Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Курс көп, маман жоқ

21.10.2021, 12:30 376

Кәсіптік білім беру ісі қазір ақсай қойған жоқ. Бірақ кәсіптік мамандықты игеруге талпынатын жастар азайып келеді. Өйткені заман ағымына сай көпшілігі интернет арқылы табыс табудың жүйелі жолына түскен. СММ, таргетолог, инстамаркетолог, сату маманы сынды жаңа заманның мамандықтары қазіргі уақыттың нағыз сұранысқа ие, ТОП-мамандықтарына айналған. Ал слесарь, дәнекерлеуші, электр монтаждаушы және өзге де мамандар тапшылығы бар. Оны кәсіпорын басшылары да растап отыр. Мамандардың басым көпшілігі – о бастан келе жатқан адамдар. Жастар жоқтың қасы. «Жұмыс керек еді» деп келген жас мамандарды көрмедік дейді. Ал кәсіптік білім беретін оқу орындары маман даярлауда бізден қателік кетіп жатқан жоқ, жастар шешімді өздері қабылдайды деп ақталады.

КӘСІПТІК  БІЛІМ  АЛҒАНДАР  КӨП

Қай салада қандай қызмет атқа­рамын  десе,  ол – әркімнің өз шешімі. Адамның қалауына шектеу жасауға ешкімнің  хақысы  жоқ. Деген­мен, маман  тапшылығын жою­ға талпыныс  керек-ақ. Ауыл-аймақта тұратын жұмыссыз жастарға кәсіптік білім беріп, екі қолы­на бір күрек тауып беруге билік тарапынан азды-көпті жұмыстар істеліп жатыр. Мәселен, Қызыл­орда қалалық жұмыспен қам­ту орталығы арқылы «Нәтижелі жұмыс­пен және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жыл сайын жұмысшы кадр­ларды даяр­лау және қайта даярлау курс­тары  ұйымдас­тырылып жүр. 2019 жылы қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 10 өнді­рістік оқу орны арқылы 845 адам оқытылған. Оның ішінде гуманитарлық сала бойынша, «Тәрбиешінің көмекшісі» мамандығына – 40, сервистік  және  қызмет  көр­сету саласы бо­йынша,  «Аспаз»,  «Тігін­ші»,  «Тігіп-пішуші», «Кестеші», «Сатушы», «Малшы», «Шаштараз», «Визажист», «Маникюр-педикюр» шебері мамандықтары бойынша 712 адам білімдерін жетілдірген. Техникалық сала бойынша «Автомобиль жөндеу жөніндегі слесарь», «Жалюзи құрас­тырушы», «Электр жабдықтарына қызмет көрсетуші», «Электрогазбен дәнекерлеуші» маман­дықтарын бас-аяғы 100-ге тарта адам оқыған. Білімдерін  жетілдірген 803 адам  болса, оның тек 158-і ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. 340 адам грант алып, өздерін жұмыс­пен қамтыған. Оқуды бітіріп, жұмыс жалғастырып жатқандар 70 пайызды ғана құрап отыр. Былтыр қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 659 адам жолдама алған. Оның ішінде «Тігінші», «Тігуші» және «Кондитер» мамандықтары оқытылған. Оқуды аяқтаған 527 адамның 70 пайыздан астамы тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Ал биыл жыл басынан бері қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға бас-аяғы 35 адам жіберіліп, «Сырлаушы», «Қазандық операторы», «Слесарь сантехник» мамандықтарын оқып шыққан.

МЫҚТЫ КАДРЛАР ДАЙЫНДАЛЫП ШЫҒАДЫ

Аймағымызда үдемелі индус­триалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда, өнеркәсіптік, аграрлық, құрылыс сала­ларына білікті кәсіби маман­дарды даярлайтын бірден-бір оқу орны – М.Ықсанов атындағы Қызыл­орда политехникалық колледжі. Бәсекелестікке барынша қабі­летті әрі  мықты кадр дайындау осы оқу орнының  үлесінде. Ірге­тасы сонау  1955 жылы қаланған білім ордасы бүгінде 20-дан астам үлкен өнеркәсіптік  мекемелермен  келісімшарттар жасасып, әлеуметтік әріптестік орнатылған. Қазір мұнда 12 мамандық, 24 біліктілік бойынша мамандар даярланады. Атап айтқанда, «Электр жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі электромонтер», «Электромонтер», «Автомобиль жөндеуші слесарь», «Автомобиль кранының машинисі», «Бульдозер машинисі», «Техник механик», «Ауылшаруашылық өндірісіндегі тракторист машинисі», «Химиялық талдау зертханашысы» «Қазан және шаң даярлайтын цехтар жабдығын жөндеуі бойынша слесарь», «Қазандық жабдықтары жөніндегі аралау­шы машинист»,  «Электрогаз дәнекерлеуші»  мамандықтары  бар.

– Қазіргі таңда көптеген ірі өндіріс ошақтары колледжге  қажетті жұмысшы маман кадрларды дайындауға тапсырыс беруші болып отыр. Олардың арасында «Мелиоратор» ЖШС, «DOSSTROY-COMPANY» ЖШС, «Вест-авто»  ЖШС,  «Қызыл­орда  жолдары» ЖШС, «Қызылорда су жүйесі» МКК, «Монтажспецстрой» ЖШС, «Торғай-Петролеум» ЖШС, «ҚазГермұнай» БК ЖШС, «КАМ», «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК, «Нұрторгстрой» ЖШС, «Мұраптехсервис» ЖШС,  «ҚЭТТК» АҚ, «Каис Сервис» ЖШС, «Энер­госервис» ЕЖШС,  Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және  тағы да ірі кәсіпорындар бар. Оқу орны мемлекеттік тапсырыстарды орындайды, бітірушілерінің 70%-ы жұмысқа  орналасады, қалғаны көбінесе әскер қатарына шақырылады және жоғарғы оқу орнына түседі, – деді М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі дирек­торының  орынбасары  И.Сыздықов.

МИЛЛИАРДТАҒАН  ҚАРЖЫ  БӨЛІП  ОҚЫТҚАН  МАМАНДАР ҚАЙДА?

Кәсіптік бағдар жасап, қосымша курс оқытатын мемлекеттік меке­мелер де, кәсіптік білім беретін оқу орындарының мәліметтеріне сенсек, білім алғандардың барлығы  далада қалып жатқан жоқ. 70-тен жоғары пайыз жұмыс істейтін болып шығады. Ал кәсіпорындарға келсек, «маман керек» деп дабыл қағады. Қаладағы «Квант» механикалық зауы­тының директоры Жаңабай Бекішовпен мамандар тапшылығы туралы пікірлесіп, ортақ ойды сарап­қа  салған  едік.

– Біздің зауыт – қызмет көрсету және өндіріс орны. Техникалық  бұйым­дар  шығарамыз. Бізде 30-дан аса  маман­  жұмыс істейді. Бір жағы металдарды өңдеу болса, екінші жағынан техникалық газдарды өндіреміз. Токарь, слесарь мамандары жетіспейді. 30 жылдан бері бізде маман­дар даярланбаған. Қазір кәсіп­орында жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі – кеңес кезіндегі зауыттарда тәжірибе жинақтаған мамандар. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тоқырауда көп адам қысқарып, күнкөріс қамы үшін базарға кетуге мәжбүр болды. Орташа айлық жалақы – 120000-130000 теңге көлемінде. Менің ойымша, кәсіби мамандарды дайындауды кәсіпорындардың өздеріне беру керек. Кадрды даяр­лағанда тек теориялық ғана емес, тәжірибе жүзінде де да­йындау  керек. Мәселен, токарь болам деген адам сол мамандықты бірден игеріп кете алмайды. Ол сіз ойлағандай оңай шаруа емес, сол мамандықтың шебері болу үшін кемінде 5-6 жыл керек. Дәнекерлеуші де дәл осындай, – деді Ж.Бекішов.

Оның айтуынша, өзі басқарып отырған кәсіпорынға кәсіптік білімі бар, оқу орнын бітірген маманның бірде-бірі  жұмыс  іздеп  келмеген.

– Мемлекеттік  қазынадан кәсіп­тік мамандар даярлауға миллиардтаған ақша бөлінеді, бірақ, неге екені белгісіз, маман тапшылығы сезіледі. Мысалы, менің кәсіпорнымда өндіріс басшысы болып 1947 жылғы кісі жұмыс істейді. Ол кісі кетейін десе, орнын ауыстыратын маман жоқ. Техни­калық мамандарды табу бізге өте қиын. Менің естуімше, біз айтып отырған курстарды балалар тек үйіне уақытша нәпақа болу үшін оқитын көрінеді. Бөлінетін азғантай шәкіртақыны пайда көреді, бірақ бітірген соң  ол  салада  жұмыс істемейді, – дейді  ол  сөзін  толықтыра  келе.

Жастардың ой-санасына ілесу мүмкін емес. Олар қоғам мен нарық­тың талабына сай үнемі үздіксіз өсіп, дамып отырады. Кәсіпорындағы станоктың жанында тікесінен тік тұрып тәулігіне сегіз сағат жұмыс істегеннен 1-2 сағат уақытын интернетке жұмсап, өзі ойлағандай қаржы табу әлдеқайда қолайлы. Өйткені заманның талабы солай. Ал кәсіпорында жастардың емес, керісінше кеңес кезінен келе жатқан егде жастағы мамандардың жүруінің негізгі себебі осында. Кейін­гі буын өкілдерін ауырдың үстімен жү­реді деп жарға жыға беру­ден де аулақ­пыз. Сананы тұрмыс билеген заманда мүмкіндіктерді мүлт жібергісі келмейтін жастарды кінәлай  да  алма­ймыз.

Ә.БОЗАНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: