Қарымды Қазалыда жағымды жаңалық көп. Тамыры терең, тарихы кенен аудан бүгінде экономикалық һәм инфрақұрылымдық жағдайын жүйелеп алған. Алыс-жақын елді мекендердің жоғын түгендеп, аудан орталығын көркейтуде көп жұмыстар атқарылып жатыр. Жылдар бойы шешімін таппай, күрмеленген мәселелер де күн тәртібінде бірінші тұр. Жергілікті тұрғындардың қытығына тиген бірнеше мәселенің шешілуі уақыттың еншісінде дейді жауаптылар. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданның бүгінгі ахуалы жайлы аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өзі айтып берді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазалы ауданында бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жайлы айтылды.
Мал азығы мәселесі шешімін табуда
Аудан экономикасы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, жылдың басында аудан бюджеті 21,6 млрд теңге болып бекітілсе, 6 айда 22,7 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде ішкі кірістер 1,9 млрд теңгені құраған екен. Бюджетке түсетін салықтар және басқа да міндетті төлемдердің түсімі 799,6 млн теңгеге жоспарланып отыр. Кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамуда. Аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың бірден-бір көзі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту екені баршаға аян. Сол үшін де бұл саланы дамытудың маңызы зор. Жыл басынан бері Қазалыдағы өнеркәсіп кәсіпорындарында 7,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өнеркәсіптің басым бөлігі өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. Атап айтсақ – 82,9%. Қазіргі таңда ауданда 5510 кәсіпкер бар. Бұл – аудан үшін өте жақсы көрсеткіш. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында 636 кәсіпкер тіркелген. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 327 кәсіпкерге артық.
Бірінші жартыжылдықта түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 517 адам 2,3 млрд теңге қайтарымсыз грант пен несие алды. Жыл басынан бері аудан аумағында 10 кәсіпкерлік нысан толығымен пайдалануға берілді. Биылғы жылғы жоспар аясында, бірнеше нысан іске қосылды. Бұл жобалардың арқасында көптеген жұмыс орны ашылды. Бүгінгі күні ұсынылған 18 жобаның 14-і жүзеге асырылып отыр. Қалғаны қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Жыл аяғына дейін 1,3 млрд теңгенің жобалары қаржыландырылып, 30-ға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деген жоспар бар.
– Қазалыда ел игілігі үшін атқарылған жұмыстар жетерлік. Ауданның шалғай жатқан ауылдарына дейін асфальт жол салынып жатыр. Табиғи газ желісі тартылып, ауызсу сервистік желіге қосылуда. Бірақ бұл бізде проблемалық мәселелер жоқ деген сөз емес. Мәселен, қазіргі таңда ауылдарға скважина қазу, газдандыру мәселелері өте өзекті болып тұр. Алдағы уақытта осындай маңызды мәселелерді шешу үшін жұмыс істейтін боламыз. Аудандағы әр салада даму көрсеткіштері байқалады. Өздеріңіз білетіндей, біздің аудан – ауыл шаруашылығына бейімделген аймақ. Биылғы жыл шаруалар үшін қиын жыл болып тұр. Қыста қардың аз түсуі, көктемде жауын-шашын болмауынан Сырдария өзеніндегі су көлемі төмен деңгейде. Салдарынан еліміздің бірқатар аймақтарында, оның ішінде біздің өңірімізде де қуаңшылық болып отыр. Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес, мал қыстату науқанына аудан бойынша 142 мың тонна шөп, 28,6 мың тонна жем қажет. Ауданымызға қажетті шөптің 65 пайызын, ал жемнің 20 пайызын өздігімізден қамтамасыз етіледі деп күтілуде, – деді аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы.
Иә, мал азығы казіргі таңда ең өзекті тақырыпқа айналып отыр. Осы тұрғыда, жем-шөптің жетіспейтін бөлігін өзге аудандардан тасымалдау жоспарланып отыр. Аудан бойынша мал қыстату науқанына дайындық жұмыстары туралы іс-шара жоспары бекітіліп, аудан аумағында мал азығын қымбаттатпау және мал шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөнінде аудандық штаб құрылды. Сондай-ақ көрші 3 ауданның, дәлірек айтсақ Қармақшы, Жалағаш, Сырдарияның 5 шаруа қожалығымен шөп дайындауға меморандумға отырған. Сондай-ақ, биылғы жылы аудан бойынша барлығы 17 090 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналасты.
Бұдан басқа ағымдағы жылдың 6 айында ауданнан Ресей, Украина, Қырғызстан, Ирак, Тәжікстан, Монғолия елдеріне 1 678 тоннаауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылды. Мал шаруашылығына келсек, төрт түліктің барлық түрінде өсім бар. Қазір аудандағы мал басының басым бөлігі, яғни 65,2 пайызы жеке тұлғаларда, 2,5 пайызы ауылшаруашылық кәсіпорындарында, 32,3 пайызы шаруа қожалықтарының үлесінде.
Әлеуметтік мәселелер ұмыт қалмайды
Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Биыл Жанқожа батыр мен Майдакөл ауылдарындағы тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желісі қосылды. Сонымен қатар, «Байқожасу» құбырын қайта жаңғырту жобасы дайындалып, қаржыландыруға ұсынылған. Егер қаржы мәселесі шешімін тапса, Әйтеке би кенті мен Байқожа елді мекені аралығында 63 шақырым магистральдық желі тартылып, жол бойындағы 6 елді мекенге де ауызсу барады. Газдандыру да жүйелі жолмен дамып келеді. Қазалы ауданы бойынша Әйтеке би кенті мен Ғ.Мұратбаев ауылы «көгілдір отынның» игілігін көруде. Қазіргі таңда Қазалы қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 5 582 қала тұрғыны газбен қамтамасыз етілетін болады. Ендігі кезекте 3 ауылды газдандырудың жоба-сметалық құжаттарын дайындап, сараптама қорытындысын алу үшін 22,6 млн теңге бөлінді.
Ауданда спорт пен мәдениет саласына да көп көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, жастармен тығыз байланыс орнатып, көптеген шаралар атқарылуда. Әлеуметтік саланың дамуын жеделдету үшін де біршама жұмыстар атқарылған. Жыл басынан бері экономиканың түрлі саласында 1 578 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 609-ы тұрақты. Өткен жылдың қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға тұрақтады. 83 адам жастар тәжірибесіне, 835 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберіліп отыр. Жыл басынан бері 6 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге 195 жұмыссыз адам қатысып, одан 80 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.
Қазір аудан халқының 23,7 пайызы – жастар. Биыл жастар саясаты саласындағы өңірлік бағдарламаларды iске асыруға 21,5 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл жастар арасында мәдени, спорттық шаралар, акциялар мен семинар-тренингтерді көптеп ұйымдастырумен бірге, жастардың арасындағы жұмыссыздық пен қылмысты азайтуға бағытталады. Сондай-ақ, аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі – «Қарлаң» көпірі. Дарияның арғы бетінде орналасқан ондаған елді мекеннің қалаға қарай өтуінің бейнеті көп. Десе де, жақын арада көпір мәселесі шешілуге жақын. Облыс әкімінің қолдауымен бастапқы қаржы бөлінуі жосарлануда. Аудан әкімінің айтуынша, алдағы 2-3 жылда бұл мәселе өз шешімін табады. Одан бөлек, аудан арасындағы жолдар да жөндеуден өтпек.
Қорыта айтсақ, аудан әкімінің есебі көңілден шықты. Көптеген салада оң өзгерістер байқалып, біршама мәселелер шешілу үстінде екен. «Жығылғанға жұдырық» демекші, пандемия кезінде болған қуаңшылық ауданға ауыр соққы болып тиді. Соған қармастан атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы көңіл тоғайтады. Жыл соңына дейін жоспарды толығымен орындап, берілген уәделер орындалады деп сенеміз…
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!