Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Не істеу керек?

01.07.2021, 11:00 401

Қызылорда  облысының  әкімі

Гүлшара  Әбдіқалықованың  назарына

«Сапер бір рет қателеседі» деседі. Бірақ… Сол қателіктің зардабы айтпаса да түсінікті. Берісі мүгедек, арысы қайғылы оқиға болары әмбеге аян. Ал электрик ше?! Беті аулақ… десе де, электрик мамандығының жауапкершілігі мина іздеушіден бір мысқал да кем түспейтінін көріп жүрміз.

Күні кеше (дүйсенбі күні – ред.) аяқ астынан үймен жалғас салынған сарайдағы үш бірдей бөлменің жарығы жалп етіп, кенеттен өшіп қалды. Бұл алғашқы болған жайт емес еді. Үйдегі, ауладағы лампочкалар да жиі-жиі істен шығатын. Себебін біле алмай, дал боламыз. Жекелеген электриктерге ақысын төлеп қостырып алатынбыз. Үйден ұзартқыш (переноска) арқылы ток әкеліп амалдап шықтық. Ертеңіне азанымен «ҚЭТТК» АҚ Қазалы аудандық электр торабы басшысы Ерболат Мұхашовқа қоңырау шалып, жағдайымды айттым. Бұрын-соңды жүзбе-жүз кездеспеген адамым еді.

Ерболат Мұхашов өзі басқаратын мекеменің үйдің электр есептегішіне дейін ғана қызмет ететінін, үйдің ішіндегі желіге қызмет жасау құзыретіне кірмейтінін байыпты түсіндіріп, бір электрик жіберіп, жәрдем жасайтынын жеткізді. Азамат екен. Көп ұзамай Ерболат жіберген электрик ақаулы жерді жөндеп, іске қосып кетті. Алғысымызды жаудырып жатырмыз.

Бірақ… көңілде сұрақ қалды. Кез келген адамның электр желісіндегі ақауды қалпына келтіруге шамасы келмесі белгілі. Сондықтан токтан хабары бар жекелеген адамдарға жағдай айтып (әрине, ақысына), тіпті жаңадан салынып жатқан үйдің электр желісін жүргіздіріп, немесе токқа қатысты жұмыстарды жасататынымыз жасырын емес. Олардың мамандығын, ондай жұмыстарды істеуге рұқсаты бар-жоғын кім сұрап жатыр дейсіз?! «Шаруамыз бітсе болғаны» деген сыңай танытамыз. Дұрыс шығар. Дегенмен, жеке адамдар жасаған сол жұмыстар қауіпсіздік ережесіне сай келмесе ше?! Электр желісінің тұйықталуы, басқа да себептен жазатайым өрт тұтанса ше?! Өкінішке қарай, мұндай келеңсіздіктер болып жатқанын естіп, біліп жүрміз.

«Сақтансаң, сақтармын» деген бар. Бірақ, қалай?!. Өзім хабарласқан «ҚЭТТК» мекемесінің құзырына жоғарыдағы мәселе кірмесе, қарапайым тұрғындар не істеу керек?!

Жазатайым оқиғаның алдын алу, жау кеткен соң қылышыңды текке сермемеу үшін кімге, қандай орынға жүгінеміз?! Бәлкім, бір мекеменің құзыреттілігін кеңейтіп, соларға жауапкершілікті жүктеген абзал ма?! Бұл атқарылған жұмыстарды мекеменің тегін бітірмейтіні, оларға да қаржы түсетіні тағы белгілі. Бірақ… Адам өмірі бәрінен қымбат екендігі даусыз. Мейлі, қандай бағыттағы, кімнің меншігіндегі мекеме болмасын, осы қағида басты назарда тұрады деп ойлаймын.

Бәлкім, біреулер бұл мәселені ұсақ-түйек санап, «облыс әкімінің назарына ұсынып, аттан салмаса да болады ғой» деуі ықтимал. Алайда мен… «қоғамның басты байлығы – адам» қағидасын тұтындым.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: