Шектен шыққан орыстілді газеттерге әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағаны ма?
Қазақтың өз алдына отау тігіп, ел болғанына биыл 30 жыл толады. 30 жылда еңсемізді көтеріп, өркениеттің өріндегі елдерді азды-кемді мойындаттық. Бірақ… өз ішіміздегі мысықтілеулілердің арам һәм лас ниетіне келгенде үніміз шықпай отыр. Сөйтіп, Қазақ Елінің тәуелсіздігін мазақ қылып, қорлатып қойдық. Жар астындағы жау ішімізден іріткі салып, бақ-берекемізді бұзғысы келеді. Сенбесеңіз, Қазақстанда орыс тілінде шығатын «Караван», «Аргументы и факты. Казахстан», «Комсомольская правда-Казахстан» газеттерін оқыңыз.
Қазақты әу бастан келемеждеп, елдігімізге тасадан оқ атып үйренген «Караван» газеті тәуелсіздік шежіресіне қатысты материалдарды «30 ЛЕТ БЕЗ СССР» деген айдармен жариялап келеді. 2021 жылғы 3 қыркүйектегі №34 санында 2006 жылғы оқиғаларға шолу жасап, «Каравану» в этом году исполняется 30 лет. Перелистаем страницы Независимости вместе?» деп жазады. Бұл газет Алматыдан 50 320 данамен шығып, елге таралады. Иә, қазақтың ақшасына күнін көреді, сөйтіп отырып, тәуелсіздігін жер қылады. Мұндай шектен шыққандыққа не себептен тосқауыл қоя алмаймыз? Қазақтың ауасын жұтып, жерінің суын ішіп отырып, келмеске кеткен КСРО-ны аңсап, «30 лет без СССР» деп күңіренгені несі?!.
Қазақстанда шығатын «Аргументы и факты-Казахстан» газеті 2021 жылғы 18-24 тамызда шыққан №33 санының бірінші бетіне «Творительный падеж» деген тақырыппен еліміздегі қуаңшылықтан қырылған мал туралы бас мақалаға коллаж жасапты. Бұл коллаждан ұққанымыз – 7 облыста (Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан) малдың қырылуынан келген шығынның мөлшері теңгемен көрсетілген. Сорақылықтың көкесі сол, Түркістан облысын қасақана «Туркменская область. 5 473,2 тенге» деп жазыпты. Газеттің бас директоры және бас редакторы қызметін атқаратын Виктор Кияницаның (ол Қазақстан Үкіметінде жоғары лауазымды қызметтерді атқарған адам) Түркістан мен Түркіменстанды айыра алмады дегеніне жан баласы сенбейді. Бұдан біз не түсіндік? Қазақтың тәуелсіздігінің оларға құны бес тиын екен!
Ал ақын Олжас Сүлейменов «Комсомольская правда-Казахстан» газетінің 1-8 қыркүйектегі санында жарияланған «Независимость – это взаимозависимость» деген сұхбатында былай дейді: «Мой девиз: взаимозависимость. Помотался по азиям и африкам, посмотрел, что стало получившими независимость странами и их народами. Там ничего хорошего не было: яростная борьба за власть, племенные, клановые, национальные разборки, резня. Формула нашей жизни в будущем должна быть такой: от веков зависимости через период независимости к эпохе осознанной взаимозависимости».
Сонда дейміз-ау, қазақтың тәуелсіздігіне «түкіріп» қана қоймай, аузына келгенін айтып, ойына келгенін жазып отырған осы басылымдарға әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағаны ма? Сонда кім бұлардың арқасынан қағып, делебесін қоздырып отыр? Асымызды ішіп, аяғымызды тепкендерге ҰҚК, Үкімет, Парламент я болмаса Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі неге бір ауыз үн қатпайды? Қазақтың тәуелсіз, азат ел болғанын қаламайтын мұндай мысықтілеу басылымдардың шықпақ түгілі, ел аумағында таралуына неге тыйым салмаймыз? «Қасқырды қалай асырасың да, ол бәрібір орманға қарап ұлиды» дегендей, тәуелсіздігімізге топырақ шашқан, мазақ қылған басылымдарды тәубесіне түсіретін уақыт жетті емес пе?!.
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
журналист,
Нұр-Сұлтан қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!