Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Теңіз төскейіндегі тағылым

30.09.2021, 17:00 1313

HALYQLINE.KZ

«Жылдан жылдың жүгі ауыр» деген бар. Осынау бір ауыз есті сөздің астарында қаншама сыр жатыр десеңізші?! Ал қиындықты еңсеріп, діттеген межеге жету үшін біліктілік, ізденушілік, төзімділікке қоса қатықтай ұйыған ауызбіршілік қажеттілігі белгілі. Дәл осындай ұстаным – байырғы педагог, тәжірибелі басшы Санира Жанназарова басшылық жасайтын Арал ауданы бойынша білім саласына да тән қасиет.

– Өткен оқу жылдарында пандемия кезеңіндегі шектеу шараларына байланысты оқушылардың білімінде туындаған олқылықтардың орнын толықтыру мәселесі тұрақты күн тәртібінде тұр. 41 мектепте 1-10 сыныптар аралығында 425 топта 5000-ға жуық оқушы «Жазғы мектеп» шарасына тартылды. Осы сыныптарға 800 мұғалім сабақ берді. Шара аясында сыныптармен атқарылған лабораториялық, тәжірибелік және серуен сабақтары білім бөлімінің ютуб каналдары мен әлеуметтік желі парақшасында жарияланып отырды. Биылғы оқу жылының ішінде де әрбір педагогке шәкірттерінің біліміндегі әлсіз тұстарды анықтап, дер кезінде көмек көрсетудің тиімді жолдарын жоспарлау оқыту қызметінің ауқымын арттыра түседі. Бұл орайда, ұстаздар сабақты жоспарлау барысында өзара сәйкес оқу мақсаттарын біріктіру жолдарын қарастырады, – деген ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгі иегері, Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Нұрғожақызының сөзімен айтар ойымызды жұптасақ.

Ағымдағы оқу жылы бірқатар жағымды жаңалықпен басталғаны көпке мәлім. Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» мен «Букварь» пәндерімен қайта қауышқан бүлдіршіндердің қуанышы ата-ана, мұғалімдерге де шаттық сыйлады. Өткен жылғы тамыз конференциясында қозғалған өзекті бұл мәселе ақыры шешімін тапты. Теңізді аймақтағы биылғы «Алғашқы қоңырау» салтанатында мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттаған бүлдіршіндерге құрметпен «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары табыс етілді. Оқушының білім алуы мен дамып-өсуіне қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау – баршаның міндеті. Осы ретте аудан көлеміндегі білім ордаларының жыл сайын материалдық-техникалық базасын нығайту, пән кабинеттерін заманауи үлгідегі құралдармен жабдықтау, кеңжолақты интернет желісі және үздіксіз білім ресурстарының қоры тіркелген «Білімленд», «Онлайн-мектеп» тәрізді платформалармен қамту жолға қойылып, барша мектептерде ішкі дәретхана және бейнекамера жүйелерімен толық қамтамасыз етілгенін атап кету ләзім.

Осы ретте «теңіз төскейіндегі білім саласы бойынша әлемді жайлаған қауіпті кеселден сақтану жайы қалай жүргізілуде?» деген сұрақ туындауы заңдылық.

Оған Санира Нұрғожақызы: «Жаңа оқу жылында аудан мектептерін дәстүрлі оқыту форматына түбегейлі көшіру үшін ҚР ДСМ бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің арнайы қаулысы басшылыққа алынды. Сәйкесінше аудандағы барлық білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шаралары жолға қойылып, күнделікті дизенфекциялау жұмыстары жүргізіліп отыр. Мектептің ішкі бөлігінде орналасқан санузель, сынып кабинеттері мен балалардың жүретін жолдарында туннел, антисептиктер қойылып, сабақ басталарға дейін сынып іші кварцталуда. Оқыту үдерісі кезеңінде «бір сынып – бір кабинет» ережесі сақталып, пән мұғалімдері мектеп ғимаратына арнайы «Ашық» жобасы арқылы ғана кіре алады.

Балалармен тікелей қарым-қатынаста болатындықтан, білім беру ұйымдарының қызметкерлері жаппай қауіпсіздік шараларын ұстану мақсатында ауданның педагог қызметкерлері дерлік жазғы маусым ішінде екпе салдырудан өтті. Дегенмен, оқушылар да, қызметкерлер де сынып, жалпы мектеп ішінде тығыз байланыста болатындықтан арақашықтықты сақтау, маскамен жүру қағидасын үнемі назардан тысқары қалдырмайды.

Сонымен бірге, оқушылардың сабаққа кіру, сабақтан қайту кезеңдерінде немесе үзіліс уақытында мектеп ауласында шоғырлануының алдын алу мақсатында сабақ кестелеріндегі уақыт шеңберінде өзгерістер жасалды», – деп толыққанды жауап қайтарды.

Бір сәт жазбамызды ресми деректермен өрнектесек. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 528 педагог, мектептерде 2582 педагог қызмет жасайды. Сүйсінерлігі сол, ауданның білім беру ұйымдары жыл сайын жас педагог мамандармен толығып отырады. Биылғы оқу жылының өзінде 76 жас маман жұмысқа қабылданған. Мектептерде «магистр» академиялық дәрежесі бар 25 педагог қызметкер еңбек етеді. Мұғалімдердің 90 пайызы оқытудың жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілігін арттырса, бірқатар мектеп директорлары мен орынбасарлары көшбасшылық курсынан, деңгейлік бағдарлама бойынша 3 айлық курстан, басшылық бойынша менеджмент курсынан өткен.

Дереккөзден өткен оқу жылының қорытындысымен мектеп бітірген 874 оқушының 861-і (98,5 пайыз) арнаулы, жоғары оқу орындарында оқуға түскенін, биылғы оқу жылында Сексеуіл кентінен 300 орындық №283 орта мектебі жаңадан салынып іске қосылса, Арал қаласында 200 орындық оқу ғимараты мен 100 орындық жатақханасы бар №71 орта мектеп құрылысы жүргізіліп жатқанын естігенде, «ұйымдастыра білген ұтады» деген даналық ойыма оралды.

Мереке қарсаңындағы мақаламызды Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарованың:

Ағымдағы жылдың өзінде онлайн семинар, форум, педоқу, ғылыми конференцияларға қатысып, педагогикалық іс-тәжірибелерін насихаттауға мүмкіндік алған педагогтар аз емес. Түрлі республикалық және облыстық деңгейдегі кәсіби байқаулардан 85 мұғалім жүлделі орындардан көрінді. Атап айтсақ, «Үздік дефектолог» облыстық байқауында №19 орта мектебінің дефектологы Г.Сақташова, «Үздік мектеп тренері» облыстық конкурсында №262 мектеп-гимназия директорының орынбасары Ж.Құрманәлиева, «Үздік авторлық бағдарлама» облыстық байқауынан №262 мектеп-гимназияның математика пәні мұғалімі Айгүл Әбілдаева, №83 орта мектептің физика пәні мұғалімі Қайыркүл Мұрсалбекова, мектепке дейінгі ұйымның «Үздік дене шынықтыру нұсқаушысы-2021» облыстық байқауында «Сартай» балабақшасының педагогі Бақыт Айниятов «Талапты дене шынықтыру нұсқаушысы» номинациясымен, «Дарынды балаға талантты ұстаз» жас педагог мамандардың облыстық байқауынан №262 мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі Байбек Мұстафа, «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» облыстық байқауында №262 мектеп-гимназия мұғалімі Салтанат Өксікбаева тағы басқа көптеген ұстаздарымыз топ жарды,

Сонымен бірге биыл №13 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Альмаханова «BilimLand» компаниясының арнайы жүлдесін иеленсе, алдыңғы жылы осы компанияның «Үздік новатор» конкурсының жеңімпазы әрі арнайы тағайындалған сыйақысын (500 мың теңге) №14 мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі Жанна Қонарова иеленген болатын. Жанна Құспанғалиқызының жетістігі мұнымен аяқталмайды. Өткен жылдың қорытындысымен білім беру қызметкерлеріне арналған Қызылорда облысы әкімінің біржолғы сыйақысымен (833 мың 400 теңге) марапатталды, – деген көтеріңкі көңілдегі лебізімен түйіндесек.

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  ауданы

Пікірлер:
  • Арал ауданы білім саласындағы жетістіктер көбейе берсін.Санира Нұрқожақызы бастаған барлық аудан ұстаздарын кәсіптік мерекелері мен құттықтаймын.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: