Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«E-Gov» пен «Сбер»: платформалар проблемасы

30.09.2021, 11:30 557

Цифрлық технологияны дамытып, сандық жүйеге көшу әлемдік трендке айналғалы осы саланың мамандарына сұраныс та арта түсуде. Әрине, нарық талабына сай сұраныс бар жерде ұсыныс та болады. Инновация мен технология дамыл таппай дамып жатқан тұста еңбек нарығы да сұранысты қамтамасыз етіп үлгермей қалды. Яғни, әлемді айшықты түрде айқындауға мүмкіндік беретін маман иелерінің тапшылығы жаһандық сипат алып тұр. «CyberSeek» аналитикалық фирмасының  есебінше,  АҚШ-тың  өзінде  ғана  жыл  сайын

IT  қауіпсіздігінің  40 мыңға  жуық  бос  орындары  орналасады. 200 мыңнан астам осындай бос жұмыс орындары ашық күйінде қалып отыр. ІТ саласының дамуы жөнінен көп елдерден кері келе жатқанымызды мойындамасқа амал жоқ.

Хош. Орташа есепке шаққанда бүкіл әлемдегі компаниялардың шамамен 45%-ында IT мамандары жетіспейді. Қазіргі уақытта интернет өнімдері, жасанды интеллект, құпия деректер және т.б. сияқты салалардағы мамандар сұранысқа ие. Сонымен қатар,  өнімнің барлық  сатыларында   әзірлеушілер  мен ІТ-бизнес талдаушылары жоқтың қасы. Дәл осындай проблема айқындалып тұрғанда Қазақстан үкіметі халықтың барлық құжаты сақталған электронды үкімет порталын (eGov) теріскейлік көршілердің базасына біріктіреді деген ақпарат тарады. Жай ғана тараған жоқ, қоғамдық резонанс тудырып, сала мамандарымен қоса сарапшылар да, қарапайым халық та наразылық білдірді. Сонымен мәселе неден шықты? Қалай ушықты? Шешімі қандай болды?

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп даурығып жүрген платформаға қатысты келісім 2021 жылдың қыркүйегінде басталған жоқ. Ши сыртынан шыққан даудың «төркінін» табу үшін қос елдің басты-басты деген ақпарат құралдары мен ресми парақшаларына шолу жасадық. Нәтижесінде Кремльдің ресми сайтынан 2020 жылдың 4 желтоқсанында өткен «Жасанды интеллект – ХХІ ғасырдың басты технологиясы» тақырыбында жасанды интеллект бойынша конферен­циясының негізгі талқылауындағы мәтінді  көзіміз  шалды.

– 2025 жылға қарай планетада 40 миллиардтан астам ақылды құрылғылар болады. Олар жеке көмекші ретінде дамиды, ал смарт құрылғылардың 90 пайызы жа­санды  интеллекті жоғары  ақылды мүмкіндіктерге ие болады. Көшбасшылар – алдағы өзгерістерді түсінген және жасанды интеллект дамытуды бастаған компаниялар. Бір­неше апта бұрын біз «Сбербанктің» жетістіктерімен таныстық. Герман Греф компанияның клиенттерге бағдарланған, технологиялық жағынан қаржылық және басқа да қызметтерді жеткізуші жолын көрсетті. Біз «Сбербанкпен» әртүрлі салаларда, соның ішінде бұлтты технологиялар бойынша тиімді ынтымақтастыққа міндеттіміз. Осыған байланысты, біз нақты уақыт режимінде үлкен көлем­дегі деректерді жинау мен өңдеудің жаңа тәсілдерін енгізе отырып, «Data-Driven Government» тұжырымдамасын іске асыру бойын­ша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Деректердің негізгі ұстаушысы әрқашан дерлік мемлекет болып табылады. Сондықтан, біз оларды қалай басқаратынымызды қайта ойластыруға тиіспіз, нәтижесінде азаматтар мен бизнес қауымдас­тықтары өздерінің күнделікті өмірін жақсартудан пайда көреді. Бізге қажетті экожүйені жүйелі түрде құру қажет, – депті ҚР Президенті Қ.Тоқаев аталмыш кон­ференцияда.

Одан бері жыл айналып соғуға бір тоқсан қалғанда ( 3 қыркүйек, 2021 жыл – ред.) Шығыс елдерінің экономикалық форумы өтті. Онда Ресей президенті Владимир Путин «Сбербанктің» қазақстандық серіктестермен өзара әрекеттесуі екі ел арасындағы серіктестікті нығайтуға көмектеседі деп есептейтінін мәлімдеді. Және дәл осы форум аясында Қазақстанның цифрлық трансформациясы, цифрландыру­дың платформалық моделіне көшу мен «Деректерге негізделген үкімет»  тұжырымдамасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Рәсімге Ресей мен Қазақстан президенттері Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев  қатысты.

Мемлекет басшысы қол қойыл­ған меморандумға қатысты түсіндірме  беріп, бұл жоба екі мемлекеттің бір-біріне деген өзара сенімін білдіретінін атап өтті. Сондай-ақ сипаты жағынан шын мәнінде стратегиялық бастама екеніне назар  аударды.

– 15 жылдан астам уақыт біздің нарықта табысты жұмыс істеп келе жатқан СБЕР-дің қазақстандық мемтехтың институционалдық негізін қалыптастыруға атсалысуы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты зияткерлік технология сияқты аса маңызды сала арқылы жан-жақты ете түседі. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды қадам. Бұл стратегиялық жобаның жүзеге асырылуы Қазақстан азаматтарының тұрмыс сапасын арттыруға және бизнес-климатты жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз, – деді Қазақстан президенті Қ.Кемел­ұлы.

Екі ел арасындағы технологиялық сипаттағы меморандум жөнінде РФ Президентінің не айт­қанын ресейлік «plusworld.ru» сайты­нан  таптық.

– Қазақстанның стратегиялық серіктес ретінде Ресейді таңдағаны үшін алғыс айтамын. «Сбер» ұсынған нұсқаны Қазақстан үкіметі ең оңтайлы деп таңдады. Құжатқа қол қою – бұл цифрлық технологиялар саласындағы Ресей Федерациясының жетекші компанияларының бірінің халықаралық нарықтардағы тиімділігі мен өзектілігінің кезекті растауы. «Сбербанк» Қазақстанда 15 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді, бүгінгісі – қаржылық және цифрлық қызметтерді, технологияларды дамытуға, өзара әрекеттестікті нығайтуға  жасалған тағы бір қадам, – деп атап өтті Ресей Федерациясының  Президенті  В.Путин.

ІТ-индустрия өкілдерінің пікі­рінше, жоғарыда аталған шаралар кешені кадр тапшылығын шеше алмайды, тіпті мәселені ушықтырып жіберуі мүмкін. Мемлекеттің технологиялық дамуын қалайтын ел алдымен өз елінің ғылымына зер салуы керек деген пікірде.

Сәкен Кенжеев,

«SAMBOB» ІТ компаниясының  басшысы:

– Біріншіден, дені дұрыс үкі­мет жоспарлаған кез келген жоба­ны (әсіресе IT-ға қатыс­ты) «өз елімізде іске асыра алатын әлеуетті мамандар бар ма?» деген сұрақты күн тәртібіне шығаруы тиіс. Егер мүлде таппаса, сыртқа жүгінуге болады.

Екіншіден, СБЕР-мен 200 млрд теңгеден астам сомаға келісімге келмек. Қыруар қаржы. Инфляцияны есептегенде осы келісім бес-алты жылда  бюджетке  орасан  зор  шығын  әкеледі. Қаражат  өзімізде  қалса,   IT салаға серпіліс берері сөзсіз. Өйткені, қазіргі таңда Қазақстандағы IT компаниялар  жыл  сайын 70-80 млрд  теңге  көлемінде  бағдарламаларды  жасау тапсырыстарын орындайды. Біз сонда Ресейге үш жылдық бюджетімізді аударғалы отырмыз. Әрбірден соң, ақшаны сыртқа жіберу – өз-өзімізге  жасаған  қастандық, экономикалық  тұрғыдан  тиімсіз!

Үшіншіден, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «құпия ақпарат сыртқа шықпайды, өзіміздің мамандар қадағалайды» деп ақталып жатыр. «Өзіміздің маман­дар» дегені кімдер? …Әлемге хакерлік шабуылдарымен (қауесеттермен) танылған және электронды үкімет бойынша БҰҰ рейтингінде бізден де төмен жайғасқан Ресейдің IT саласына егов секілді ауқымды платформаны тапсыру – ұлттық ақпараттық қауіпсіздікке қатер төндіру.

Төртіншіден,  қазіргі егов платформасы халықтың  сұранысына жауап беріп тұр. Төтенше жағдайда жүйе құлады. Пандемия кезінде не құламады?!  Бір  мезетте нөпір адамның сұранысына жауап бере алма­уы, яғни кем-кетіктің болуы – қалыпты нәрсе. Кемшілікті түзейтін өзіміздің мамандар бар емес пе? Неге оларға мүмкіндік бермеске? Мықтылар табы­сы жоғары жеке IT компанияларда қызмет істейді. Солардың арасында тендер жариялап, әлеуетін сынап көру керек. Тапсырыс болса, кез келген деңгейдегі жобаны жасай алады. Тапсырыс болмағасын үнсіз отыр «сен тұр, мен атайын» айтишниктер. Уақыт жеткілікті. Онсыз да СБЕР-ге бес жыл уақыт беріп отыр.

Сайып келгенде бұл ситуация біздің салаға қатысты лауазымды тұлғалардың біліктілік деңгейін көрсетті. Отандық айтишниктерді қомсынуы – «ауылдағының аузы сасық» деген көзқарасы құлдық санадан арылмағанын да айғақтайды. Бағдат Мусиннің қол астында СБЕР-ден алынғалы отырған электронды үкімет платформасына баға беретін маман барына күмәнім бар. Сондай-ақ, ел үкіметінің осы келісімге келуі ресейлік лоббистердің жақсы жұмыс істегенін, ықпалын  білдіреді.

Қоғам тарапынан үздіксіз дау­ға ұласқан мәселеге ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ҚР Үкіметі мен «Сбер» компаниялар тобы қол қойған меморандумнан туындаған қауесеттерге қатысты  пікір  білдірді.

 – Біз «eGov»-ты Ресейге бермейміз. «Қазақстандықтардың бар­лық дерегі РФ-ға қолжетімді болады» деген әңгіме орынды емес. Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бері көптеген компания шетелдік жабдықтармен жұмыс істейді, бірақ бұл шешімдерді өндіруші елдің барлығы біз туралы деректер ала алады дегенді білдірмейді. Электрондық үкіметке келетін болсақ, бұл жерде біреу біреуге бірдеңе береді деп айту мүмкін емес. «eGov» — бұл барлық мемлекеттік базалармен шина арқылы қосылған «витрина» ғана. Бұл базаларға ешкім ешқашан қол жеткізе алмайды! Сондай-ақ, қол қойылған меморандум шарт емес. Үкімет цифрлық трансформация мүмкіндігін қарастыратын меморандумға қол қойды. Бағалау құны шамамен 500 миллион долларды құрауы мүмкін, – деп жазды министр өзінің «Facebook» парақшасында.

Екі ел президенттері, ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мен «Сбер»  компаниялар тобының басшысы Герман Греф меморандум­ға қол қойған, салалық министр «ақталған» маңызды мәселенің қаулы­сы  төмендегідей:

– Цифрлық  трансформация, цифр­ландырудың платформалық моделіне және «Data-Driven Govern­ment» тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.

– Цифрлық трансформация, цифр­ландырудың платформалық моделіне және «Data-Driven Govern­ment» тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық  тура­лы меморандумға Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойылсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін, – делінген ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі №606 қаулысында.

Осы құжат аясында жасалған келісімде ақпараттық қауіпсіздік және деректерді қорғау мәселесі де ашық айтылған. Меморандумның 6-тармағында:

– 6.1. «СБЕР» компаниялар тобы ақпараттық қауіпсіздікке және «СБЕР» компаниялар тобы ұсынған немесе әзірлеген бағдарламалық қамтылымда құжатталма­ған функциялардың болмайты­нына  кепілдік  береді;

6.2. «GovTech» платформасы­ның және ондағы деректердің ақпараттық қауіпсіздігін тікелей қамтамасыз ету Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасында белгіленген құжатталмаған функциялардың болмауын және ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі талаптардың сақталуын бақылау бөлігінде Қазақ­стан Республикасының «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – «МТҚ») жүктелетін болады, бұл ретте операциялық ақпараттық қауіпсі­здікті қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтер кешені Қазақстан Республикасының резиденті – лицензиясы бар мамандандырылған ұйымға берілуі мүмкін, – делінген.

Технология жөнінен көш басында келе жатқан мемлекеттердің өзінде IT мамандары аз. «Хайтек+» технологиялық порталының мәліметіне сүйенсек, қазірдің өзінде ресейлік еңбек нарығында жыл сайын 40 мыңға жуық IT маманы жетіспейді. Бұл – тек Ресей­дегі проблема емес, жаһандық тенденцияға ұласып отырған кадр жеткіліксіздігі. Осы ретте кәсіби мамандардың жетіспеушілігі туындаған елге ақпараттық қауіпсіздік саласын «қасқырға қой бақтыр­ғандай» етіп «тәбәрік» ету қаншалықты дұрыс?

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: