Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарихи кино кім көрінгеннің ермегі ме?

04.01.2021, 14:10 738

HALYQLINE.KZ

Қазақ тарихы еріккенің ермегіне айналған заманға кез болып отырмыз. Айтқым келгені, қайтадан қолға алынып жатқан исі Алаш баласының ұлы ханы атанған Қасымхан туралы көркем фильмді түсіру қайтадан қолға алынғаны жөнінде.

Әрине, тарихты жаңғыртып, жас буынға үлгі ретінде ұсынған жөн. Өйткені бүгінгі һәм келер ұрпақ, ата-бабаларының жүріп өткен жолын, қазақ мемлекеті қалай құрылғаны, сондай-ақ сол құрылу жолында қандай қиындықтарға: қанды қырғын, зұлмат-аштықтарға, қуғын-сүргінге ұшырағанын білгені дұрыс. Өткенді сыйлау, қадірлеу содан басталады.

Жас ұрпаққа үлгі болуға тиіс қазақтың ұлы хандарының бірі Қасымхан еді. Хандық құрған 1511-1521 жылдар аралығында қазақ хандығының шекарасын кеңейтті, Сыр бойындағы шаһарларды қазақ еліне қаратты, халқы 1 миллионға жетті, 300 мың атты әскер ұстады. «Қасымханның қасқа жолы» атты заңдар жиынтығын шығарды. Қасым сондай айбарлы хан атанды. Демек, ол туралы көп сериалы фильм түсіру кім көрінгеннің ермегі болмауы тиіс.

Десек те бұған дейін «Жау жүрек мың бала» және «Томирис» атты тарихи туындыларды түсірген белгілі режиссер Ақан Сатаев қолға алыпты. Сатаев – кино түсіруде тәжірибесі бар азамат. Алайда киноның сценарийін тарихи шығармалар-романдар жазып жүрген Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Софы Сматаев секілді азаматтарға неге жаздырмады деген ой тұрады. Қазақтың тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тіпті сол кездегі сөз саптауды да білетін тарихшы-жазушылар жазғанда кино өзгеше жандана түсіре ме еді?

Ал қазір киноның сценарийін кім жазып жатыр дейсіз ғой, ол Ақан Сатаевтың өзі және қазақтың тарихынан мақұрым екі адам. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген бар ғой. Яғни мұндай тарихи салмағы зор дүниені кім көрінген жазбағаны жөн еді. Амал нешік? Өкінішті. Бәлкім бұл жерде Ақан Сатаев тарихи киноға бөлініп отырған қомақты қаржыны өздеріне қалдыруды ұйғарған шығар…

Қалай айтсақ та, қалай жазсақ та мұндай қазақ тарихынан жеке-дара орын алатын Қасымхандай ханды кино етіп шығару үшін көшеде жүргендерді емес, тарихты жетік білетін және осы салада шығармалар жазып жүрген, тарихтың білгірі жазушыларды, тарихшыларды тарту керек еді ғой.

Біз кезінде түсірілген «Көшпенділерде», «Қазақ хандығында» кеткен қателіктерден, кемшіліктерден қорытынды шығаруымыз керек-тұғын. Алайда сол кемшіліктерді тағы қайталағалы жатырмыз. Өкінішті. Тіпті осы Қасымханды «Ертұғырыл» атты ғажайып сериал түсірген түрік режиссері Метин Гюнай 75 серия етіп түсіреді екен деген де дақпырт шыққан. 11 миллиард теңге де аударылған. Аяғы сиырқұйымшақтанып кеткен. Бөлінген 11 миллиард теңге қайда кетті, ол да белгісіз?!. Бұл жолғысы мынау.

Қазақ қашан дені дұрыс тарихи киноларды түсіреді екен. Әлде «әттең, әттең» деп өміріміз өте ме?

Азаматхан Әміртай,

қоғам  қайраткері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: