Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Эксперимент: қызылордалықтар көмекке зәру жандарға қамқорлық танытты

05.03.2020, 11:57 596

Бүгінде біз үшін кісі өлтіру, зорлық-зомбылық секілді қылмыстар күнделікті қалыптасқан дүние сияқты болып қалды. Көшеде адам құлап жатса да мән бермей өтіп кете беретін жағдайға жеттік. Мұның себебі неде? Қазір кез келген бағдарлама, әлеуметтік желіні ашсаң, көптен көмек сұраған жандарды көресің. Бұл халықтың көзіне үйреншікті жағдайға айналды. Ал, сіз ше? Көшеде бейтаныс біреу ауырып қалса, сіздің әрекетіңіз қандай болмақ? Сол мезетте көмекке жүгіресіз бе әлде байқамағандай болып өтіп кете бересіз бе? Осыны білу мақсатында Қызылорда көшелерінде эксперимент жасадық.

Жоспар бойынша ауырған адамның кейпіне еніп, адамдардың назарын өзімізге аударуға тырыстық. Бірнеше минут өткен соң кейіпкерімізге көмек қолын созуға мектеп оқушысы келді. Ойы зерек оқушы дереу сөмкесінен су құйылған құтыны алып, айналасындағы адамдарды көмекке шақырды. Баланың сөзінен кейін бірнеше адам көмекке келсе кейбіреулері мән бермегендей болып кете берді. Оқушының осы бір қылығына тәнті болып алғысымызды айттық та, келесі көшеге өттік. Бұл жолы адамдардың назарын аударып емес керісінше олардан өзіміз көмек сұрадық. Бір қызығы көмектескен жандардың саны өте аз болды.

Бірі назар аудармаса енді бірі жұмысқа асығып бара жатқанын айтып көмек көрсетуге немқұрайдылық танытты. Дегенмен көмек сұрауды мұнымен тоқтатқан жоқпыз. Кейіпкердің ауырғанын байқап өздігінен көмекке ұмтылған жандар көптеп кездесті. Әсіресе, жастарымыздың, басым көпшілігі жедел-жәрдемге дейінгі алғашқы медициналық көмек жасады.

Өткізілген эксперименттің нәтижесі тұрғындардың адамгершіліктен кенде емес екендігін көрсетіп берді. Әлеуметтік эксперимент барысында адамдардың 70 пайызы көмек көрсетті. Бастапқыда кейбір адамдардың мән бермей өтіп кеткендігі көңілімізді су сепкендей басқанымен, одан кейінгі жанашыр жандардың құрақ ұшып жүгіргені көңілімізге медеу болды. Тіпті олардың ішінде дәріханадан дәрі-дәрмек алуға кеткендері де бар. Қала халқының басым көпшілігі мұндай жайтқа бей-жай қарамайтындығына қуанып қалдық. Қазіргі қоғамда болып жатқан жайттардың басым бөлігі адамның тәрбиесіне байланысты. Тәрбие тал бесіктен басталады. Кейбір адамдардың көшеде жүрегі қысылып ауырып жатқан жанға көмек қолын ұсынбақ түгілі, бұрылып қарамағандарға қарап көңілің түседі. Айта кетейік, Америка мен Ресейде жасалған осындай эксперименттердің нәтижесінде Ресей халқының көмек көрсету деңгейі Америкаға қарағанда төмен болған.

P.S. Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп қасымыздағы жағдайы күрт нашарлаған адамды да елемей өтіп кете береміз. Ал дәл осы жағдайға өзіміз түспейтінімізге кім кепіл? Өзіңді-өзің тәрбиелеу оңай дүние емес екені бәрімізге мәлім. Алайда, адам баласы кез-келген затты және іс-әрекетті өзінен бастау керек екені анық. Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңнен баста. Сенің көзқарасың ол сенің өмірің. Қоғамға, адамға деген ізгі ниет, мейірімділікті бірінші орынға қойсаң өзіңді де, өзгенің де өзгеруіне көмектесе аласың. «Адам шын мағынасымен «Адам» болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен шектелмейді, жалпы адамзатты сүюі шарт» – деген Мағжан Жұмабаев. Біздің де ұлы сөзден асып айтарымыз жоқ.

Мөлдір Қуантқан,

Тоғжан Үбайділдақызы,

ҚМУ-дың 4-курс студенттері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: