Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр спортшылары университеттің жоғары марапатына ие болды

17.08.2021, 12:15 475

HALYQLINE.KZ  Бүгін университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова оқу ордамыздың түлектері, Токио-2020 олимпиадасының бокстан қола медаль иегері  Қамшыбек Қоңқабаев пен каратэ-додан олимпиадаға қатысушы Мөлдір Жаңбырбаймен кездесті. Кездесу барысында Қоңқабаев Қамшыбек Бейсенбайұлы «Қорқыт ата атындағы Алтын медальмен», Жаңбырбай Мөлдір Берікқызы «Үздік түлек» медалімен марапатталды.

Бейбіткүл Кәрімова, университет ректоры:

«Халықаралық жастар күні қарсаңында туған жерге табаны тиген, Сыр елінің ғана емес еліміздің намысын қорғаған спортшыларымызға зор алғыс білдіремін. Біз өз түлектеріміздің аяқалысын, жетістіктерін үнемі назарда ұстап отырамыз. Осы орайда, Қамшыбек пен Мөлдір Токио олимпиадасында өнер көрсеткенде екі есе жанкүйер болдық. Себебі, ұстаз әрдайым шәкіртімен мақтанады. Алдағы уақытта талай шаршы алаңда ел намысын қолдан бермей, көк туымызды көкте желбірете беріңіздер. Бүгін Сіздердің кеуделеріңізге таққан марапатымыз – университетіміздің үлкен ықыласы.


Қамшыбек Қоңқабаев, Токио олимпиадасының қола медаль иегері:

«Ғалым да, шахтер да, спортшы да ұстазға бас иеді. Қазір ғана облыс әкімінің қабылдауында болдық. Артынша өзіміз білім алған оқу ордамызға ат басын тіредік. Бізге білім, кәсіби бағдар беріп және спортпен айналысуымызға студент кезімізден жағдай жасаған оқу ордамызға алғысымыз шексіз. Біздің жетер жетістігіміз әлі алда деп есептеймін. Қай кезеңде болмасын, бар күш-жігерімізді ел намысы үшін аянып қалмауға тырысамыз.

Қамшыбектің ұстазы, «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Ләззат Майлыбайқызы да шәкіртінің студент кезі туралы өз естелігін айтты.

«Қамшыбек университетімізде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алып, 4 жыл оқыған еңбегінің нәтижесі ретінде «Заңгер»  біліктілігінің дипломын алған болатын. 4 жыл оқу кезеңінде ол облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатыса отырып, оқуын ойынан шығарған емес. Берілген тапсырмаларды орындауда жауапкершілік танытатын. Оның тәртіп пен нақтылықтың адамы екенін аңғардық. Қазіргі таңда Қамшыбек халықаралық деңгейдегі спортшы ғана емес, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің аға лейтенанты. Қамшыбек 4 жылда бір болатын дүниежүзілік дода да қазақ елінің туын алып жүру мәртебесіне ие болды. Сол бір көріністі асыға күтіп, теледидардан шәкіртіміздің жүзін көргенде төбеміз көкке жеткендей қуандық», – деді.

Нәзік те болса талай додадаларда топ жарып жүрген  каратэ-додан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жастар арасында  Әлем чемпионы Жаңбырбай Мөлдірдің де спортқа қосқан үлесі орасан. Алдағы уақытта университеттің қос түлегі талай додаларда көк туды көкте желбірететініне сенім білдірілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: