Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаржыгерлерге құрмет көрсетілді

15.11.2021, 11:20 360

HALYQLINE.KZ​ Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы экономика және қаржы саласының қызметкерлерін «ҚР Ұлттық валютасы – теңге күнімен» тұспа-тұс келетін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Аймақ басшысы қаржыгерлерді Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және сала органдарының 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, облыстың экономикалық серпінді дамуына қосқан ерекше үлесін атап өтті.

– Мемлекеттік маңызды істердің алға басуына республика өңірлерінің, соның ішінде Қызылорда облысының қосқан үлесі зор. Бір ғасырлық кезеңде Сыр өңірінің қаржыгерлік мектебі де қалыптасып, өсіп-өркендеді. Камал Шөкенов, Бименді Баймаханов, Құттықожа Ыдырысов ағаларымыздың есімдері бүгінгі күні өңірдің қаржы тарихына алтын әріппен жазылып қалса, Сейітсұлтан Әйімбетов, Қалқазбек Әжібеков, Дайрабай Ысқақов, Мырзахмет Ауанов, Болатбек Жасақбаев, Майдан Мәселеева, Райхан Ысқақовалар қоғамдық деңгейде белсенді үлес қосуда. Ел экономикасының дамуына аянбай күш-жігерін жұмсап, жауапкершілік жүгін арқалап, адалдықпен еңбек еткен қаржы саласының ардагерлері мен сала мамандарына алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Шара барысында Қызылорда облысы әкімдігі мен облыстық мәслихатының бірлескен шешіміне сәйкес, белгілі экономист-қаржыгер Сейітсұлтан Әйімбетовке «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

Айта кетейік, Сейітсұлтан Сүлейменұлы Әйімбетов 1947 жылы 15 шілдеде Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын ҚазССР Қаржы министрлігінің бақылау-ревизиялық басқармасының бақылаушы-ревизоры ретінде бастап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қаржылық бақылау комитетінің төрағасы, Әділет вице-министрі қызметтерін атқарған. ҚР Парламенті Мәжілісінің IV шақырылымның депутаты болып сайланған. Бірнеше медальдар мен «Құрмет» орденінің кавалері.

Сондай-ақ, аймақ басшысы бірқатар сала қызметкеріне ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Құрмет грамоталары» мен ҚР Қаржы министрлігінің және облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.

Мерекелік іс-шара жергілікті өнер жұлдыздарының концертімен аяқталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: