HALYQLINE.KZ Облыс орталығының «Достық үйінде» қызылордалық кітапсүйер қауым «Kitap Qurttary» еріктілер клубының 3 жылдығын атап өтуге жиналды. Кездесуге облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық драма театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хусейін Әмір-Темір, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары мен зиялы қауым өкілдері және шығармашыл жастар қатысты.
Іс-шараны ашқан «Kitap Qurttary» клубының негізін қалаушы Талғат Меңдібаев ұйымның 3 жыл ішінде істеген жұмыстарын таныстырды. Осы уақыт ішінде клуб құрамына түрлі саладағы ерікті азаматтар мен жанашыр тұлғалар жиналып, буккроссинг, кинотайм, косплей-пати, «Кітап сыйла» қайырымдылық іс-шаралар мен интеллектуалдық сайыстар өткізілді. Нәтижесінде кітап клубының аудандарда, жергілікті оқу орындарында филиалдары ашылды. Тіпті, жақында Атырау облысында да өкілдігі құрылмақ.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет жастардың пікірлерін саралай келе, отандық және шетелдік әдебиеттердің өскелең ұрпақтың ой-санасын дамуына зор ықпал ететінін және «Кітап құрттарындағы» интеллектуалды жастардың арасынан жаңа есімдердің шығару қажеттігін айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысының атынан «Сыр – Алаштың анасы» кітабын сыйға тартты.
Ал, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов белсенді жастарға үнемі ізденісте болып, жаңа білім меңгеру арқылы өз-өзіне инвестиция салуға кеңес берді және білім қуу ешбір жаста кеш болмайтынын тілге тиек етті.
Кеш қонақтары кітап клубының аймақтың интеллектуалдық әлеуетін дамытып, креативті жастардың жан-жақты қолдауына қосқан үлесін жоғары бағалап, ізгі тілектерін білдірді және ұйымның қорын бірнеше құнды кітапты сыйға тартты және өздерінің сүйікті шығармалары туралы еркін пікір алмасты. Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Бекзат Ырза бір жылда 72 кітап оқып шығу құпиясымен бөлісті, ал кітапсүйер жас Аян Нұрбай жұмыс уақыты тығыз жағдайда аудиокітап тыңдап, интеллектуалдық көзқарасты кеңейтуге болатынын айтты.
Сондай-ақ, іс-шара барысында қозғалыс белсенділеріне облыс әкімі және облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректорының алғыс хаттары табысталды.
Жиынға келген әрбір мейманға Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» және кәсіпкер Мағжан Ерәлиевтің демеушілігімен жарыққа шыққан «Сыр сандық» жас ақындар шығармалары жинағы сыйға берілді.
Айта кетейік, 3 жыл ішінде «Кітап құрттарының» жұмысымен бұрынғы мемлекет хатшы Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Данияр Есин және ҚР Парламентінің бірқатар депутаттары танысып, жоғары бағалады.
2019 жылы ұйым Қызылорда облысында «Ең үздік жаңа бастама» номинациясымен аймақ басшысының дипломымен марапатталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!