Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

N2 O2 немесе денсаулықтың бес дәрісі

06.03.2020, 15:28 750

Бір сәт тоқтамайтын, толастамайтын ақпараттар ағымында «Норвегия 2025 жылдан бастап бензинмен, дизельмен жүретін автокөліктерді пайдалануға тыйым салуды жоспарлап отыр» деген жолдар жүріп өтті…

Сонда викингтердің ұрпақтары жаяу-жалпы өмірге көшті ме дерсіз. Жоқ, елдің бәрі енді электромобильге отыратын болады. Қазірдің өзінде елде бензинмен жүретін көліктен электрмен жүретін көліктің үлес салмағы басым жағдайға жетті. Елдің автоөндірісі дамып кеткен екен десеңіз қателесіз, қазір сатылымдағы электромобилдердің басым бөлігі американдық «Тесла» компаниясына, шамалы бөлігі жапондық компанияларға тиесілі. Теслаңыз жетпіс бірінші жылғы (жетпіс бір жастағы емес) Илон Маск деген «қаҺарманға» тиесілі. Неге олай десеңіз, анық-қанығын әлемжеліден біліп аларсыз…

Елдің бес миллионға жуық халқының бұдан ұтары да көзге көрінбейді. Оны тек тыныстап қана сезінуге болады. Өзің таңертең тұрғанда таза ауамен тыныстайсың, кешке дейін де, түнімен де, жылдың төрт мезгілінде де. Бала-шағаң да, көрші-көлемің де, бүкіл елің де. Бар болғаны сол…
Жалпы жұтқан ауаңмен, ішкен суыңның деніңінің саулығына үлкен әсері бары сөзсіз. Суды енді сүзгіш қойып, дүкеннен литрлеп сатып алып амалдауға болар, ал енді аспан ортақ, ауа ортақ дегендей…
Ауа арқылы тарайтын аурулардың қатарында туберкулез де бар. Көңіліңізге келсе де айтып-айтып тастайын. Бұл Азия мен Африканың даму деңгейі әлсіз елдеріне тән ауру, бұл дерттің балама атауы «кедейлердің ауруы». Үйсіз-күйсіздерді, тұрмыс деңгейі төмен отбасыларды бірінші иектеуге бейім тұрады. Біздің елде де денсаулық сақтау саласы бұл дертпен барынша күрес жүргізіп отыр, олай болса салт-дәстүрде, күнделікті тұрмыс-тіршілікте, отбасы-ошақ қасында біршама жиып-тиятын тұстар бар секілді… Айта бастасақ: асату, сарқыт, ауызға түкірту, дастархан басында отырғандармен жағалай қол беріп амандасу т.б кете береді. Айтпақшы, хозяйкалардың назарына! Құрметті қонағыңызға кәделі асыңызды берер әсем өрнектелген ағаш астауыңыз ыстық асқа арналмаған, дегенмен «алдыңа ас қойдым…» деп ақыры бесбармақ салар болсаңыз асханалық фольга төсеп салыңыз, әйтпесе алдында жуған «фэйри» жайманың буымен, ағаш ыдыстың лагымен әрекеттесіп «жамаан» болады… Негізі «дәстүрдің озығы да, тозығы да болады», оны дұрыс елеп-екшеу де біз әлі меңгеруге тиіс өнер шығар шамасы…

Адам баласы дүниеге келген күннен бастап 14 жасына дейін оннан астам екпе алуы тиіс, яғни тиісті екпелері егілген бала организмі өмір жолында кездесуі ықтимал дерттерге қарсы алдын-ала қорғанысқа ие болады. Вакцинация – әлемдік медицинаның дәлелдеуді қажет етпейтін зор жетістігі, ал әлем елдерінің басым бөлігі әлдеқашан ауыздықтаған – кәдуілгі «қызылша» ауруымен әлі алысып жатқанымыз бұл енді шындық. Балабақша, мектеп табалдырығын аттау міндетті вакцинациядан кейін болатындай ету соншалықты қиын шаруа ма ?

Р.S. Тақырыпқа оралсақ. Таңертең ұйқыдан тұрған бойда үй температурасындағы бір кесе суды ішіңіз, одан кейін тысқа шығып «Норвегия, Тесла, Илон Маск» деп ізгі ойлардың иірімінде тұрып таңғы таза ауамен бес рет барынша терең демалыңыз. Мен ұсынатын бес дәріңіз сол, мөлшерін өзіңіз белгілейсіз, ең бастысы аптасына жеті рет қабылдауды ұмытпаңыз. Деніңіз сау болсын!

Сәбит  КӨШЕРБАЕВ,

Facebook-тегі  парақшасынан  алынды

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: