Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда шынымен Алаштың анасы ма?

09.11.2020, 12:00 1337

HALYQLINE.KZ Сыр – Алаштың анасы дейміз… Онда неге сол Анасының төрінде осы кезге дейін Алаш аллеясы жоқ? Неге онда Қызылорданың қақ төрінде, мысалға Сыр ана монументі жанында Мұстафа, Әлихан, Мағжан, Сәкендердің мүсіні қаздай тізіліп немесе «Осы елді қалай ел қыламыз?» деп шүйіркелесіп отырған монументі жоқ? Әр елдің символы мен атауы артында өзге елдің, яғни оның мүддесінің идеологиясы тұр, біз оған тек өз идеологиямызды қарсы қойып төтеп бере аламыз…

Ал, ол бізге мәңгүрттенген, қазіргі есте сақтау, ойлау қабілеті ғана емес бүкіл алдыңғы жады өшірілген ұлтқа керек пе, әсіресе сол өзге идеологияны өзінің тек қара басы қамы үшін әлі ұмыта алмай жүргендер үшін? Кеше ғана бүкіл қазақ Трамп пен Байденнің таласына қырық пышақ болды… Ол да – сол Американың мықты идеологиясының арқасы…

Көрші мемлекеттер идеологиясы да одан кем емес. Байкерлер шеруі, лента дауы, көше, аллея атауларын өзгертуге қарсылық артының бәрінде әлі орманға қарап ұлитындардың санасында әлі сол өзге елдің идеологиясының өшірілмеген жадын сақтап қалуға талпыну тұр. Ал, біз болсақ «Шыңғысхан кімдікі?» дегенге қырық пышақ болып жатырмыз. Енді түрлі шетел сөзін пайдаланушы мәңгүрт ұлт келе жатыр. Әрине, бұның бәрі өзгенің жақсысын, ғылымы мен білімін пайдаланба деген емес, керек жерін ал, өзіңдікіне жарат.Ал біз өзіңдікін өшіріп, өзгенікін тықпалағанды шен көреміз. Өзіңдікі қоңсық, өзгенікі таңсық…

Ғылымнан бес түйір термин оқып, үйреніп білмей жүріп ақылгөй боламыз. Онысын дөп басып айтсаң, сенен жау адам жоқ, өйткені сен оның ішкі сырын білдің. Егер ол олай болмаса, сені жау көрмес еді. Оян десе, жоқ, біз ұйықтаймыз. Қазақ осының бәрін арыдан түсінетін миы болмай оянбайды. Оны ұйықтатқан… Ол әдейі жасалды ма, әлде солай боларын олар да білмеді ме, әйтеуір, жадын да, өзін де, алдағыны да ойлап, болжай алмайтын ұйқылы-ояу МӘҢГҮРТ ұлт қылған… «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді. Мүмкін, біздің әлі оңбай жүргеніміз де сол, күні кеше кішкене бір мекеме басшысы болған қайын атамызды дәріптеймін деп жүріп арғы атаңды ұмытқанымыздан шығар…

Болат НҰРХОЖАЕВ

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: