Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Иен далада иесіз қалған құрылысқа қашан жат бітеді?

19.03.2021, 10:40 718

HALYQLINE.KZ

 «Сөз – істің елесі» деген даналық сөз бар. Қармақшы ауданында іске қарап, керісінше, «іс – сөздің елесі ме?» деп қаласың. Олай деуіміздің себебі – ауданда бастау алған бірнеше жоба аяқсыз қалып һәм уақытынан кеш орындалуында. Айғайлап ұрандаған жобалар иесіз қалып, арты қайғылы оқиғаларға дейін апарып жатыр. Осы тұрғыда, «ауданның әлеуметтік ахуалы қандай, аяқталмаған жобалардың себебі неде және олар қашан аяқталады?» деген сұрақтарға аудан әкімі М.Қалдарбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берді.

Өңірімізде жазғы демалыс лагері жоқ бір ғана аудан бар екен. Және бұл ауданның Қармақшы екені айтпай-ақ түсінікті. Ауданда демалыс орны салынады деп уәде етіліп, бастапқы бюджетін де бөліп қойған еді. Алайда басталған іс аяқсыз қалып, көтеріп қойған «қос қабырға» қаңырап тұрған еді. Сонымен қатар, өткен жылы аяқтаймыз деп уәде еткен құс фабрикасы мен Жосалы кентін газдандыру да биылға қалыпты.

– Алдымен апта басындағы Жосалыда болған оқиға жайлы айтып өтсем. Қаралы оқиғаға тап болған отбасына мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік көмектер беріліп, түрлі қоғамдық қорлардың барлығы көмектесіп жатыр. Сол күні ауданның барлық салалары оқиға орнында болып, тиісті іс-шаралар атқарды. Аудан әкімшілігі тарапынан да отбасына көмек көрсетілді. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұл мәселені қайта болдырмау үшін ауданда комиссия құрып, жұмыс істейтін боламыз. Қолдан келгеннің барлығын жасаймыз. Одан бөлек, ауданның ағымдағы жылы істелген жұмыстарын атап өтсем. Аудандағы кәсіпкерлікті дамыту үшін бірнеше жұмыстар атқарылуда. Индустрияландыру бағдарламасының аясында құрылысы басталған «Қармақшы құс» ЖШС құрылысы аяқталуға жақын. Бұл іс пандемияға байланысты кеш аяқталуда. Фабрика іске қосылғанда 60 адамды жұмыспен қамти алады. Сондай-ақ, жоспарланған жұмыстардың барлығы биыл аяқталатын болады, – деді Қармақшы ауданының әкімі Мұса Оспанұлы.

Жалпы, құс фабрикасының аяқталуына каратин кесірін тигізіпті. Мердігер мекеме құрылысшыларын әкеле алмай, жұмысты жалғастыра алмаған. Дәл осындай жағдай Жосалы кентіндегі газдандыру жұмыстарында да болған. Жоспарға сәйкес газдандыру өткен жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс еді. Жоба уақытылы аяқталғанда мұндай қаралы оқиғаларға кездеспес пе едік? Алайда пандемия айтып келмеді, алдағы уақытта қалған олқылықтың орнын толтырудан басқа амал жоқ…

Аудандағы демалыс лагерінің айналасындағы шу әлі де толастамай тұр. Құрылысы 2017 жылы басталған 150 орындық лагерьдің құны 1 млрд 292 миллион теңгені құраған. Жазғы тынығу лагері 2018 жылдың күзінде пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бірақ мемлекеттен қыруар қаржы бөлінген әлеуметтік нысанның құрылысы бірнеше жыл аяқсыз тұрды. Иен далада иесіз қалып, қаңыраған құрылыстың ғимараттары жел мен жауыннан мүжіліп жатыр. Кезінде демалыс кешенінің 4 корпусының іргесі қаланып, қабырғасы тұрғызылған еді. Сонымен жұмыс тоқтаған. Жарнамасын асырған демалыс орнында қазір қаңғыған мал мен құс «демалуда». Сағызша созылып келген жобаны осы жылы аяқтауды шешкен екен. Жазда да, қыста да балаларды қабылдай алатын лагерьдің жұмысын толығымен аяқтау үшін тиісті органдармен тығыз байланыста боламыз деп аудан басшысы уәде етті. Құрылысқа облыстық бюджеттен 783 млн теңге бөлінеді. Бұл облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген екен.

Жалпы, осы түйінделген мәселелер шешілсе, аудандағы істер жүйеленіп қалар еді. Сонымен қатар, Қармақшыда ағымдағы жылы «Агрозона» құру жұмыстары қолға алынады. Бұл жұмыстар үшін ауданның 22 аумағынан 566 гектар жерге бау-бақша, көкөніс отырғызу жоспарлануда. Негізгі мақсат – әрбір елді мекенде тұрғындарға бау-бақшамен айналысуға жағдай жасау. Бұл дегеніміз, әрбір отбасы қыс мезгілінде көкөністермен өзін қамтамасыз ете алады. Бұл жерлер тұрғындарға тегін берілетінін айта кеткен жөн.

Ендігі уақытта соқыр сандар мен бос уәделерге ерік бермей, жұмыстың соңына дейін сапалы орындалуын бақылау керек. Сонда ғана оның жемісі көрініп, халықтың тұрмысы жоғарылайды деп сенеміз. «Айызың қанар сөзден, айызың қанар іс артық» деген сөз бар. Әкім айтқан тың жобалардың барлығы уақытымен орындалып, шикілігі шықпайды деп сенеміз…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: