Білім, денсаулық, кеден, ауыл шаруашылығы саласы – жемқорлықтың жанып тұрған салалары санатында. Оны жою жұмыстары кешегі Тоқаевтың кеңесінен басталған жоқ. Ол – әу бастан-ақ жүргізіліп келе жатқан жұмыстардың бірі. Жұмыс жүйелі жүргізілді дегенмен, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жоюдың нәтижелі әрі нақты әдісін тапқан ешкім жоқ. Мүмкін ондай жүйе табылмайды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте жемқорлықтың тамырына балта шабу керектігін алға тартты. Мемлекет жемқорлықтың тамырына балта шапқалы жүргенде, жемқорлық елдің езгісін шығарғалы қашан. Антқа адал, заңға берік деп жүрген соты «сатылатын» мемлекеттен жемқорлық бүгін-ертең жойыла қалар деуге үміт аз.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу құқық қорғау органдарының жұмысынсыз мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған.
— Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын атап өтуге болады. Кейінгі бес жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек, — деді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Қуаңшылықты қаузайтын болсақ, Қызылорда дәл осыдан зардап шегіп отырған өңірлердің қатарында тұр. Арал ауданы қуаңшылық салдарынан 1000-ға жуық мал басынан айырылды. Бірақ, бұл үшін жауап беріп, жауап алып, жалпы жазаланып жатқан ешкімді көрмедік.
Білім мен денсаулық саласында күйіп тұрған жемқорлық көрсеткіштерін жіпке тізгендей санамалауға келмейді. Оған факті көп. Елге айтылғаны бар, айтылмай кабинеттің ішінде қалып қойғандары қаншама. «Сыбырлағанды да құдай естімей ме?» дегендей, көз көрмегенмен, құдай көріп тұрған лас іс-әрекеттердің ерте ме, кеш пе әшкереленетіні анық. Президенттің өзі де бұл салалардағы былыққа қанық секілді. Оны мына сөздерінен байқауға болады.
— Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жемқорлықпен күресуге баса мән беру керек. Жауапты министрліктер осы бағыттар бойынша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Бұл жоспарды бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын, — деді ол.
Әзірленген жоспар жүйелі болып шықса, құба-құп. Жемқорлықтың жүрмейтін жері жоқ. Мемлекеттік сатып алу да «бармақ басты, көз қысты» әрекеттермен шешіледі. Кезінде бұл жүйені де жемқорлыққа жол бермеу үшін, ашық әрі әділ өту үшін құрылды деп көсемсіген едік. Қазекем көк қағазын тықпалаудың әдісін бұл жүйеден де тауып кетті. Осындайда қанға сіңіп қалған «ауру» ма дерсің?! Президент мемлекеттік сатып алуларға беделі бар, тиісті техникасы бар, білікті жұмысшылары бар, салықты уақтылы төлейтін өндірушілер қатысуы керек деп есептейді.
— Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда «Қазавтожол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бары айқын төрт компания жеңіп алған. Ал елімізде аккредитациядан өткен екі мыңнан астам ұйым мен сертификатталған алты мыңнан астам сарапшы бар. Сондықтан халықаралық деңгейдегі компаниялардың мемлекеттік сатып алуларға сирек қатысатынына таңғалуға болмайды, — деді Қ.Тоқаев.
Қай жерде, қай салада да жемқорлықтың иісі шығып тұратын болды. Елдің де осыған бойы үйреніп бара жатыр. Мәселен, дәрігерге көрінген екі пациенттің бірі алақанына тиын-тебенін қыстырып жібереді. Бірақ оны жұрт сыбайлас жемқорлық демейді, «рақметім, алғысым» деп жуып-шаяды. Мектепке мұғалім болып орналасуға тиын дәмету әрекеттеріне тосқауыл қоямыз деп ҚР Білім және ғылым министрлігі педагогті жұмысқа қабылдаудың жаңа бағдарламасын бекітті. Бұл бастаманың да берекесі бар-жоғы әлі белгісіз. Рақметін айтатын ағайындар аман болса, бекітілген бағдарлама да жайына қалуы бек мүмкін. Мемлекеттік мәселелер де осындай кішкентай дүниелерден басталатын білсек, жақсы болар еді. Қара халықтың да санасы тазаруын тезге алу керек.
Әйгерім БОЗАНОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!