Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қымбат Досжан: Қоғамда масылдық көзқарас басым

04.10.2021, 17:25 774

Ол – қазақ телевизиясының қайраткері. Ол қырық жылға жуық уақыттан бері телеарна төрінде қызмет етіп келеді. Ел арасында «Жаңалықтар», «Бармысың, бауырым», «Қымбат жандар» және өзге де бағдарламалар арқылы танымал. Құлаққа жағымды қоңыр үні, жағымды дауысымен көрермендердің назарын аудартып келеді. Жуырда ғана «Балапан» телеарнасының директоры қызметіне тағайындалды.  Енді көзі қарақты көрермен балалар арнасынан  жаңа леп, бөлек бағдарламалар күтеді.  Қымбат Досжан Сыр елінің нәзікжандыларымен өткен кездесуде қазіргі журналистикадағы маңызды мәселелермен бөлісіп, көпшілікпен өзара пікір алмасты.

Кездесуді Қызылорда облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова ашып берді.

– Сыр еліне Аналар кеңесінің мүшесі, елге танымал журналист Қымбат Досжан келіп отыр. Және қаламыздағы «Саяхат» ықшамауданындағы көшеге «Қазақ радиосы» атауы берілгелі отыр. Осындай атаулы датада өзіңізбен де кездесудің сәті түсті, – деді М.Қазбекова.

Содан соң Қымбат Досжан туған жеріне сапары барысында елінің жарқын құшағы мен қонақжайлылығына тәнті болып, риза екендігін жеткізді.

– Қат-қабат тіршілікпен арпалысып жүріп, кешеге дейін Қызылордаға келу-келмеу мәселесі біраз ойландырған. Дәм-тұз бұйырған екен, ақыры Сырға да табан тіреп келіп қалдық. Облыс басшысы Гүлшара Наушақызының қатысуымен Аналар кеңесінің отырысы өтті. Өте жоғары деңгейде өткізілді деп есептеймін. Біраз мәселелер талқыға салынды. Өздеріңіз білетіндей, «Балапан» арнасын басқаруға ұсыныс түсті, қабыл алдым. Жұмысқа енді білек сыбанып кірісеміз. Халық сенім артып отырғаннан кейін, елдің сенімінен шығуға, үмітін ақтауға тырысамын. Қоғамдық, әлеуметтік бағдарламалар дайындап келген маған кішкентай көрермендерге бірден ойысу сәл қиындау болайын деп тұр, – деді ол.

Оның айтуынша, «Балапан» арнасын 0-9 жас аралығындағы балалар тамашалайды. Қазір аудиторияның сұранысына сай бағдарламалар жасау жоспарлары тұр. Қатысушылар тарапынан да сауалдар жолданып, өзара пікір білдіргендер де болды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті көп жылдардан бері «Журналистика» мамандығы бойынша шәкірттер тәрбиелеп келеді. Өзіңіз секілді практик маманның кездесу өткізуі бірнеше мәрте берілген теориялық білімнен артық деп санаймын. Қазір қоғамда әйелдер мәселесі жиі көтеріліп жүр. Өткен жолы қоқысқа тасталған бесік жөнінде бір мақала оқып қалдым. Жүрекке тиеді. Осындай әйел-аналарға қатысты мәселе көп. Жалпы, болашақ ана болатын қыздарымызды рухани тәрбиелеуде қандай жолдарды қарастырған жөн?- деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы А.Әбдіразақова.

Қазір қоғамда масылдық көзқарас басымдау болып тұр. Әлеуметтік желі арқылы 5-6 сөз жазып, ел арасында шу шығарып жүретіндер көп. Олардың ойынша барлық жағдайларын жұрт жасап беруі тиіс. Алайда оған мемлекет те, халық та үнемі жағдай жасай алмайды, – деп жауап берді Қымбат Досжан.

Жергілікті телеарна басшысының орынбасары А.Қасымова қоғамдағы үлкен мәселеге айналған журналистер мәртебесі жайында ойын сұрады.

– Парламентте, Сенатта өзіміздің әріптестеріміз отыр. Сол кісілер осыған ықпал етеді деп ойлаймын. Әрине, мәртебе керек, – деді Қ.Досжан.

«Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» журналистер қауымының айтар мәселесі көп. Салада әлі де шешілмеген, күрмеулі проблемалар жеткілікті. Нұртөре Жүсіп «журналистерге мәртебе керек» деп біраз мінберде сөз сөйледі. Алайда билік бас иземесе, жабулы қазан сол күйінде қалып қою қаупі бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: