Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйелдер әуселесі: облыс әкімдігіндегі шу немен аяқталды?

04.03.2021, 12:00 990

«Әйел болмаса еркек есінен айырылады» дейді Антон Чехов. Қаламызда да, кейбір ауданда да әкімдікті есінен айырып жүрген әйелдер бар. Болмағаннан емес, күнде келіп, әкімдіктің босағасын тоздырғаннан. Облыс орталығы бас ғимаратының айналасынан жыл бойы шықпай, шу шығаратын өзгермейтін бір құрам дейді білетіндер. «Шу шығарғыш» әйелдер тегін баспана сұрайды екен. Ал әкімдік болса онысына жауап қатпақ түгілі темір қоршаудың ішінде тығылып, әйелдердің көкірегінен кері итереді.

Ақпанның соңғы апталары қаралы хабарларға толы болды. Жағымсыз жайттар бірінен соң бірі келіп, қалың елді қапаландырып қойды. Табан астында болған оқыс оқиғалар Сыр өңірін де айналып өтпеді. Облыс әкімдігінің алдында бір топ ашынған аналар күн сайын жиналып, әкімдікке қара халық түгілі мемқызметшілердің өзі кіре алмай қалды. Осы тұрғыда, «облыс әкімдігінің алдына аналардың жиналып, шу шығаруының себебі неде, олардың талабы орындалды ма және әкімдіктің алдына жиналатын әйелдер кімдер?» деген сұрақтарға жауап іздедік.

ЖОҒАРЫДАН  ТҮСКЕН  БҰЙРЫҚ

Француздарда Бальзак деген жазушы бар. Сол өзінің бір сөзінде «Әйелге әмірін жүргізе білген мем­лекетті де басқара алады» деген екен. Қазақ қоғамына да алыс сөз емес. Ақпанның аяғында болған әйелдер көтерілісінен кейінгі ұққанымыз, біздегі мемлекетті басқарып отыр­ғандар керісінше, әйелдерге әмірін жүргізе  алмайды  екен.

Аналардың әкімдік алдына жиналуы 18 ақпаннан басталды. Оларды алыстан байқағаннан-ақ, әкімдіктің  қос  қақпасы  құлыпталып, күзетшілер «жауын» да, «жолдасын» да кіргізбей, келгенді сырттан шыға­рып салып отырды. Әкімдікке кіре алмай қалған көпшіліктің ара­сында біз де болдық. Әкімдікке кіруге қыз­меттік куәлігіміз де көмектеспей, қоршаудың ішкі бетінде тұрғандардың дегеніне көнуден басқа амалымыз қалмады. Кіргізбеудің себебін сұрағанымызда күзетшілердің бірі «Жоғарыдағылар «ашпа» деп айт­қан» деп жауап қатты. Заңнан биік тұрған қай жо­ғарыдағылар екенінің анығын білме­дік, бірақ соның әсері біздің ақпарат жинауымызға өз кесірін тигізді.

Облыс әкімдігіне шағым айтып келгендердің барлығы әйелдер екен. Олардың шағымдары әртүрлі. Бірі жеке басының күйін күйттеп келсе, біреулері қиын жағдайға түскендерге көмектессе дейді. Қала аумағында бірнеше күнге созылған аналар толқынын басынан бастап ашып жіктесек…

ДАУДЫҢ  БАСЫ…

18 ақпан күні Әл-Фараби ауда­нында тұрғын үй өртеніп, бір бала қайтыс болғанын білесіздер. Даудың өршіп, аналардың әкімдіктің алдына жиналуына осы оқыс оқиға себеп болған. Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы берген мәлімет бойынша, әкімдік алдына жиналған әйелдер билікке екі талап қойған. Біріншісі – үйі өртеніп, шақалағынын айырылған отбасыға қажетті көмек көрсетілсін деген талап. Екіншісі, өздеріне тегін үй беріп, әлеуметтік көмек көрсетуді талап еткен екен. Тұрғындардың қойған бірінші талабы дұрыс-ақ. Себебі, әкімдік сол кезде әлгі үйі өртенген отбасыға бар-жоғы екі айға ғана баспана ұсынып, бұл мәселеге бейжай қарап еді. Билікте отырғанның біреуі осы тақырыпта үндеу жасамай, ел жадынан ұмыттыруға тырысты. Бұл жергілікті атқарушы биліктің әлсіздігін көрсетті. Есте­ріңізде болса, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге халықпен кабинеттің сыртын­да емес, керісінше, етене байланысуды тапсырған еді. Десе де, біздегі қос әкімдік те бұл мәселеге сол мезетінде саусағын сұқпады. Әйелдердің ашуына тиген де – сол. Тіпті, әкім­діктің ішіне кіріп «Гүлшара!» деп айғайлаудан  да  тайынбады  олар.

Дегенмен, Құдайдың көзі оңынан туып, қара халық ел болып бірігіп, тілсіз жаудың зардабын тартқан отба­сына баспана алып беріп, басқа да көмек  көрсете  алды.

ӘЙЕЛДЕРМЕН  КІМ  КЕЗДЕСТІ?

Әйелдер шуының бірінші күнінен бастап әкіммен кездесу талабы қойылды. Бұл мәселе ушы­ғып кетпесі үшін сол күні-ақ әкім аналарды қабылдап, мәселені ашып алса, жиылған қауым тез тарар еді. Дегенмен, әкім ол күні халықпен кездес­пеген және оның ол уақытта қайда болғанын тек болжаумен ғана шектеле аламыз.

Әкімнің жедел әрекет етпеуінің кесірінен әкімдікті қоршаған әйелдер бірнеше күн жиналды. Оларды кіргізуден бас тартқан күзетшілер жұмыс барысымен жүрген жандарды да, ғимарат қызметкерлерін де ары сілтеуге мәжбүр болды. Жалпы, әкімдікке  келіп, шағым айтуға рұқ­сат бермей, темір есікті құлыптап қойғаны  қаншалықты  заңды?  Тоқаев айтқан халықпен етене байланыс Сыр елінің астанасында осылай өтеді ме? Әрине, сұрақ көп. Бірақ  тұшымды  жауап  жоқ.

Десе де, жиналған әйелдер өз шағымдарын билік өкілдеріне жет­кізе алған екен. Атап айтқанда 22 ақпан күні осы көпбалалы аналарды облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қабылдап, барлығының мәселелерін тыңдапты. Сондай-ақ, сала басшыларына мәселенің шешу жолдарын қарастыру бойынша тиісті тапсырмалар берген. Қазіргі таңда әйелдердің әлеуметтік мәселелеріне қатысты тиісті жұ­мыстар атқарылуда екен.

Араға үш күн салып, 25 ақпанда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да қабылдау кезегінде тұрған тұр­ғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға көпбалалы аналар да келіп, өз мәселелерін әкімге жолдай алды. Облыс әкімі қабылдауға келген көпбалалы отба­сылардың мәселелерін тыңдай келе, бағыттар бойынша сала басшы­ларына азаматтардың ұсыныс-тілек­терін ескерусіз қалдырмай, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Бірақ, «шу шығарды екен» деп «тегін тамақ» беруге заң рұқсат етпейді. Оған қаралған арнайы әлеуметтік көмектер бар. Ал ол әлеуметтік көмектер жиналған әйелдерді қана­ғаттандырады ма?

ҚАЗАҚТЫ  ТУҒАН  АНА  ҚАЙДА?

Осындайда «әйелдердің бас көтеріп, шу шығарғаны қанша­лықты дұрыс?» деген сұрақ туын­дайды. Сүйінбай айтпақшы, «Жаман әйел алғанның – жауы үйінде». Сарафандық радионың айтуынша, әкімдікке келіп «дүние» сұрайтын әйелдердің жағдайы жаға жыртатындай жұпыны емес. Әлеу­меттік желілерде арнайы ашылған 20-30 әйелден тұратын топтың мүшелері екен. Бұл сөз рас болса, бұл бас көтеріп жүрген әйелдердің пікірі қала тұрғындарының пікірін білдірмейді.

Жалпы, қалада жаңа тенденция пайда болған. Айғай шығып, қоғамда резонанс тумайынша, белгілі бір мәселе шешілмейді. Әлгі әйелдердің де еті осыған үйреніп кеткен. Бұл резонансқа нүкте қойып, шу шыққан мәселеге нақты жауап беретін басшы да жоқ. Тек шу шығару арқылы ғана кез келген мәселесін шешетінін біліп, осындай қазақылыққа тән емес дүниелерді істеуге мәжбүр. Осындай болды екен деп бұл әйелдердің ісін ақтаудан аулақпыз. Қазақта «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс» деген мақал бар. Тарихтың қай тармағын ақтарсақ та әйелдер көтерілісі дегенді кездестіре алмаймыз. Батырларды тәрбиелеген аналар арқасындағы жүкке қарамай, артынан ерген балаларына үлгі болуды ғана ойла­ған. «Еркектен мінез кетсе, әйел­ден ұят кетеді» деген сөз осы заманға келіп тұр дейді жұрт. Алайда сана­мызды тұрмыстық деңгейден көтергенде ғана жақсы өмір сүре аламыз. Ал кейбір әйелдердің ойынша мұны тек шумен ғана шешу керек. Олай деп айдар таққанымыздың өз себе­бі бар. Әлгі әйелдердің біреуімен байланысып, мәселенің мән-жайын сұрап, көкейлерінде тұрған сұрақты топшылағымыз келген. Алайда олар үн қатпады. Ешқандай ақпарат бермей, үнсіз шығарып салды. Біз аты-жөнін оның рұқсатынсыз ешбір жерде жарияламайтынымызды айт­қанымен келіспеді. Бұл жерден бір ғана нәрсені түсіндік. Қоғамы­мызда мәселені дипломатиялық жолмен шешу деген ұғым жоқ. Және ол түсі­ніктің қалыптасуына кірпіш қала­ғандардың арасында биліктегі­лер де бар. Себебі, әкімқаралар дау шығармай келген тұрғынды оңайлықпен қабылдамайды.

Мәселенің екінші жағынан қа­ра­сақ, әйелдерді бас көтертпей, солармен тікелей байланыста болуы керек ұйымдар олардың мәселесін облыс әкімдігіне жеткізуі керек еді. Бұл мәселемен тікелей айналыса алатын Қызылорда облыстық әйелдер кеңесі бар. Кеңестің құзыреттілігіне әйелдерді толғандырған мәселелерді биіктегілерге жеткізу жататын. Дегенмен, болған оқиға жайында аталмыш кеңес үн қатпады. Мұндай жағдай жалғаса берсе, арты жақсылыққа жеткізбейтіні хақ. Билікті сынайтын халық көп, сол халыққа тұшымды жауап қататын билік жоқ. Халықпен ашық қарым-қатынаста болу керек. Әкімдікке шағым айтып келген бірде-бір адам жауапсыз қайтпауы тиіс. Сонда ғана әлгі әйел­дер билік пен халықтың арасындағы көпірді сезінеді. Һәм кез келген мәселені ұрыс-керіссіз-ақ, дипломатиялық жолмен шешуге тырысатын еді. Ал біздікілер «есікті ашпаңдар» деп күзетшілерге бұйрық береді. Кінәлі  кім?  Билік  пе,  әйелдер  ме?

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: