Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақылмен емес, ақымен алған атақ – арыңа дақ

04.03.2021, 10:30 895

«Ғасыр ұстазы» – 13 мың, «Алаш ұстазы» – 10 мың, «Ұлт ұстазы» – 5 мың теңге» деп жарияға жар салған сайттарды да көргенбіз. Сол бір затқа зәру болған сайын, қоғам да оны жариялайды, жарнама жасайды. Ашық табыс көзіне айналған бұндай бизнес неге көбейіп кетті, себебі не? Өткен жылдың соңында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Қазақстанда жеке тұлғалар педагогтерге арнап жалған наградалар жасап, оңды-солды сатып жатыр. Күмәнді ақылы конкурстарға қатысу нәтижесінде алынған наградалар мен дипломдар педагогтерді аттестаттаудан өткізу кезінде ескерілмейді. Жалған ақылы наградалардың дизайны мен безендірілуі ресми ведомстволық наградаларға ұқсатып жасалған. Кейбір мұғалімдер білмегендіктен, кейбірі біле тұра күмәнді ақылы жарыстарға қатысады. Сатып алынған марапат – марапат емес. Егер бұл қоғамдық марапат болса, ол ақылы болмауы тиіс. Осы ақпаратты көпшілікке жеткізу керек!» деп білім қызметкерлері арасында үндеу жариялаған болатын. Оның айтуынша, министрлік тек «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерін, «Құрмет грамотасын» және «Алғыс» грамоталарын ресми марапат деп таниды.

«Ұстаздық – ұлы  қызмет» және ұстаздардың дәл осындай зәрулігін тудырған да заң болатын. Қазақстанда 30 мыңға жуық ғылым докторы мен кандидаты бар. Соның ішінде 10 мыңға жуығы ғана сол салада еңбек етуде. Ал, ғылымнан ғайып болған ғалымдарда айып жоқ. Ол жол бастауынан-ақ ілікке ұшырайсың. PhD докторы атағын алу үшін кандидат өзінің 7 мақаласын басып шығаруы қажет, оның 5-еуі – қазақстандық, 2-еуі халықаралық әрі рейтингі жоғары басылым болуы шарт. Қаржысы қалтаңды тесері хақ. Білімі бар, бақыры жоқ адамдардың атақты армандамағаны да анық.

Өткен тарихтағы «Ұлт ұстазы» атағын Мағжан Жұмабаев ағартушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновқа берген болатын. Ал, қазір жүріп қалсаң, «Ұлт ұстазына» сүрінесің. Осындай атақты көтеріп жүру де – ар мен намыстың адалдығынан. Қоғамдық марапаттар ең алдымен ұстаздардың категориясына үлкен септік тигізеді және өткен жылға дейін түрлі бизнессымақтардың ақша табу көзіне де айналғаны рас әнгіме. Ашық саудаға түскен наградаларға заң бойынша шектеу қойылып, «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес өткен жылы облыстық әкімдіктер мұғалімдерге арналған жергілікті наградалар бекітіп, айтулы күндерге орай марапаттауға құқылы. Мемлекеттік наградалар тегін екенін ескергендеріңіз жөн. Жоғарыда айтқандай, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов «Сатып алынған марапат – марапат емес» деп көп сұраққа нүкте қойғандай.

Марк Твен «Негізі, атаққа лайық қызмет етпей, сол атақты асынып жүргеннен, атаққа лайық қызмет етіп, оны ресми түрде алудан бас тартқан әлдеқайда адамшылық» деген еді. Алты атаңа жүк болатын атақты арқалағаннан, ұстаздық атты адал жұмысыңның бір күнінен алған ләззатыңа жетпесі анық ғой. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» деген халықтың ұрпағымыз, өз баламыздың білімін де сол ардақты ұстаздарға сеніп тапсырдық. Ал, ұстаздар өздеріне берілген үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, болашақ Қазақстанның президентін, дәрігерін, ұстаз бен әншілерін адал тәрбие беріп өсірсе, атақ та, даңқ ордені де сол емес пе?!

Нұрай  ӘБДУӘЛИ,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың

4-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: