Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әнші полицей Асылзада

13.01.2021, 11:00 1041

HALYQLINE.KZ Қазіргі таңда полиция мамандығы тек ер адамның жұмысы ғана емес. Құқық қорғау органдарында ер адамдармен иық тірестіріп қызмет жасап жүрген нәзікжандылар қаншама?!Қызметінде өзіне жүктелген міндеттерге, үлкен жауапкершілікке, күндіз де, түнде де жалғасатын жұмыс жүйесіне қарамай, ішкі істер органдарында қызмет атқарып, аналық, әйелдік, міндеттерімен қатар, полиция қызметкерінің міндетін де абыроймен атқарып жүрген әйелдер қауымы бар. Арулар нәзік жаратылысты екеніне талас жоқ. Ер-азаматтардың бойында бар өжеттілік, қайсарлылық қыздардың бойындада жиі кездеседі. Осы қасиеттерді қоса алғанда қыздарда өзіне тән нәзіктілік те бар. Сондай нәзікжанды, қоңыр дауыс иесі, түрлі ән байқауларының жеңімпазы Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел басқару орталығы кезекші бөлімшесінің «102» операторы, полиция сержанты – Светжанова Асылзада Светжанқызы.

«Біздің операторлар кез келген жағдайда шақырту алып, жан-жақты, соның ішінде қоңырау шалған тұрғындарға психологиялық тұрғыдада көмек көрсетуге міндетті. Бізге қарт адамдар шағымданады, қала тұрғындары тарапынан анықтамалық сұрақтар, заңгерлік кеңестер сұрайтын кездер де болады», – дейді кейіпкеріміз.

Асылзада құқық қорғау саласында сегіз жылдан астам уақыт қызмет атқарады. Қызметте білікті маман ретінде танылған ол, Полиция басқармасының атынан түрлі республикалық, облыстық ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иемденуде. Солардың бірі, ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында, сондай-ақ ұлттық музыка мәдениетінің жетістіктерін насихаттау, қызметкерлерді патриоттыққа тәрбиелеу, полицейлердің оң имиджін нығайту мақсатында Ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында «Туған жер кеңістігінде: Н.Ә.Назарбаевтың сүйікті әндері» атты республикалық онлайн музыкалық байқауында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Асылзада кішкентайынан әнге әуес болып өсіп, қазіргі таңда сол қызығушылығы үлкен белестерге, жеңістерге жеткізуде.

Отбасында әкесі Дабылов Светжан жеке кәсіпкер, анасы Абу Зейнегүл, бала тәрбиесімсен, тәтті немерелерін бағып-қағуда. Тату-тәтті отбасында ер жеткен Асылзада үйдің кенжесі, өзінен үлкен аға-әпкесі бар. Асылзада – өзі де бала тәрбиелеп отырған аяулы ана. Ұлы Дінмұхамед – 1-сыныптың үлгілі, бетке ұстар оқушысы. Анасының қамқоршысы болған ол, болашақта анасына ұқсаған елінің қорғаушысы боламын деп жиі айтып отырады екен.

«Кішкентайымнан әнді сүйсең, менше сүй деп, ән шырқағанды жаным сүйетін. Бірақ, өсе келе мамандық таңдауға келгенде өмірімді өнерге емес, ел тыныштығына арнап, бұл күнде ішкі істер қызметінде ер азаматтармен бірге иық тіресе қызмет етемін. Жаным жайсаң болса да, мінезім мықты. Пішінім нәзік болса да, ұстанымым ұтқыр. Иә, бұл әрине, ерлермен қатар қызмет етуге бел буған мен сияқты қыздарға қарата айтылған сөз. Мен, өзімді болашақта ән саласында болмасын, қызметте болмасын тек биіктерден көремін» – деп сөзін аяқтады біздің кейіпкер.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: