«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Бүкіл әлемді тығырыққа тіреген коронавирус пандемиясы кезінде екпе салдырып, аурудан арашаланғандар көп. Екпе егу басқа елдерде өткен жылдың соңында басталып кеткен. Ал біздің елімізде ақпан айынан басталды. Алғашқыда Ресейдің «Спутник V» вакцинасы егілген. Қазір оған өзіміздің отандық вакцина QazCovid-in келіп қосылды. Отандық екпе егіледі дегеннен бастап ел арасында неше түрлі өсек-аяндар қаптап кеткені жасырын емес. Қарапайым халық ақ пен қараны ажырата алмай қалды. Бойын үрей мен қорқыныш билеген тұрғындар вакцинаны салудың қаншалықты қауіпсіз екенін білмей отыр. Осы тұрғыда, отандық вакцина жайлы шыққан ресми ақпараттар мен ол туралы белгілі мәліметтер және өңірдегі вакцинациялау жайлы айтуға тырыстық.
ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ҚҰРАМЫ ҚАНДАЙ?
Елімізде вакцина алуы тиіс отандастарымыздың 15%-ы екпе салдырып үлгерді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында мәлімдеді. Вакцина салдырғандардың көбі «Спутник V» екпесін қабылдаған. Әлемнің бірнеше мемлекетіне таралып, вируспен күресудегі белсенділігін танытқан бұл вакцина жайлы сөз қозғамаса да болады. Себебі, ресейлік «Спутник V» екпесін қабылдағандардан түскен шағым жоқтың қасы. Ал енді ғана егіле бастаған отандық вакцина қазір сын мен міннің астында тұр. Қылкөпірде тұрған жергілікті ғалымдардың туындысы жайлы әңгіме көп. Десе де, сәуір айының 26-сынан бастап егілген отандық вакцинаны қабылдағандар да бар. Өзінің «ресейлік әріптесіне» қарағанда отандық вакцина ДДСҰ-ның зерттеуінен өткен жоқ. Қазір ұйымда 20-ға жуық вакцина тексерістен өтіп жатыр. Алайда оның арасында біздің отандық вакцина жоқ. ДДСҰ мамандары да осыған алаңдаулы. Азаттық радиосына берген ақпаратында ұйым «Екпені жасаған ғалымдардан ДДСҰ-мен бірге жұмыс істеп, вакцинаны тексеруден өткізіп, қорытынды шығару үшін деректерін жолдауын сұраймыз. Кейбір елде жасалып жатқан бірнеше екпе EUL/PQ базасы я Stringent Regulatory Authority (SRA – ДДСҰ құрған қауіпті ауруларды емдейтін дәрі-дәрмек, екпелерге нұсқаулық беретін орган – ред.) арқылы тексеріліп жатқан жоқ. Жаппай қолданып жатқан екпелер халықаралық талаптарға сай келеді деп үміттенеміз» деген екен.
Жалпы, QazCovid-in вакцинасын шығару жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Екпе сынағының бірінші кезеңінде – 22, екінші кезеңінде 200 адам қатысқан. Екеуі де сәтті аяқталды. Сынақтың үшінші кезеңіне 3 мыңдай адам атсалысқан. Бірақ үшінші кезеңнің нәтижесі толық шықпай жатып екпе салу жұмыстары басталып кеткен еді. Көпшілікті дүрліктірген де осы болатын. Дегенмен, мамандардың айтуынша, вакцина жұмысына еліміздегі ең үздік мамандар атсалысқан және барлығы бір ауыздан вакцина қауіпсіз деген тұжырымға келген. Сынақ кезінде де оқыс оқиғалар болмаған екен. Коронавирусқа қарсы вакцина салғандардың иммунитеті қалыптасып, 6 айға дейін сақталған. Естеріңізде болса, Ресей мемлекеті де «Спутник V» екпесін былтыр тамызда, сынақтың үшінші кезеңі аяқталмай жатып халыққа жаппай еге бастаған еді. Сол уақытта Батыс ғалымдары мен дәрігерлері ресейлік екпенің әлеуетіне сенбей, дабыл қаққан еді. Бірақ, ақпанның басында халықаралық Lancet медицина журналы «Спутник V» зерттеуін жариялап, екпенің 91 пайыз пайдалы әсері бар деп хабарлады.
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті инфекцияларды зерттеу лабораториясы жетекшісі Лесбек Құтымбетовтің azattyq.org ақпарат агенттігіне берген сұхбатына сенсек, отандық вакцина өлі вирустан жасалған. Бұл – бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан технология. Құрамында Covid ауруының залалсыздандырылған вирусы бар және оған иммуностимулятор қосылған. Сонымен қатар, қәдімгі су мен тұз да бар. QazCovid-in вакцинасының басқалардан артықшылығы да бар. Мәселен, америкалық екпелер – геномдық вакцина. Оны қолданған кезде -70 градуста ұстау қажет. Ресейдікі де тірі вирус болған соң, оны бұзылып кетпеу үшін -20 градуста сақтау керек. Ал біздің вакцинаны тоңазытқышта қатты қатырмай алып жүре беруге болады. Ол – толық залалсыздандырылған вирустан дәстүрлі жолмен жасалған екпе. Өзгелерден артықшылығы – осы. Отандық вакцинаны салу барысында шетелдік тәжірибелер де назарға алынып отырған. Жасап шығу барысына бірнеше зертхана араласқан.
ЕКПЕ ЖАҢА ШТАМДАРМЕН КҮРЕСЕ АЛА МА?
Үкімет басшысы мамыр айында 2 миллионнан астам азаматқа екпе егу жоспарда бар екенін айтты. Қазақстандық вакцинаны қолданушылардың қатары да біртіндеп өсіп келе жатыр. Осы тұрғыда, халықты үрейлендіретін тағы бір мәселе бар. Ол – коронавирустың жаңа штамдары. Екпелер жаңа штаммен күресе алатыны жайлы нақты бір дәлелді әлі де ешкім ұсына алмауда. Оның үстіне вирус әр елде мутацияға ұшырап жатыр. Әсіресе, Бразилия мен Үндістанда жағдай мүшкіл. Үндістанда тіпті күніне 300 мыңнан астам адам індет жұқтырып, мәйітті өртейтін крематорийлер үлгермей жатыр. Соның әсерінен вирус жұқтырып қайтыс болғандардың денесі көшелерде өртелуде. Ондағы мутация қазір бүкіл әлемді қорқытып отыр. Себебі, өлім деңгейі тым жоғары. B.1.617 деп аталған мутация қазірдің өзінде әлемнің бірнеше елінен табылған. ДДСҰ-ның мәліметінше, екпелер бұл мутацияға әсер етпеуі мүмкін. Десе де, АҚШ президентінің медицина бойынша кеңесшісі Энтони Фаучидің айтуынша, жаңа штам Үндістанда жасалған Covaxin вакцинасын салдырған адамдарға зиянын тигізбеген екен. Демек, қазіргі екпелер бұл штаммен күресуге әлі жетеді деген болжам бар. Біздің отандық вакцина да жаңа штамдармен күресе алады дегенге сенім мол. Дегенмен, жоғарыда айтқандай бұл сұраққа әзірге нақты жауап беру қиын.
ӨҢІРІМІЗДЕ ВАКЦИНАЦИЯЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ ӨРБУДЕ?
Бүгінгі күні өңірімізде індет жұқтырғандардың саны 6 мыңға жуықтады. Вакцинациялау жұмыстарына тоқталар болсақ, 1 ақпан мен 3 мамыр аралығында аймағымызда коронавирус инфекциясына қарсы екпені 49 386 адам салдырған. Бұрынғы қалыпты күйге қайта оралу үшін жалпы аймақ бойынша 371 мың адам коронавирусқа қарсы екпе алуы керек. Қазіргі таңда халықтың 14 пайызы ғана вакцина алып отыр. Өңірімізге «Спутник V», «QAZVAC»-қа қосымша 5000 Араб Әмірлігінен «Hayat-vax» екпесі келіп отыр. Сейсенбіден бастап «Қорқыт ата» сауда орталығында жылжымалы егу бригдасы өз жұмысын бастады. Қосымша «Aray City MALL», «Жібек Жолы», «Қызылорда» сауда үйлері мен театр, банктерде өз жұмысын жалғастыратын болады.
Облыс халқының көпшілігін алаңдататын сұрақтарға да жауап беріп өтсек. Әлемдегі бірде-бір вакцинаны кәмелетке толмаған балаларға салуға болмайды. Оның бір ғана себебі бар. Себебі, ешқандай екпе жас балаларға салынып көрмеген. Тексеріс кезінде балаларды сынақтан өткізу заңсыз. Сол үшін де оларға екпенің қалай әсер етінін әзірге білмейміз. Алғашқыда егде адамдарға да дәл осы себеппен екпе салдыруға тыйым салынған еді. Десе де, зерттеулер нәтижесі бойынша оларға екпенің кері әсері жоқ екені дәлелденген. Pfizer компаниясы басшылығының мәліметінше, балаларға арналған екпе осы жылдың күзінде жасалып шығуы мүмкін. Халықты алаңдататын тағы бір сұрақ – қай вакцинаны ектірген дұрыс? Әр елдің тәуелсіз сарапшыларының пікірінше, ең дұрыс вакцина – сізге қолжетімді вакцина. Яғни, оларды бөліп-жарудың маңызы жоқ. Десе де, көңіл түкпірінде күдік бар болса, арнайы маманнан кеңес алған дұрыс. Қазіргі таңда әлемде 1,18 миллиард адам екпе салдырса, елімізде вакцина қабылдағандар саны 1,5 миллионға жуық.
Бекзат АМАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!