«Екпе» деп елдің есі шығып жүргеніне жарты жыл уақыт өтті. Әдепкіде «міндетті емес» деп мінберге шыққан шенді-шекпенділер сөзінен айнуда. Шыны керек, «вакцина қабылдамасаң, жұмысқа келме» деген қорқытулар бүгінде ашық жүріп жатыр. Онсызда жаны зәр түбіне жетіп отырған халық одан сайын дүрлігіп кетті. Үндістанның «Дельтасы» да ел ішінде тез тарап, билікті састырып отыр. Иә, вакцина індетті жеңудің жалғыз жолы екенін жоққа шығармаймыз. Десе де, елге берген уәдені аяқ асты етудің кері жағы көп болатынын ешкім ескермегені өкінішті. Қазіргі таңда елімізде вакцина құжатын сатып жүргендер жетіп артылады. Жалған құжаттан бөлек, екпеден жалтарудың «жетпіс жолы» бар. Ең өкініштісі, аңқау халық арамзалардың арбауына түсіп қалып жатыр. Осы тұрғыда, жалған вакцина құжаттарын сату кәсібін зерттеп, бағасын білуге тырыстық. Көлеңкелі «кәсіпкерлермен» жеке сөйлесіп, өңірімізге жеткізу жолын да анықтап көрдік.
Қазақта «аңқау елге арамза молда» деген сөз бар. Жалған құжатты сатумен айналысып жүргендердің көбі – медицина қызметкерлері. Вакцина құжатын сатып жүргендер бұрыннан бар. Олар туралы министрліктің ресми мәлімдемесінде де айтылды. Олармен барынша күресеміз деп уәде де берді. Бірақ, бұл «кәсіпті» жасырын игеріп жүргендер жұмысын жалғастыра берді. Енді бүгінгі қыспақтың әсерінен әлгі «кәсіпкерлердің» қалтасы майланып, клиенттері көбейді. Кімнің кімді алдап жүргені белгісіз. Әйтеуір жел айдаған қаңбақтың күйі…
Негізі вакцинаның қауіпсіз екеніне көз жеткізетін уақыт жетті. Сондай-ақ, екпе қабылдамай, індеттен құтылу да мүмкін емес екенін білдік. Десе де, елдің дені екпеге әлі де сенбейді. Сол үшін түрлі жалған құжаттар жасап әлек. Әккілердің арасында ең алғашқы ұсталған жағдайды Денсаулық министрі Цойдың өзі айтқан болатын. Алаяқтықпен айналысқандарды ауыр жаза күтіп тұрғанын ескертіп, бұған қатаң қарайтынын ескерткен. Артынша ІІМ жыл басынан бері жалған құжатпен айналысқан 30-ға жуық қылмыскерді құрықтағанын хабарлады. «Сатушыларды» табу оңай шаруа емес. Бақылау күшейтілген соң көбі кәсіптен бас тартты. Құқық қорғау органдарына «ұстатпай» жүрген алаяқтарды өзіміз іздеп көрдік, өзгелер іздегенге де үңілдік.
АТАҚТЫ АЛАЯҚ – НҰРЛАН
Бұл тақырыпта осыған дейін бірнеше журналист пен қоғам белсендісі зерттеу жасап көрген болатын. Нәтижесінде зерттеудің бәрінде Tinder қосымшасындағы Нұрлан деген «сатушыны» көре аласыз. Танысуға арналған қосымшада өз қызметтерінің бағасын басты бетке жазып койған. Тіпті суретін орнатуға да қымсынбапты. Екпесіз-ақ құжатты алып беремін деп нақты жазған. Адам басына 30 мың теңге сұрайды. Ол аз десеңіз, 3500 долларға АҚШ-қа виза жасап береді екен.
Құжатты алу үшін әлгіге бірнеше құжат өткізуің керек. Ал ақшасын Kaspi қосымшасына аударасың. Ақшасын алдын ала төлеу қажет, әйтпесе «дәрігер» ақысыз ешнәрсе істемейді-мыс. Тіпті екпенің қай түрін қабылдауыңды өз еркіңе қалдырады. Құжатты күту уақыты – 24 күн.
Десе де, қазіргі заманда кез келген адам жайлы ақпарат жинау қиын шаруа емес. Vlast.kz ақпарат агенттігінің зерттеуіне сүйенсек, Нұрланның өзі де, сөзі де, дәрігері де өтірік. Түрлі қосымшылармен сатушының нөмері басқа телефондарда қалай сақталғанына көз жүгіртсек, «Алаяқ», «Мошенник. Кидает с Визами» деген сөздерді көру қиын емес. Сәл тарихына үңілсең, кәсіпкер алдымен фотограф, кейіннен «бір сағаттық еркек», содан соң мансабын туристік агенттіктерде жалғастырған. Қысқасы, мүмкін болған алаяқтықтың барымен айналысып үлгерген көрінеді. Бірақ, әлі күнге дейін ешкімге ұстатпай жүргені қызық…
«ИНВИВО»-дан ЖАЛҒАН ҚҰЖАТ ШЫҚҚАН
Жақында ғана Алматы қаласында қажылыққа баратын адамдардың жалған вакцина құжатын сатып алғаны жайлы ақпарат тарады. Құжатты туристік агенттік рәсімдеген екен. Екіжүзділіктің нақты көрінісі. Мұндай пасықтыққа заң да, шариғат та рұқсат бермейді. Себебі, адам ол арқылы өзінің ғана емес өзгенің де денсаулығына зиян тигізуі мүмкін. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Жалған құжат дайындауға атсалысқан адамдар 4 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қатаң бақылауды құнт қылмаған пысықайлар бізде де бар. Айласын асырғысы келгендердің басы ұсталып та жатыр. Осы мәселе бойынша облыстық полиция департаментімен байланысып, аймақтағы ахуалды сұрадық. Ресми жауапқа сенсек, ағымдағы жылы жалған медициналық құжаттарды жасату бойынша бір дерек тіркелген. Атап айтқанда, Қызылорда қаласының Полиция басқармасы бастығының атына «ИНВИВО» ЖШС мекемесінің бас директорынан қатынас хаты келіп түскен екен. Хатта қала ішінде жалған құжат пайдаланып жүрген азаматтың барын көрсеткен.
Дәлірек айтсақ, Ә. есімді қала тұрғыны «ИНВИВО» ЖШС мекемесінің зертханасынан «COVID-19» инфекциясының ПТР-тестілеуінің жалған құжатын пайдаланып жүргені айтылған. Бұл оқиға бойынша, қалалық Полиция басқармасының өндірісімен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Сондай-ақ, мұндай алаяқтыққа барғандар жазадан оңай құтылып кете алмайды.
– Көрінеу жалған құжатты пайдалану үшін бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады, – делінген облыстық Полиция департаменті ұсынған ресми хатта.
ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР ЖАЛҒАН ҚҰЖАТТЫ ҚАЛАЙ АЛА АЛАДЫ?
Жалған құжаттың кез келгенін жасап алуға болады. Оны инстаграм желісінде тіркелген Kazakhstan.spravki аккаунтынан білдік. «Stories» бөлімінде «вакцинадан жалтаруға мүмкіндік беретін медициналық құжат алып беремін» деп уәде еткен. Ол аздай бұл ұсынысты өз достарына таратқандарға 10 пайыз жеңілдік беремін деп көрсеткен екен. Заң бұзып отырмын-ау деген қорқыныш жоқ. Керісінше, халықтың бәріне таратып беруге дайын. Қызметтің бағасы – 20 мың теңге. Өмір бойына жарамды деп кепілдік береді. Бұл салада жүргендеріне 2 жыл уақыт болған екен. «Жақында бақылау күшейеді, үлгеріп қалыңдар» деп жазудан да тайынбапты.
Кәсіпкерге жеке жазып, «клиент» болып сөйлесіп көрдік. Құжатының Қызылордада жарамдылығына еш шүбә жоқ екенін айтты. «Бір күнде жасап, такси арқылы салып жіберемін» деді. Жету уақыты 1 күнді құрайды екен. Ақшасын алдын ала төлеуің керек. Басқа келіссөзге келіспейді. Ол аз десеңіз, жалған ПТР тест нәтижесін де жасап беруге дайын. Оның бағасы – 10 мың теңге. Құжаттар Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан №2 қалалық емхана арқылы беріледі деп көрсетілген. Одан бөлек, мұндай жұмыстармен Med_spravki.kst (бір құжаттың құны – 50 мың теңге), Spravka_astana аккаунтары жұмыс істейді. Бірақ, әдеттегі алаяқтар болып шығуы әбден мүмкін.
Айтпақшы, араға күн салып, әлгі «сатушы» бізге өзі хабарласты. Уақыттың аз екенін ескертіп, мүмкіндік бар кезде үлгеріп қалуымызды сұрады. Бұндай алаяқтықтың ашық жүргізіліп отырғаны қорқынышты. Алмақтың да салмағы бар. Уақыт өте жалған құжаттарды сатқандар да, алғандар да анықталып, жазаға тартылатыны хақ. Қазіргі вакцинациялау жұмысына күштеп ектіру деп баға берсек те болатын шығар. Күнкөрістің қамы үшін екпе қабылдауға мәжбүрсің. Шыны керек, жұрт сеңдей соғылды. Тұла бойларын қорқыныш пен күдік билеп тұр. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегеннің күйін кешіп, екпенің ағы мен қарасын ажырата алмай қалмасақ болғаны…
Бекзат АМАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!