Кітапхана – ақысыз қазынаның сақталу қоры. Кітапханаға барып, рухани азық жинайсың, күйбің тірліктен демаласың. Кейде іздегенің тілесең де табылмай жатады. Сондай жағдайда студент болған соң университет кітапханасынан табылмаған кітаптар облыстық әмбебап кітапханадан табыла кетеді. Табуын табасың-ау, бірақ, үйге алып оқу қиындау. Кітапханаға жеке куәлік бойынша тіркелесің және оқырман билеті беріледі. Бұл арқылы тек оқу залына кітап аласың. Ал үйге әкету үшін жеке куәлікті қалдырып кететінбіз. Бұл тек студенттер үшін ғана емес, өзге оқырмандар үшін өте тиімсіз. Өйткені жеке тұлғаның төлқұжаты кез келген уақытта қажет болу мүмкін. Тіпті ойламаған жерден сырқаттанып қалсаңыз, сізді жеке куәліксіз дәрігерлер қарай да алмайды.
Гүлжанат, студент:
– Мен 2019 жылдың мамыр айында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасынан кітап алған болатынмын. Әрдайым іздеген кітабымды сол жақтан алып жүрдім. Бір күні оқытушым бір оқулықтың керек екенін айтып, «сен облыстық кітапханадан алып жүрсің ғой, маған әкеліп берші» деп өтініш айтты. Апайымның айтқанын қалай орындамайсың?! Кітапханадан төлқұжатпен оқулықты 10 күнге алып бердім. Ол кезде кітапты тек төлқұжатпен беретін. Берілген уақыты бітіп, кітапты өткізуімді сұрап маған хабарласты. Ал, мен ұстазыма айтуға ұялып әрі жүрдім, бері жүрдім. Сөйтіп жүргенде айттым. Сөйтсем, ол кісі іссапарға кетуге дайындалып жатыр екен. Кітапты келген соң ғана бере алатынын айтты. Ал, маған кітапхана қызметкерлері қайтармағаным үшін ренжулі. Өз кінәмді түсінемін. Ыңғайсыз жағдайда жүрмін. Оқулықты қайтармайынша, басқа кітап та ала алмаймын. Биыл кітапхана ережесі өзгергендіктен, төлқұжатымды қайтарып берді, бірақ, мойнымда қарызым қалды.
Кітапханадан жеке куәлікпен кітап алып, қажетті құжатсыз біраз уақыт жүріп қаласың. Құжатты алу үшін кітапты қайтару керек. Ал мұндай жағдайда қайтпексіз? Төлқұжатты кітапханадан кітап алу үшін кепілге қалдыру заң тұрғысынан қаншалықты дұрыс? Білікті заңгерден сұрап көрдік.
Шара Қалибекқызы, Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының адвокаты:
– ҚР азаматтары үшін олардың жеке басын куәландыратын құжат жеке куәлік және паспорт болып табылады. Жеке тұлғаның төлқұжатын кепілге қалдыруы немесе алып қоюы Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің заң талаптарын бұзуға әкеліп соғады. Яғни, бұл жағдайда азаматтардан жеке құжаттарын заңсыз алып қойса немесе оны кепілге қабылдаса, бастапқыда ескерту беріледі. Одан кейін қайталанған жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе кейін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, жеке басын куәландыратын құжаттар туралы Заң бар. ҚР 2013 жылғы 29 қаңтарда қабылданған жеке басты куәландыратын құжаттар туралы Заңның 23-бабында «жеке басты куәландыратын құжаттарды кепілге қабылдауға тыйым салынады» делінген. Сонымен қатар, ҚР азаматтарының жеке куәліктерін немесе төлқұжаттарын рәсімдеу, оны алып қою, басқа құжаттармен ауыстыру жөнінде ереже бар. Ол – ҚР Үкіметінің 2013 жылы 26 тамыздағы қаулысымен қабылданған ереже. Бұл ережеде көрсетілген, яғни заң талабына сәйкес жеке басты куәландыратын құжаттар тек ғана сотқа дейінгі тергеп, тексеру органдарының лауазымды тұлғаларымен немесе әкімшілік іс қозғалған кезде лауазымды тұлғалардың құжаттарымен алынады деп көрсетілген.
Мұндай жағдайдың біздің өмірімізде күнделікті кездесетіні жасырын емес. Дүкеннен қарызға зат алу, ал кітапханадан кітап алу үшін де өзінің төлқұжатын беріп кетеді. Оның заңға қаншалықты қайшы келетінін екі жақ та сезінбейді, ұғынбайды. Ал кітапхананың жеке төлқұжатты кепілге алуы бойынша Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасына бас сұқтық.
– Біршама уақыт бұрын кітапты жеке құжат арқылы беретінбіз. Қазір алынып тасталды. Өйткені кітапханадан алған кітапты қайтаруды жөн көрмейтін оқырмандар бар. Мысалы, бір кітаптың құны 4-5 мың теңгенің көлемінде болады. Бұл – кітапхана үшін шығын. Біз кітап қорының сақталуына жауап береміз. Оқып болған кітапты қайтармау мәдениеттілікке байланысты деп ойлаймын. Енді алынған кітаптың құнын төлету туралы ереже қоссақ па деген ойдамын. Яғни, кітапты бірнеше күнге алғысы келсе, кітаптың бағасы кепіл есебінде төленеді, уақытында әкелген жағдайда қаражаты қайтарылады, – дейді кітапхана басшысы Нұржамал Мырзамұратова.
Оның айтуынша, соңғы уақытта кітапханада жаңа ереже бекітілген. Кітап алған кезіңізде тұрғылықты мекенжайыңызды, ұялы және үй телефон нөміріңізді қалдырасыз. Уақытынан кешіккен жағдайда сізге ескерту ретінде қоңырау шалынады. Егер кітап мүлдем қайтарылмаса, кітапхана заңды тұрғыда сотқа шағымдана алады. Кітапты жоғалтып алған жағдайда мазмұны жағынан сәйкес кітап немесе сол кітаптың ақысы төленеді. Бүгінде кітаптарын қайтармай жүрген оқырмандардың басым көпшілігі – студенттер. Оның өзінде студенттер өздері үшін емес, ұстаздары алдыратын көрінеді.
Жыл сайын университет кітапханасы «буккроссинг», яғни кітап алмасу акциясын өткізіп тұрады. Бұл дегеніңіз – өзің оқып болған кітапты өзге оқырманға тарту ету. Оқырман аудиториясын қалыптастыру мақсатында осындай шаралар өткізіліп тұрса, кітап қайтармау, кепілге кітап алу сияқты жағдайлар азаяр еді.
Тоғжан ИБАДІЛЛА,
ҚМУ-дың 4-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!