Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тілсіз жаумен алысқан азамат

03.02.2021, 16:30 700

HALYQLINE.KZ  Ең қауіпті әрі жауапты мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші. Нағыз ер-азаматтарға тән бұл қызмет жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары мығым болуы шарт. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін.

Иә, әңгімеміздің арқауы болатын бүгінгі кейіпкеріміз де халық қауіпсіздігі үшін күзетте жүрген қарапайым өрт сөндіруші – Есенов Әсет Ғабитұлы.

Әсет – Тәуелсіздік құрдасы. Нағыз патриот азамат кішкентайынан отан қорғау саласында қызмет етуді мақсат тұтқан бозбалалардың бірі болған. Міне, бүгінде арманы орындалып, Өрт сөндіру қызметінде халық қауіпсіздігі үшін 12 жылдан бері қалтқысыз еңбек етіп келеді. Осы жылдар аралығында талай тұрғын үйлердегі және ірі ғимараттардағы өрттерді ауыздықтауға, зардап шеккен азаматтарды қауіпсіз жерге шығаруда үлкен ерлік көрсете білді.

Мәселен, өткен жылғы 9 қарашасындағы «Шаңырақ» клубында болған оқиғаға №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі және №7 өрт сөндіру бөлімі шақыртылды. Ішінен қою қара түтін шығып және қонақ үйдің ішінде адамдар болуы мүмкіндігі жоғары болды. осы уақытта еш кідірместен, ержіректілікпен, зардап шеккендерді бірінші болып құтқаруға ұмтылғандардың бірі Аға инженер азаматтық қорғау майоры Әсет Есенов болатын. Қызметтік борышын өткеру кезінде өзіне берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап, газ түтінінен қорғау буынының командирі ретінде шешуші бағытты дұрыс анықтап, барлау жұмыстарын сапалы жүргізді. Нәтижесінде ғимараттың екінші қабатындағы қонақ бөлмесінде түтіннен шыға алмай қалған екі әйел азаматқа резервтік маска кигізу арқылы қауіпсіз жерге шығарып, жедел жәрдемге табыстаған болатын. Мұндағы өрт сөндірушілердің біріккен әрі жедел қимылының арқасында ғимарттың өзге де бөліктеріне қызыл жалынның таралуына жол бермей, азаматтардың аман қалуы үшін бар күш жігерін сала білді.

Міне, осылайша, жүктелген жауапкершілікті арқалаған жандар үшін құтқару, көмектесу деген мақсат күн сайын бірінші орында тұрады. Лауазымдарының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Халық «Өрт – тілсіз жау» деп тегін айтпаған.

Қызылорда облысы ТЖД

Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: