Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл – ел бесігі», сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы елдегі ағайынға көп демеу болуда. Елбасының пәрменімен жүзеге асырылып келе жатқан бұл жобаның шарапаты мол. Қызылорда облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш жыл ішінде 173 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жалпы, бұл бағдарламада ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер қарастырылған. Атап айтсақ, экономикалық, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымдары мен экологиялық ахуалын жақсартуға жұмыс істейді. Республикалық бөджеттен 90 млрд теңге бөлу көзделсе, оның ішінде өңірімізге 11 млрд теңгеден асатын қаржы бөлініп, ауылдық елді мекендердің еңсе тіктеуіне өз үлесін қосып жатыр.
Өткен жұма күні Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Қызылорда облысына іссапармен келіп, іске асырылған жобалармен танысты. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова министрге мемлекеттік бағдарламалардың өңірде іске асырылуы барысын айтып, жобаның тиімділігіне тоқталды.
Министр алдымен Қызылорда қаласындағы «Бәйтерек» тұрғын ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы аясында 600 орынды қамтитын білім мекемесінің құрылыс жұмысымен танысты. Бұл жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. Мердігер – «Bolashak International Development» ЖШС. Айтпақшы, бұл компания өкілдерінің әлеуметтік нысандарды салуда мол тәжірибесі бар, олар республиканың бірқатар өңірінде мектептер салғанын айта кеткен жөн.
Ал облыс басшысы бұл мектептің құрылысы ерекше бақылауда екенін атап өтті. Себебі қала шекарасының кеңеюі мен демографияның өсуі жаңа «Бәйтерек» шағын ауданын салу қажеттілігін тудырды. Қазіргі таңда осындағы оқушылар басқа шағын ауданда орналасқан мектепке баруға мәжбүр. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, көзінің қарашығы, қолына ілінер талшығына ата-аналардың алаңдауы даусыз. Көкейлеріндегі сан сауалдың жауабын тапқан жаңа мектеп орын тапшылығы мәселесін де шешуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде министр халықты жұмыспен қамту, қажетті мамандарды тарту, әлеуметтік-мәдени нысандарды, тұрғын үй-комммуналдық шаруашылықты, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды салу, күрделі жөндеу және реконструкциялау, абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру негізгі міндеттердің бірі екенін алға тартты. Осылайша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешумен бірге өңірдегі инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасап, сол арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге және өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуде. Жұмыс барысында өзіне жүктелген міндеттерді уақытылы жүргізе алмаған мердігер компаниялардың жауапкершілігі қаралатынын айтып, бөлінген қаржының игерілуіне бақылауды күшейтуді ұсынды.
«Түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын» жандардың бірі болмай, елім, жерім деген азаматтар тікесінен тік тұрып тірлік етсе, ауыл келбеті көркемдене түсетіні анық. Сол кезде ауыл тұрғындарының қатары әртүрлі себептерге байланысты сейілмес те еді. Облыс әкімі мемлекеттік бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты игерілуі қатаң бақылауда екенін жеткізіп, нысан құрылысына жауапты мердігер мекеме басшысына жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.
Министрдің жұмыс сапары одан ары Сырдария, Жалағаш аудандарында жалғасты.
Іссапар кезінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова министрге даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жетілдіруді көздейтін «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде облыста 103 перспективалы ауыл анықталып, нәтижесінде 82 жобаны жүзеге асыру қолға алынғанын, осы ретте 53 тірек ауыл мен 50 спутник елді мекендер айқындалғанын айта кетті.
Серік Шәпкенов Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі бағдарлама арқылы күрделі жөндеуден өткен А.Иманов көшесін көрді. Ұзындығы 1,56 шақырымды құрайтын көшеде жаяу жүргіншілер жолы, бордюр және 3 шақырымға жететін суағар қоса салынуда. Тамыз айында басталған жоба 30 қарашаға дейін жалғасын табады. Бірақ жауапты тұлғалар қарашаның басында аяқтаймыз деп дөп басып айтты. Шала-шарпы істеліп, «белгі соғылғанына» жұмыс істемей, халықтың игілігіне жұмыс атқарылады деген ойдамыз.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сырдария ауданы бойынша атқарылатын жұмыстардың бірсыпырасын таныстыра кетейік. Тереңөзек кентіндегі 0,47 шақырымды құрайтын Бердіқұлов көшесінің жол құрылысы, Ақжарма елді мекеніндегі А.Есентұров көшесінің жол құрылысы, Т.Балапанов көшесін орташа жөндеу және Ысқақов, Донбаев, Омаров көшелерін жарықтандыру, Тоқмағамбетов елді мекеніндегі М.Мәметова көшесін орташа жөндеу, Тереңөзек кентіндегі «Тереңөзек – Шаған» автожолының бойын жарықтандыру көзделген. Сондай-ақ, қолға алынған жобалардың бірі – Тереңөзек кентіндегі 140 орынды аудандық орталық стадионға күрделі жөндеу жүргізу. Бұл нысанды да жыл аяғына дейін қолданысқа беру жоспарлануда. Жұмыс 7 қыркүйек күні басталып, 31 желтоқсанда толықтай аяқталады деп жоспарланған. Алайда жылдың аяқталуына екі айға жетер-жетпес уақыт қалыпты. Иә, қазақтың қолының шеберлігі таңдай қақтырса да, аз уақыт көлемінде сапалы дүние шығуы дүдәмал. Дегенмен бұған да көнбеске амал жоқ, бірақ жүрісі сұйық болып, сынған сынығын жинап отырмасақ болғаны. Асығыс адамның жұмысында береке бола ма екен?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова министрге «Ауыл – ел бесігі» жобасының тиімділігін айтып, 2022 жылға Сырдария ауданында тағы 11 жоба республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылғанын жеткізді. Атап айтсақ, Бесарық елді мекенінде спорт кешені құрылысы, Тереңөзек кентіндегі «Сырдария» спорт клубы ғимаратын күрделі жөндеу, Тереңөзек кентіндегі облыстық білім басқармасының Сырдария аграрлы-техникалық жоғары колледжінің ғимаратын күрделі жөндеу, Тереңөзек кенті жаңа шағын аудан инфрақұрылым құрылысы, жаяу жүргіншілер жолы құрылысы, 21 көшеге орташа жөндеу, ауылдық елді мекендердің 33 көшесіне орташа жөндеу және т.б. жұмыстар атқару жоспарланған. Оларды жүзеге асыруға 4 млрд 201 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Мұнан кейін министрдің жұмыс сапары Жалағаш ауданында жалғасты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Таң ауылдық округінде 11 жоба іске асуда. Соның бірі – Орынбай жырау көшесін жөндеу жұмыстары мамырдан шілдеге дейін жүргізіліпті. Ұзындығы бір шақырымнан асатын жол заманауи талаптарға сай салынған. «Ел болашағы – білімді ұрпақ» демекші осы елді мекендегі №118 орта мектептің есік-терезелері, едені толық ауыстырылған. Сыртқы қабырғасы металл сайдингпен қапталып, су, әжетхана, электр желісі, кәріз жүйесі толық жаңартылып, жасыл желекке айналуда. Және ауылдағы дәрігерлік амбулатория мен орталық алаңды жаңғырту, Жалағаш кентіндегі 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі жыл соңында пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, ауданда кәсібінен нәсіп тапқан ел ағасы, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев ауыл халқына мешіт ғимаратын жөндеу, бөбекжайды қайта жаңғырту, спорт кешенін салу, ет өңдеу цехының құрылысын салу, округтегі көшелерді жарықтандыру ісін өз қаражаты есебінен жүргізіп, игі іс жасап, ауылға қомақты инвестиция салған болатын.
Тұрғындардың айтуынша, санитарлық тазалыққа, әсіресе көшелерді абаттандыруға көп көңіл бөлінген. Ауылда қазіргі кезде Лондондағы «Биг Бен» тәрізді қазақы сағаттың бар екені таңғалдырады. Таң ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жалғасбай Өмірбаев ауыл келбеті адам танымастай өзгергенін тілге тиек етті.
– КСРО ыдырағаннан кейін біздің ауылда балабақша мен басқа әлеуеті маңызы зор нысандар жабылды. Кеңес үкіметінен қалған дүниелердің барлығы ескіріп, тозығы жетіп, көшелердің өзінде жаяу адам түгілі техника жүре алмайтын халге жеткенбіз. 7-8 жылдың бедерінде ауылда көп өзгерістер болып жатыр. Қазір ауыл азаматтарының арқасында 100 пайыз болмағанмен, 90 пайызға жаңарып қалды десем артық болмас. Балабақша, мектеп жаңартылып, ауыл тұрғындары қуануда. Осы істің басы-қасында жүрген ауыл азаматы, «Таң ЛТД» ШҚ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаев пен шағын шаруа қожалықтарының қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді. Сол азаматтардың ауызбіршілігінің арқасында көптеген жұмыстар оң нәтижесін беруде, – деді ауыл ардагері.
Заман көшінен қалмай, көз алдында өркендеп келе жатқан ауылдың тыныс-тіршілігімен тұрғындар да ой бөлісті.
– Осыдан 4 жыл бұрын ауылымызда «Таң бөбегі» атты жаңа балабақша ашылды. Қазір мұнда 26 адам еңбек етуде. Жалпы, ауылдағы еңбекке белсенді 685 адамның 648-і жұмыспен қамтылған. Ауылдық округ сонау 1967 жылы құрылған. Сол кеңестік кезеңнен ізі қалған балабақша, мектеп, медпункт әбден ескіріп, көшелердің тозығы жеткен еді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 14 көше жөнделді. Мемлекеттік бағдарламамен әр үйге ауызсу кірді. Тіпті, аяқсу да келді. Ауылдағы №118 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Қайта жаңғырған мектепте білім алып жатқан балаларымыздың қуанышында шек жоқ, – дейді балабақша меңгерушісі Жәмила Сәдуова
Әрі қарай министр аталған бағдарламаның облыста орындалуы жөніндегі арнайы отырысқа қатысты. Жиын барысында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов, Жалағаш ауданы әкімі Асылбек Шәменов жоба бойынша атқарылған жұмыстарға талдау жасады. Айтылған ұсыныстарды тыңдаған С.Шәпкенов ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру ең маңызды да жауапты міндет екенін атап өтті.
– Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының орындалуын көріп, туындаған мәселелер бойынша нақты ұсыныстарды тыңдау үшін қасиетті Сыр еліне келіп отырмын. Жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, дәрігерлік амбулатория мен оқушыларға арналған мектептер салу елді мекендердегі тұрғындардың жағдайын жақсартуға барынша мүмкіндік береді. Тұрғындарды жұмыспен қамту да ерекше маңызға ие. Бұл жерде бөлінген қаржыны игеріп қана қоймай, халықтың игілігіне берілетін нысандарды уақытылы, сапалы іске қосу керек.
Маған Қызылорда облысындағы мемлекеттік бағдарламадан бөлек, жергілікті жеке кәсіпкерлердің ауыл өмірін жақсартудағы бастамалары ұнады. Мәселен, Таң ауылында жанашыр азаматтар өз қаражатымен ауылды көркейтуде жақсы тәжірибені іске асырып келеді. Бұл – өте қуантарлық жағдай. Туған жеріне әр адам жанашыр болса, ауыл дамиды. Алдағы уақытта мұндай кәсіпкерлерге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетудің тетіктерін қарастыруды ұсынамыз. Жоспардағы жобаларды орындауда қандай мәселеге баса назар аудару керектігін зерделеп, Үкіметке тиісті ұсынымдар беретін боламын, – деді осы жиында министр Серік Шәпкенов.
Отырыста өңір басшысы тиісті жобаларды қаржыландыру жоспарын көтерді. Гүлшара Әбдіқалықова құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу мердігер компанияның міндеті екенін, биылғы жылдың соңына дейін 11 млрд теңгеден астам инвестициялық жобалардың бірқатарын аяқтайтынын айта кетті. 2019 жылы 31 жоба арқылы 54 адам жұмысқа орналасса, 2020 жылы облыстың 8 елді мекенінде 4,2 млрд теңгенің 60 жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде 2019-2020 жылдары аталған бағдарлама аясында 955 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға төмендеді.
Қызылорда облысына екікүндік жұмыс сапары барысында министр Серік Шәпкенов Қармақшы және Қазалы аудандарына да барып, біршама нысандардың жұмысымен танысты
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!