Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Судың баламасын таба алмаймыз

25.02.2021, 12:30 517

Өткен жылы Сыр диқандары аяқ судың тапшылығынан біраз зардап шекті. Ұлтаны көрініп, құм суырған дария деңгейі бірнеше жылдан бері өз көлемінен едәуір азайып қалған. Салдарынан дария бойын жағалай қоныстанған жұрт еккен егінінің терімін толықтай жимады. Өйткені аяқ судың жеткіліксіздігі ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің жолына кесе-көлденең фактор болып тұра қалды. Несін жасырайық, диқандардың ауызбір­шілігі  арқасында 4-5 жылдан  бері  кезек­тесіп   суа­ру әдісі қолданылған. Өткен жылғы дария арна­сындағы дымқылдық оған да жарытпады. Суды қанып ішпеген, күннің райына шыдас бермеген дәнді дақылдар егістігінің кей бөлігі күйіп кетті. Биыл да су тапшылығы мәселе мінберінен түспейтініне көзіміз анық жетті. Сәрсенбінің сәтінде ҚР Экология, геология және таби­ғи ресурс­тар вице-министрі Серік Салауатұлы мен Су ресурс­тары коми­тетінің төрағасы Нұрлан Жанұзақұлы көктемгі дала жұмыстарына дайындықты пысықтау мақсатында Қызыл­орда облысына іссапармен келді. Басты мақсат – ауыл шаруашылығы жұмыстарына аяқ су жеткізу жолдарын қарастырып, су арналарын өз көзімен көру.

Қызылорда аймағы индустриалды-инновациялық бағытқа бет бұрғанмен, негізгі кәсібін, яғни ауыл шаруашылығы саласын ысырып қойған жоқ. Жомарт жердің несібесін береріне сенген шаруа қожалықтары күннің көзі жылт еткеннен дала жұмыстарына кіріседі. Басты дақыл – күріш.

– Биыл өңірде 188,2 мың гектарға егін егу межеленуде. Оның ішінде әртараптандыру бағыты бойынша 96,6 мың гектарға дәнді, 6,7 мың гектарға майлы, 66,4 мың гектарға малазықтық дақылдар, 18,4 мың гектарға картоп, көкөніс, бақша, ал 84,4 мың гектарға негізгі дақыл – күріш егіледі деген жоспар бар. Бүгінде «Көксарай» су реттегішінде 5,2 млрд текше метр су бар, өткен жылмен салыстырғанда мол. Алаңдап отырған мәселеміз – ирригациялық жүйелер. Көктемгі егіс жұмыстарына 13,3 млрд теңге қаржы қажет, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ш.Қойшыбаев баяндамасында.

Тіршіліктің көзі саналатын судың тапшылығы биыл былтырғыдан да қатты сезіледі деген қауіп бар. Сала мамандарының сараптап, сан-салалы жүйеге бөліп, талдаған жұмыстарынан осыны аңғардық. Дарияға тасталып жатқан су мөлшері де аз. ҚР АШМ «Бассейндер және облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бөлінісінде 2016-2025 жылдарға арналған су пайдалану лимиттерін бекіту туралы» 2016 жылғы 19 тамыздағы №367 бұйрығымен бекітілген су пайдалану лимитінде 2021 жылы барлығы 5,3 млрд текше метр су келуі керек. Оның 4,2 млрд текше метрі егістікке, 1,2 млрд текше метрі экологиялық мұқтаждыққа арналған.

– Өткен жылы оңтүстік өңірлерде су тапшылығы  болғанын  білесіздер. 2020 жылы «Шардара» су қоймасына жоғарыдан 13,4 млрд текше метр су түсіп, төмен қарай ондағы 2 млрд текше метр су вегетация кезінде 13,4 есе су тасталған. Бұл келген су да, төменге тасталған су да – соңғы он жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Жалпы, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында 2020 жылдың басында вегетациялық кезеңде «Шардара» су қоймасына 6,4 млрд текше метр су беріледі деп болжанған. Алайда осы кезеңде 3,1 млрд текше метрі немесе 49 пайызы ғана түскен. Ең үлкен су қоймасы саналатын «Тоқтағұл» су қоймасында 9,9 млрд текше метр су бар. Өткен жылдың осы кезеңінде 12,8 млрд текше метр болған. Биыл 2,9 млрд текше метрге аз. Қазіргі таңда «Шардарада»  4,26, «Көксарайда» 1,158 млрд текше метр су бар. Жауын-шашын мөлшерінің аз түсуіне байланысты биылғы вегетация кезеңінде Сырдария өзенінің сулылығы өткен жылмен салыстырғанда да төмен болатындығын анық аңғару қиын емес. Сондықтан қажетті су мөлшерін жинай алмай қаламыз ба деген күмән бар, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

Жиын барысында егін саласын сумен қамтамасыз ететін сала басшылары түгел тыңдалды. Мәселені көзімен көріп, бақылауға келген экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Қожаниязов дәл қазіргі шешімі күрделі күйінде қалып тұрған мәселелерді саусақпен санап шықты. Оның үстіне жауын-шашын мөлшері былтырғыдан да аз болғандықтан, ол да кедергісін келтіріп тұр.

– Қызылорда  облысына бір маман бекітіледі. Дала жұмыстары басталған сәттен бастап айына екі мәрте келіп, бақылап, мәселелерді реттеуге атсалысады. Су көп болса да, аз болса да қадірін білетін аймақ – осы Қызылорда. Жылдағыдан су мөлшері азаймаса, көбейіп жатқан жоқ. Көріп отырсыздар. Оның бірнеше себебі де бар, табиғи құбылыс, халық санының өсуі, экономиканың алға жылжуы, шекаралық мәселелер, тағысын тағы. Мұнайдың баламасын табармыз, судың баламасын таба алмаймыз. Істің бәрі қағаз бетінде қалып қоймасын! – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Қожаниязов.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек,  «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына 690 млн текше метр су түсуде. Қоймадағы су көлемі 3,9 млрд текше метрді құрайды. Оның 250 текше метрі «Көксарай» су реттегішіне жиналуда. Бүгінде екі қоймада 4,8 млрд текше метр су жиналып тұр. Ал аудандарға тоқталсақ, Жаңақорғанда каналдарды тазалау, Сырдарияда «Әйтек» су арнасын жөндеу, Қармақшы мен Қазалыда су тапшылығының сезілуі, Аралда егістік болмағанмен, «Қамбаш» көлінің тартылуы секілді проблемалар бар. Айтпақшы, қазіргі қолданыстағы Су кодексі 2003 жылы қабылданған. Сондықтан ахуалға байланысты ағымдағы жылы осы заңның жаңа жобасы қаралып, келер жылы қабылданады. «Проблема көп, бірлесіп шешу керек. Басқа өңірлерде де осындай жайттар бар» деген С.Салауатұлы осындай жақсы жаңалығымен бөлісті.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: