Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызын ұрғанның қасиеті жоғалады

18.11.2021, 10:00 726

Бала күнімде қыздарының жанын шырқыратып ұрып-соғып жататын әйелдерді көрдім. «Жаны нәзік, жүрегі жұмсақ жаратылысты неге сабайды екен?» деп ойлайтынмын. Ұрғанымен қоймай, небір адам аузы бармайтын былапыт сөздер де көрші-көлемінің құлағына анық естіледі. Ғалымдардың пайымдауынша, әйелдер психологиясы өте нәзік, кез келген нәрсені жүрекке жақын қабылдайтын, қиындыққа сынғыш келеді екен. Тұрмыстық тіршілік, жолдасымен ұрыс-керіс, әлеуметтік қайшылықтардың барлығының ақысын әйелдер қауымы балаларынан алуға мәжбүр. Өйткені адам табиғатынан өзінен әлсіздерге қол жұмсай алады. Қызын ұрып, айызы қанған әйелдің кейін баласының жүрегіне мәңгі жара салып қоятынын ұға ма екен?

Қазақта «енесі тепкен құлынның еті ауыр­майды» деген сөз бар. Бірақ, бұл баланы ұрып-соғып өсіру деген түйін емес. Баланың санасы – ақ парақ. Ал ұру, дөрекі сөйлеп, қол көтеру әлі жазылмаған параққа қара сияны құя салумен бірдей. Оның ішінде қыз бала – өте сезімтал, әрнәрсеге көңілі құбылып тұратын табиғи жараты­лыс. Жастайынан анасынан таяқ жеп, зәбір көріп бой жеткен қыздың психологиялық жай-күйі дұрыс қалыптаспайды. Анасын жақсы көргенмен, есейіп кетсе де көңіл түкпірінде қалып, өмір бойы маза бермейтін болады. Мұны ғылымда «психологиялық жара­қат» деп атайды екен. Және де қызы ұясынан ұшып, тұрмыс құрғаннан кейін анасынан көргенін балаларына істейді екен. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген тәмсіл  осының  дәлелі.

– Жасым 25-ке таяп қалды. Өзімнен кейінгі сіңлім екеуміз анамыздан таяқ жеп өстік. Бірақ бізден кейінгі балаларды анамның ұрып жатқанын көрген жоқпын. Жұлқылап-жұлқылап, дуалға қарай итеріп жіберетін. Кейде тіпті анамыздан қорыққаннан үйдегі шкаф, сөрелердің арасына тығылып, үн шығармай отырып қалатын кездеріміз де болған. «Кейін бізді неге сонша таяқтың астына алады екен?» деп ойландым. Ол уақытта анамның енесі, яғни әжем өте қатал кісі болған. Оның үстіне әкем де жұмысынан қол үзіп, араққа салынып кеткен кез еді. Соның барлығы анама психологиялық ауыр соққы болып, ақысын бізді ұрып алатындығын ке­йіннен түсіндім, – дейді Жадыра есімді (аты-жөні өз өтініші бойынша өзгертілді)  бойжеткен.

«Таз ашуын тырнау­дан аладының» керін келтірудің  қажеті  жоқ. Әйел­ге қырық жан берген. Тұрмыстың тау­қыметі, отбасылық қиындық, бала-шаға алдындағы жауапкершілік мәселелері әйелдің мойнында. Бірақ, бұл жерде баланың кінәсі жоқ екендігін сезіну керек. «Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығының жетекшісі, «Баланы жазасыз тәрбиеле» кітабының авторы Елжас Ертайұлының мынадай пікірі  бар.

– Ата-ананың өзінің жан дүниесінде тыныш­тық болмағанда не өз проблемалары басынан асып, солардың шешімін таба алмай жүрген кезде көп жағдайда ашуын баласынан алып жатады. Өйткені ең әлсіз бала ғой. Ешқандай қарсылық көрсете алмайды. Ешқандай жауап бере алмайды. Отбасында күйеуі мен әйелдің, әйелі мен ене­сі­нің қарым-қатынасында проблема туса, мұның бәрі ішке жинала бере­ді. Оның зардабын үйдегі балалар шегеді. Негативті ішіне жинап алған ата-ана жарылуға дайын тұрады. Бала қандай да бір әрекет жасаған кезде бірден баладан ашуын алып жатады. Бұл жерде ата-ананың оқымағандығы, сауатсыздығы емес, бала тәрбиесі бойынша білімінің жеткілікті болмауы туралы айтып отырмын. Әке-шешенің бала жанын түсінбеуі, өз баласын жеткілікті танымауы, оның ерекшелігі мен бейімін білмеген соң ол баладан не күту керегін білмеуі көп жағдайда жаза­лауға әкеліп жатады. Баласынан қолынан келмейтін істі күтеді. Бала оны орындай алмаған кезде ата-ана ашуға бейім  тұрады, – дейді  ол.

«Online Psychology Degrees» порталының мәліметіне сүйенсек, дамыған АҚШ-тың өзінде ата-аналар балаларын «сабап алу» арқылы тәртіпке салуды дұрыс көретіні байқалады. Бұл мемлекетте ата-аналардың 72 пайызы «бала ұрғаннан жаман болмайды» деген қағиданы ұстанады екен. АҚШ-тың 19 штатында мектепте оқушыны ұруға заң жүзінде рұқсат етілген. Шамамен 8 мың АҚШ мектебінде оқушыны ұру арқылы жөнге салады екен. Әлемдегі 52 мемлекетте (жер беті халықтарының 34 пайызы) баланы мектепте және түзету мекемесінде ұруға тыйым салынған. Олардың қата­рында Армения, Әзербайжан, Беларусь, Чехия, Түркия, Ұлыбритания бар. Ал 27 мемлекетте (әлем халықтарының 10 пайызы) тек мектепте ұруға болмайды. Бұл мемлекеттердің тізімінде Жапония, Иран, Алжир, Эквадор, БАӘ, Конго республикасы бар. 24 мемлекетте (жер беті халықтарының 6 пайызы) түзеу мекемелерінде баланы физикалық тұрғыда жазалауға болмайды. Бұған Қазақстан, Солтүстік Корея, Панама, Ямайка, Франция сияқ­ты мемлекеттер кіреді. Ангола, Аустралия, Ирак, Тәжікстан, Сирия, Судан, АҚШ, Мексика, Үндістан, Индонезия тәрізді 53 мемлекетте (жер беті халықтарының 39,6 пайызы) баланы ұруға заңмен тыйым салынбаған.

Қызды қырық үйден тыю дегеннің де түп мағынасын түсінбей, ойын-сауық, кештерге барған қыздарын да таяқтың астына ала жөнелетіндер де бар. Қыз болған соң «бәлесі көп оқиғаларға ұрынбасын» деген де жөн. Алайда бала ата-ананың көз алдында өмір бойы отырмайды. Қанаты қатайғаннан кейін ұясынан ұшқанда ой-санасы, түйсігімен өмір сүреді. Мұндайда қазақ «санасына берсін» дейді. Бірақ, баланы оның ішінде қыз баланы ұрып-соғып, түйгіштеп өсіру – өте қате іс. Өз үйі­не қонақ болатын қызды құрметтеп, жақсы тәрбие беріп өсіру әлдеқайда қайырлы  болмақ.

Керім  ҚЫСТАУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: