбасарлары қатысты.

Аймақ басшысы вегетациялық кезеңде суды үнемдеу жолдарын қарап, жедел түрде кешенді шара қабылдау қажеттігін тапсырды.

«Сырдария өзеніндегі су тапшылығы мәселесі тек облыс ғана емес, республика үшін өзекті. Бұл ретте ахуалға қарай әрекет етіп, су арналарын реттеу, каналдарды тазалау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бүгінгі күні Сырдария өзенінің ағысын реттейтін Нарын-Сырдария су қоймаларындағы су көлемі 17 млрд 771 млн текше метрді құрап, өткен жылдан 1 млрд 954 млн текше метрге кем болып отыр. Сондықтан биылғы жылғы суармалы судың жағдайы өткен жылдан да күрделі болмақ. Оның ішінде Жаңақорған ауданы егісін сумен қамтамасыз ету мақсатында Келінтөбе магистралды каналына су деңгейін көтеру және «Қазсушар» кәсіпорны арқылы қажетті насос қондырғыларын сатып алу мәселесін ҚР Экология геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп шешу мәселесін жеделдетуіміз қажет», – деді облыс әкімі.

Басқосуда Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов вегетациялық кезеңде қажетті суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында су шаруашылығының қазіргі жағдайы мен биылғы болжамдары туралы нақты ахуалды баяндады.

Ол Шардара су қоймасында жиналған су көлемі Көксарай су реттегішімен қосқанда өткен жылмен салыстырғанда 1,1 млрд текше метрге азайғанын мәлімдеді. Осыған байланысты, су лимиттерін қайта белгілеу шаралары атқарылуы қажет деп хабарлады.

Ал, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев аяқ су тапшылығы мәселесін ескере отыра, қосымша су көлемі жеткіліксіз болса облыстағы негізгі дақыл – күріш егістік алқабын қысқартуға мәжбүр боламыз деді.

Сондай-ақ, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов салалық министрлікпен бірге су тапшылығын болдырмау мақсатын көздейтін Жол картасы әзірленгенін жеткізді. Яғни, картада суармалы сумен қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жобалар енгізілді.

Өз кезегінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов әріптестеріне жағдай күрделі екенін еске салып, барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Сырдың суына қатысты өзекті мәселе Үкімет басшысының назарында екенін және қазіргі таңда көрші мемлекеттермен белсенді түрде келіссөз жүргізілетінін мәлімдеді.

«Жақын арада Қырғызстан Премьер-Министрінің орынбасары Алматыға келмек. Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Ташкент қаласына барып, келіссөздер жүргізбек. Аяқ су тапшылығы Сыр елінде ғана емес, оңтүстік өңірлердің барлығында орын алды. Нақты жағдайды саралап отыр. Биыл Көксарайға су жинау мүмкіндігі болмайды. Сондықтан су ташлығын алдын алу барлық мүмкіншіліктерін толық пайдалану керек. Жол картасында көзделген жоспарларды орындауға тиіспіз», – деді Серік Қожаниязов.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жауапты мекемелерге көктемгі су алу науқаны басталғанға дейін су шаруашылығы нысандарын жөндеу жұмыстарын 1 сәуірге дейін толық аяқтауды міндеттеді. Облыс аймағына су жеткізу кестесіне сәйкес әр канал бойынша 10 күндік су жеткізу кестесін әзірлеп ұсынуды және 2022 жылы егілетін ауылшаруашылық дақылдарының болжамды егіс көлемінің сызбасын бекіту барысында жалпы егіс көлемін сақтай отырып, қысқартылған күріш дақылының орнына суармалы суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемдерін ұлғайтуды тапсырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне су пайдаланушылардың кооперативін құру мүмкіндігін қарастыру жөнінде тапсырма берді.

«Құрметті әріптестер, бірігіп, жүйелі жұмыс істеп, жедел шара қабылдауымыз керек. Бұл ретте шаруалар түсіністік танытып, суды үнемдеп пайдаланудың технологияларына көшуі керек. Мәселен, қазіргі таңда жоңышқаның бағасы күрішке қарағанда жоғары. Мұны ескере отырға, суды үнемдейтін осы дақылға көңіл бөлсек, алдағы уақытта күріш егістіктерін қайта орналастыру мүмкіндігін қарастыруға болады. Алдағы уақытта арнайы штаб құрып, жұмыс істейтін боламыз. Әрбір 10 күн сайын ахуалға сай әрекет амалдарын жасауға тиіспіз», – деді аймақ басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: