Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Патриот деген кім?

07.02.2021, 10:00 977

HALYQLINE.KZ Көпшілік қауым елжандылықты – мемлекетімізді әлемге таныту, тіл білу, аймағына газ,су жүргізіп беру, аурухана салу деп ғана біледі. Рас, мұның бәрі – ірі істер, ұлтқа деген үлкен жанашырлық. Алайда ірі жақсылықтар істеуге әркімнің шамасы келе бермейді.

Басына баспана сала алмай, құдықтан су тасып, от жағып жүрген адам мемлекетке қалай емхана салып, құбыр жүргізеді?

️Сондықтан, әркім өз көрпесіне қарай көсіледі. Күні кеше көк туды желбіретіп парад ұйымдастырылғанда, «Борат» мәселесінен кейін байрағымызды кей отандастарымыз профиліне қойғанда, өз бауырларын жерден алып жерге салып, бетін шымшыған «қазақтар» көптеп табылды.

️Рас, көк туды желбірету – ең ұлы іс, ұлтжандылықтың ерен үлгісі емес шығар. Мүмкін, ұлтын сүюдің ең төменгі дәрежедегі көрсеткіші шығар.

️Алайда елі, жері үшін түк істемей, өз халінше сүйіспеншілігін жеткізгісі келген адамдарды сөгу, жазғыру, жамандау тіпті де ұлтжандылыққа жатпайды.

️Өз бауырын, қандасын Отанын жамандау – ең төменгі дәрежедегі адамдардың ісі. Әркім өзінше патриот.

Ақын-жазушылар патриоттық өлең жазу арқылы халықтың рухын оятса, ұстаздар саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін барын салып жүр. Құрылысшылар халыққа жайлы баспана салу үшін тер төгеді. Ал, әнші-актерлер тарихи, мәдени қойылымдары арқылы ақындар тілмен жеткізе алмаған дүниені көрініспен, әуенмен бейнелейді. Сөйтіп, кей ұлтқа деген сүйіспеншілігі ұйықтап қалған кісілердің жүрегіне сәуле құяды.

Патриот болу үшін ірі істер істеу, шіріген бай болу шарт емес. Мейірім бар жүрек болса жеткілікті.

Жай ғана өзі отырған жерге қоқыс тастамау, отыра қалып ұлтын, жамандамау, бір қазаққа жымия қарап, бір қаракөздің басынан сипаудың өзі – әр адамның ұлтына, еліне, жеріне деген махаббатын бейнелейді.

Бір сөзбен айтқанда, әркім өз ұлтын өзінше сүйеді. Өз қабілетінің, мүмкіншілігінің деңгейінде жеткізеді. Үлес қосады. Сіз де өз ұлтыңызды «өзіңізше» сүйіңіз!

Мөлдір РЫСБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: