Кейде «біз өзі қандай елміз, не қылған ұлтпыз?» деген ой келеді. Жүрегің ауырады. Қараптан-қарап тұрып қаның қайнайды. Неге? Мұның себептері өте көп. Біз – көп жерде ұтылып жатқан ұлтпыз. Өз жерімізде өмір сүрсек те, айналамыздағы өзге ұлт өкілдерінің алдында бір пәс төмен тартып тұрамыз. Осындай жағдайға жеткізген шенеуніктердің жүргізіп жатқан саясаты ғой деп ойлаймын. Өйткені «Бірлігіміз жарасқан, біз көп ұлтты елміз. Бәрі тең құқылы. Тыныштық керек» деген сияқты жалған ұрандар аясында қазақтың мүддесі тапталып жатады. Кейде ұлт арасында бола қалатын кикілжіңдерде қазақты кінәлі етіп, құрбандыққа шала салатын кез де көп. Осының бәрін көріп тұрып, неге ыза болмайсың?
Бәрін де қойшы. Біздің ең бір сорлылығымыз ол – тәуелсіздік алғалы бері не бәрі екі ғана заңды қазақ тілінде жазыппыз. Қалғаны теріскейдегі көршінің, яғни Ресей тілінде жазылған. Мұны Сенат депутаты Мұрат Баяқтиярұлы өзі мойындап, жазып отыр. Бұдан өткен сорақылық бар ма? Еш елде мұндай бассыздық жоқ шығар. Сонда деймін, біздің тәуелсіз ел екеніміз, өзіміздің ана тіліміз бар екені қайда қалған? Әлде біз Ресейдің бір губерниясымыз ба? Демек, ұлттық намысымыз өліп қалған, ез, жігерсіз жұрт болып тұрмыз. Қысқасы, ана тілімізді жөнге қоймай, ештеңе өнбесі хақ! Ол үшін билікке ұлттың мүддесін бірінші орынға қоятын азаматтар келмей, іс бітпесі анық.
Азаматхан ӘМІРТАЙ,
саясаттанушы
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!