Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мені көрді де, қашты!

07.01.2021, 10:00 493

Анамды Жаңа жылымен құт­тықтау үшін ескі көлігіммен асығып келе жатқанмын, байқамай бағдаршамның қызылына өтіп кеткенімде, басым дың ете қалды, жүрегім зың ете қалды, бүйрегім бүлк етті, кін­ді­гім таңырқағандай, көлемі үлкейді, ернім көгерді, құлағым жыбырлады. Шайтаным «Енді айыппұл төлейтін болдың!» деп құлағыма сыбырлады. Содан қарасам, алдымда маска тағып­ алған бір МАИ инспекторы тұр екен. Ақыры тоқтатады ғой деп тоқтай қалып едім, ол мемлекеттік көлігіне отыра қалып, қашып кеткені! Артынан тұра қудым. Қуып келем­. Не үшін қуғаныма көңілім суып келем. Өмірімде МАИ инспекторының жүргізушіден қашқанын енді көріп тұрмын. Ол төпик көшелерге түсе қашты. Қуып жетіп, қатарласа беріп, «тоқтаңыз!» деймін. Ол басын шайқады. Жынды ма? Әлде, оны қуып келе жатқан мен жындымын ба?

Жаңа жылға жарты сағат қана қалды! Анамды, сексен сегіздегі анамды құттықтауым керек еді, қайтып кетсем бе? Екеуміз жолдан өтіп бара жатқан «ерлі-зайыпты» екі итті басып өте шықтық. Обалдағы-ай! Махаббат қызықтарын көре алмай, әне, тыпырлап өле алмай, жолда жатыр!­ Бір кезде ол көлігінен түсе қашты. Мен де көлігімнен түсе салып­, қуып келемін. Жақындай беріп: «Жаңа 2021 жылыңыз құтты болсын!» деймін айғайлап. «Рақмет, өзіңнің де!» деді ол.

– Қайда қашып барасың? – деп сұрадым мен өкпем өшіп.

– Білмеймін.

– Тоқташы!

– Тоқтамаймын.

– Мені боқташы?

– Боқтамаймын.

– Қызылға өтіп кеттім, кешірші.

– Кешірем.

– Айыппұл төлейін, болмаса пара берейін?

– Ұят болады!

Ойебаай, МАИ инспекторы да ұяла біледі екен! Ол қашып келе жатып­, сүйісіп тұрған екеудің жанынан өте беріп, тоқтай қалды. Сосын жігітін итеріп жіберіп, өзі қызбен сүйісіп тұра қалды. Мені байқамай өтіп кетеді деп ойласа керек. Анау жігіт қойсын ба, оны төмпештей жөнелді. Содан екеуміз құрылысы бітпеген екі қабат үйге кіріп кеттік. Тура кинодағыдай. Ол жоқ! Тапан­шасын кезеніп тұр-ау? Мен де қарап  тұрмай, саусағымды тапанша сияқты­  шошайтып келемін. Бір­деңе сықыр  ете  қалды. «Пух!» дедім. Ол  жараланып, құлап түсті. Екеуміз алыса  кеттік. Маскасы сыпыры­лып кетті. Қарасам… Ойеба­ай, бетіне қарасам, МАИ-да істейтін өзімнің туған інім! Өмі­рінде қарашаңыраққа бармай, анамыз­ды  қуантпайтын  інім! МАИ инспекторы болғалы жемқорлықпен байып кетіп, кісі болған інім! Ағайындарынан  безген  інім!

– Әй, неге қаштың? – деп сұрадым  мен.

– Кешір ағатай, анамызды құт­тықтап қайтайық деп айта ма деп… Бүгін қолым тимейді, ағатай, «семіз» клиенттер ұстауым керек еді…

– Сенің қолың туған анаңа ол өлгенде де тимейді! Жаңа жылыңмен! – деп інімнің басына басыммен бір ұрдым да, көлігіме қарай жүгірдім. Көз  жасым көлдеп, анама деген  сағыныштан шөлдеп келе­мін!  О, аналар, Жаңа жылдарыңызбен!

Мұхтар  ШЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: