Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Орталық Азия су үшін соғыс алаңына айнала ма?

20.05.2021, 12:00 665

Қырғыз-тәжік қақтығысы Орталық Азияда жақын аралықта үлкен қақтығыстар болу мүмкіндігін көрсетті. Екі ел арасындағы шекара мәселесі, анклав маша­қатынан бөлек, су мәселесі өткір тұрғанын байқадық. Себебі, қақтығыс су қоймасының басында басталды. Артынша судан басталған қақтығыс кішігірім соғысқа ұласты. Бұл Ташкент, Нұр-Сұлтан, Ашхабад, Душанбе, Бішкекті ойландырды. Себебі, Орталық Азияда су мәселесі жыл сайын өзектілігін арттырып келеді, ал бес ел арасындағы  су  әділетті  бөлінбеген.

Түркіменстан мен Қазақстанда  су  тапшылығы  соңғы  уақытта  қатты  байқалуда. Ал  Өзбекстандағы  судың  77 пайызы  сырт  елдерден  келеді.  Түркімен­станда –  90 пайыздан, ал Қазақстанда 40 пайыздан астамы – сырт елдерден келетін трансшекаралық өзендер. Қазақстан трансшекаралық өзендерді келісімсіз қолданудың неге әкелетінін жақсы біледі. Арал теңізі соның айқын дәлелі. Аралдың зардабын Өзбекстан да тартуда. Яғни келісімсіз шешім қабылдай салудың салда­рын да Ташкент түсінді. Бұл әрекет Мәскеу бұйрығы арқылы жасалса да, оның ащы зардабын қос ел тартуда.

Тәжікстан мен Қырғызстан судың мол қорын иемдену арқылы, оны экономикалық пайдаға асырғысы келеді. Яғни «суды саудалау» мұнай, газ саудасымен тең. Су электр станциясының құрылысы. Тәжікстан мен Қырғызстан ірі су электр станцияларын салуға дайындалуда. Қазіргі таңда пандемия мен экономикалық дағдарыс олардың бұл жоспарына тосқауыл болу­да, алайда болашақта ол жоспарларын іске асыруға тырысу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Өзбек­стан мен Қазақстан бұл жоспарларына қарсылық білдіріп келеді. Және ол қарсылық кез келген уақытта жаңа  қарқынға  көшуі  мүмкін.

Су үшін талас әсіресе көктем мезгілінде арта түседі. Себебі, ауыл шаруашылығы үшін дәл осы уақытта суды бөлісу процестері басталады. Душанбе мен Бішкек дәл осы мезгілде суды барынша саудалап, оны қысым көрсету тетігі ретінде қолданғысы келеді. Орталық Азияда жаз құрғақ, экологиялық ахуал өте қиын. Өзендердің ластану мәселесі күрделі, бұл су ресурстары проблемасын  одан  әрі  өткір  және  өзекті  етуде.

Тәжікстан су қоймаларын салуда. Әсіресе «Рогун» су қоймасының мәселесі өткір тұр. «Рогун» су қоймасы Тәжікстанның биік аймағында орналасқан. Ол сейсмикалық аса қауіпті аймақта. Кез келген уақытта жер сілкінісі бұл қойманың жарылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан Ташкент үнемі Тәжікстанға ескерту жасап келеді. Себебі, бұл қойманың жарылуы Орталық Азия­да үлкен апат туындатуы мүмкін. Әсіресе Ферғана жазығы­ның су астында қалып, миллиондардың баспана­сыз қалып, босқынға айналуына себепкер болуы ғажап емес. Сондықтан бұл су қоймасы Тәжікстанға шекаралас елдерді қатты алаңдатуда.

Су қоймасы мәселесі ресми Нұр-Сұлтанды да алаңдатып келеді. Себебі, Өзбекстанның «Сардоба» су қоймасының жарылуы пандемия уақытында оңтүстік өңірлеріміздің су басуына себепкер болды. Ауылдар қирап, егістікті су шайып кетті. Бұл экономикалық шығынға да әкеп соқты. Қазақстан мен Өзбекстан бұл мәселені өзара келісім арқылы шешті. Дегенмен, бұл оқиға жергілікті халықты да, билікті де ойландырып қойды. Сонымен бірге Қырғызстанның су саясаты да Қазақстанға тиімді емес. Бішкек су қажет жаз мезгілінде суды бөгесе, су қажет емес қыс уақытында керісінше бөгеттерді ашып, қиындықтар туындатып келеді. Әрине, бұл қарсы шаралар қабылдауға мәжбүрлеп келеді.

Су ресурстарын пайдалану аймақтық проблема болып табылады. Оны тиісті елдер келіссөздер жүргізу арқылы шешуі және талқылауы қажет. 10 жылдан астам уақыт ішінде «суды бөлісу» проблемасы Орталық Азия­дағы аймақтық ынтымақтастықтың басты назарында болатыны анық. Қазақстан мен Өзбекстан энергетикалық ресурстарды Тәжікстан мен Қырғызстанға тегін бергісі келмейді, олар өз кезегінде су ресурстарын «коммерциализациялауды» жақтайды. Сондықтан бұл мәселеде келісімге келу қиындық тудыруда.

БҰҰ мәліметі бойынша алдағы уақытта соғыстар су үшін болады. Мұнай мен қазба байлықтар екінші планға ауысып, бастапқы кезеңге су шығады деп болжауда. Орталық Азияда бұл 2045-2050 жылдары болуы мүмкін дейді сарапшылар. Сондықтан су үшін талас әлі алда. Тегі мен тарихы ұқсас бауырлас елдер бұл мәселеде ортақ келісім табу үшін қазіргі таңда келіссөздердің алғышарттары жасалуы тиіс.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: