Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Орта Азия елдері неге алаңдаулы?

26.08.2021, 11:30 468

Әлемнің назарын аударып тұрған Ауғанстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайы мәз емес. Бұл туралы жазбаған әлемдік ақпарат құралы кемде-кем. Ондағы халықтың бейбіт өмір сүрмегеніне аз уақыт болған жоқ. Соңғы 30 жылдың бедерінде «бейбітшілік» ұғымы арманға айналған. Тарихи деректерге сүйенсек, 1989 жылы ауғандар елінен кеңес әскері кеткенмен, мұндағы азаматтық соғыс жаңаша түрмен жалғасты. Бұл келеңсіздіктердің де басы-қасында тәлібтер болған еді.

…Хош. 2019 жылдың қаңтарында әйелдер үшін ең қауіпті елдердің рейтингісін жариялаған «Thomson Reuters Foundation» агенттігінің мәліметінде Ауғанстан денсаулық сақтау, экономикалық ресурстарға қол жеткізу, қалыпты өмір, жыныстық зорлық-зомбылық, адам саудасы тұрғысынан әйелдерге қауіптілігі жоғары мемлекеттер тізімінде екінші орында тұрды. Одан бергі екі жыл ішінде ауғандықтардың әлеуметтік жағдайы әлемге белгілі. Қару-жарақтың даусынан оянып, оқ-дәрінің иісінен тұншығып, ахуалдың күрделілігінен өмірден баз кешкен жұрт қазір туған жерінде тұрақтағысы жоқ. Елде қалмаудың қамын жасап, қаншама халық заңсыз босқын атанды.

«…Кейінгі он жылда шетел күштері Ауғанстандағы әскер санын азайтты және қауіпсіздікті қамту жауапкершілігін Кабулға жүктеді. Соның салдарынан елде қақтығыс көбейді. АҚШ Ауғанстанға әскер кіргізгеннен кейінгі он жылда Орта Азиямен шекараның оңтүстігіндегі аудандарда жағдай тыныш болды. Бірақ кейінгі 7-8 жылда мемлекеттің солтүстігіндегі қауіпсіздік нашарлады. Ауғанстанның солтүстігінде Түркіменстан және Тәжікстанмен шектесетін аудандар бар. Олар толығымен тәлібтердің бақылауында. Мұнда басқа топтардың да жауынгерлері бар. Бұл Ауғанстанмен шекаралас Орта Азия елдерінің қауіпсіздік мәселесіне алаңдауына себеп болды» деп жазады «Азаттық Радиосы» агенттігі.

Әлемге БАҚ арқылы тараған ақпараттарға сүйенсек, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап американдық әскерлердің елден біржола шығарылатыны туралы хабарлануына байланысты «Талибан» лаңкестік ұйымының содырлары Ауғанстан үкіметтік күштеріне қарсы белсенді шабуыл операциясын бастады. Ауғанстан үкіметі ел аумағына бақылауды тез жоғалта бастады. Тамыздың басында ауған тәлібтері 417 аймақтық орталықтың 200-ін басып алды және тамыздың ортасына қарай Ауғанстан территориясының көп бөлігін, оның ішінде провинциялық орталықтардың 2/3 бөлігін басып алды. Тамыздың орта шенінде «Талибан» Ауғанстан аумағын толық басып алғанын жариялады. Осыдан кейін жағдай тіпті ушықты. Босқындарды жақын аумақтағы елдерге орналастыру мәселесі халықаралық деңгейде талқылануда.

АҚШ президенті Джо Байден: «Талибандар біздің халықты шығаруға көмектесу үшін шаралар қолданып жатыр. Біз «Талибанның» сөзін  күтпейміз, – деді.

ВВС ақпараттық агенттігінің жазған жаңалықтарынан үзінді келтірсек.

– Байден Ауғанстандағы «Ислам мемлекеті» фракциясының қауіп-қатерінің күшеюіне байланысты әуе тасымалы жақын арада аяқталатынын айтты.

– АҚШ Кабулда «Ислам мемлекетінің» шабуылынан қауіптенеді.

– Дүниежүзілік банк Ауғанстандағы жобаларды қаржыландыруды тоқтатты. «Талибанның» билікке келуі елдің, әсіресе әйелдердің даму болашағына қалай әсер ететініне алаңдаушылық білдіріп отыр.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ауғанстанда бір аптаға жететін дәрі-дәрмек жеткілікті екенін айтты. Онда Кабул әуежайындағы шектеулерге байланысты медициналық бұйымдарды жеткізу әрекеттері бұғатталған.

– Ресей  ұшақпен Ауғанстаннан өз азаматтарын да,  бұрынғы кеңестік республикалардың  азаматтарын  да  шығарады.   Байден Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания мен АҚШ, сондай-ақ, ЕО-ға  кіретін G7 көшбасшылары виртуалды кездесу кезінде Ауғанстан дағдарысын талқылаған соң сөйледі. Ұлыбритания мен басқа одақтастар АҚШ-ты көмек соғысына көбірек мүмкіндік беру үшін 31 тамыздан кейін қалуға шақырды.

Сондай-ақ, келіссөздерге төрағалық еткен Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Ұлыбритания адамдарды «соңғы сәтке дейін» эвакуациялауды жалғастыратынын айтты. Ол Талибанды ауғандықтарға белгіленген мерзімнен кейін кетуге рұқсат беруге шақырды.

 – Әуе көлігі күшейіп, 21 мыңнан астам адам эвакуацияланды. АҚШ-тың кейбір әскерлерінің 31 тамызға дейін шығарылуы миссияға әсер етпейді, – деді CNN-ге берген сұхбатында АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі.

Кеше Ақүй басшысы Джо Байден АҚШ-тың эвакуациялау мерзімін 31 тамызға дейін орындауға дайын екенін айтты. «Біз неғұрлым тез аяқтасақ, соғұрлым өзімізге жақсы» деді ол. Америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, кейбір американдық әскерлер қазірдің өзінде шығарылды, бірақ эвакуацияға әсер етпеді. Он күн бұрын Талибан шабуылына ұшыраған Кабулдан кем дегенде 70 мыңнан астам адам әуе көлігімен жеткізілген. Ал содырлар эвакуация мерзімін ұзартуға қарсылық білдіріп отыр.

Н.ҚАРАСАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: