Алда саяси науқан келе жатыр. Бұл сайлаудың бұрынғыдан өзгерегі сол, 2021 жылдың 10 қаңтарында мәжілісмендер ғана емес, жергілікті мәслихат депутаттары да партиялық тізім бойынша сайланады. Бұл жолы әдеттегідей жеке адамдар додаға түсіп, сайлаушылардың «сеніміне» ие бола алмайды. Яғни, мәслихат кандидаттарын тек партиялар ғана ұсына алады. «Халық» газеті заңды өзгертуді мақұлдаған парламент депутаттары мен бірқатар саясаттанушылардан «Жергілікті мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен сайлау азаматтардың құқығын шектемей ме?» деп сұрап көрді. Кей аузы дуалы сенаторлар мен саясаткерлер жауап бермеді. Қысқа да болса нұсқа пікір айтқан азаматтардың ойы төмендегідей болды.
Геннадий ШИПОВСКИХ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Әрине, шектемейді деп ойлаймын. Себебі барлық кандидаттар сол тізімге енгенше өзінің кім екенін көрсетуі керек. Сонымен қатар, соған дейін кімнің «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» екені анықталады. Яғни, нағыз саяси дода сол тізімге дейін болады.
Сағат ЖҮСІП, саясаткер:
– Қазақстандағы бүгінгі сайлау жүйесі, парламенттен бастап мәслихаттарға дейін – ешқандай таңдауы жоқ сайлау. Сайлау емес – тағайындау процедурасы. Бұл – аксиома. Парламентке сайланатын депутаттардың тізімі, қай партия арқылы қанша депутаттың өтетіні, олардың аты-жөні түгел Ақордада дайын. Ал мәслихатқа өтетін депутаттардың дәл осындай тізімі, аты-жөні, партиялығы да облыстық, аудандық (қалалық) әкімдіктерде дайындалуда. Бұл жерде «адам құқығының шектелуі» деген сөзді қолданудың өзі орынсыз. Биліктің басын ауыртып отырған бір ғана жағдай бар. Ол – әлем алдында сайлау деген шоуды қайтсек айғайсыз, дау-жанжалсыз, халықтың алаңға шықпауын болдырмай өткізу…
Азаматхан ӘМІРТАЙ,
«Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы:
– Әрине, шектейді. Бізде партиялардың өзі шектеулі ғана ғой. Қарасаңыз, әр партияда ары кеткенде 1,5-2 миллиондай адам бар. Ал қалған халық қайда, бұл – партиясыз деген сөз. Демек, олардың сайлау құқығы шектеліп тұр. Сондықтан жаңа партиялар керек, партиялар жалпыхалықтық болғаны жөн. Негізінде можаритарлық сайлауды енгізіп, әр адам өзін ұсына алатындай жағдай жасау қажет. Республикалық ұйымдар өз адамын ұсына алуы керек, сол кезде ғана нақты халықтық болады.
Ерлан САИРОВ, саясаттанушы:
– Біздің елімізде партиялар туралы заңға сәйкес пропорционалды жүйе енгізілген. Яғни мәслихаттарға да, мәжіліске де партиялық тізім арқылы сайлау болады. Бұл еліміздегі осы партиялардың өсіп-өнуіне жағдай жасау үшін істелінген. Енді әрбір азамат егер елім, жерім үшін қызмет атқарамын десе, Қазақстанда ресми тіркелген алты партия бар, соған мүше болып, сол арқылы мәслихатқа баруына барлық құқығы бар. Енді дүниежүзілік практикаға келетін болсақ, Германия, Франция, т.б. мемлекеттерде осы пропорционалды сайлау жүйесі енгізілген. Дегенмен де, болашақта Қазақстанда осы пропорционалды жүйемен бірге территорияларда жеке азаматтардың өтуіне ықпал ету үшін можаритарлық жүйені де енгізіп, аралас жүйе жасау күн тәртібінде болуы ықтимал. Ал қазір пропорционалды сайлау жүйесі елдегі партиялардың рөлін арттыруға көп жағдай жасайтын үлкен мәселе деп білемін.
Пікір жинаған Н.КЕНЖЕТАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!