Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жобалар жетістікке жетелейді

14.12.2020, 9:40 586

Биылғы жыл әлем жұртшылығы үшін оңайға түскен жоқ. Әйтсе де, қиындыққа қарамастан Қазалының құрылысы қарқынды жүруде. Ол ел азаматтарының ертеңгі күнге деген сенімінің жемісі деуге толық негіз бар.

Қазалы ауданында құрылыс, инфрақұрылым дамыту, автомобиль жолдары саласы бойынша ағымдағы жылы барлығы 65 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланды. Бұл шаруалар аудандық құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары, аудандық білім, денсаулық сақтау, кент, қала және ауылдық округ әкімдері аппараты, облыстық басқармалар арқылы іске асырылуда.

Бір ғана «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020»  бағдарламасы аясында 42 жоба жүзеге асты. Мұнан бөлек «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер», «Бизнестің жол картасы – 2025» секілді бағдарламалардың да қазалылықтар игілігін көруде. Сонымен қатар, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 7 жоба және ауылішілік 58 көшені жөндеу қолға алынды.

Осы жобалар ішінде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырыс беруімен 11 нысанның құрылысы жүргізілуде.

Дәл осындай игі істердің бірқатары жыл аяғына таман бастау алды. Осылайша бірнеше жылдар бойы айтылып келе жатқан Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің ортасында біршама шаруалар жалғасын табуда.

Атап айтсақ, Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығындағы автомобиль жолын кеңейту үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Яғни 7 шақырым автомобиль жолын 4 жолаққа дейін кеңейту, 2 темірбетон көпірін, 2 су өткізгіш құбырын қайта жаңғырту, жарықшамдар мен аялдамалар орнатылатын болады. Сондай-ақ, жүру жолағы 3,5 метр және автобус аялдамасына арналған алаң, жол қиылысы да салынады деп күтілуде.

Құрылыс жұмыстарын мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы «Стандарт Ойл КЗО» серіктестігі жеңіп алған.

Кез келген елді мекенде жаңа құрылыс басталмас бұрын инфрақұрылым жүргізіліп, халыққа бірінші кезекте керекті дүниелерді жасайтыны анық. Бұл жайында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бұқаралық ақпарат құралдарымен өткізген кездесуінде:

– Қазалы қаласынан 261 гектар, Әйтеке би кентінен 460 гектар жер учаскелеріне электрмен жабдықтау, ауызсумен қамту, газ жүргізу жұмыстары жүруде. Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үйге мұқтаж 1000-нан астам адам кезекте тұр. Әйтеке би кентінде 1 қабатты 4 пәтерлі 10 үйдің құрылысы жүруде. Оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Тұрғын үй пайдалануға берілген кезде 40 отбасы баспанамен қамтылатын болады, – деген болатын.

Ендеше, құрылысы қарқынды Қазалының келешекте ажары артып, сәулетіне сән қоса түсетініне сеніміміз кәміл.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: