Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара шаңырақтың қасиеті

29.10.2020, 9:30 1312

Қоғам құрылысы отбасы, үйлену, балалы болу, баланы тәрбиелеу және тіпті өлім сияқты құбылыстармен тығыз байланысты. Әрбір мәдениетте отбасының құрамдас бөлігі ұйымшылдық, туысқандық, қамқорлық сияқты ұғымдардан тұрады, бірақ этника­лық ерекшеліктерге, менталитетке байланысты отбасы туралы түсініктері әрқилы болады. Мысалы, ағылшын мәдениетінде кәмелетке толған балалар міндетті түрде үйінен алыстап, өз өмірін ата-анасының қолдауынсыз жалғастыруы тиіс деп саналады және осы ұғым көптеген шетел отбасылық мәдениетінде кездес­еді. Қазақ мәдениетінде от­ба­сы – қоғамның өте ұйымшыл және берік бөлігі. З.Арыстамқұлованың пікірінше, отбасы ұлттың тарихи дамуы­ мен ұлттық мәдениеттің субъектісі  болып  табылады. Отбасы «екі жақты Янусқа» (Янус (лат. Ianus) – екі бейнесі бар Ежелгі Римдік құдай) ұқсайды: өткенге қараған бір бейнесі рулық жад сақтау­ орнына ұқсаса, болашаққа  ұмтыл­ған екінші  бейнесі мәдени-адамгерші­лік құндылықтарды ұрпақтарға бо­лашақ  бағдар  ретінде  қалдыратын­ іспеттес.

Тарихи даму процесінде отбасы мен қоғамның, отбасы мен тұлғаның қарым-қатынасы осы қоғамда үстем­дік ететін өндіріс тәсілінің, өмір сүру салтының, қоғамдық қатынастардың, құндылықтар жүйесінің ықпалымен үнемі өзгеріп отырды. Ал отбасы­лық құндылықтар мемлекет­тің қажеттіліктерін қанағаттандыру­ға, қоғамдық қатынастарды дамытуға және жетілдіруге бағытталған. Ол дәстүр арқылы жаңа ұрпаққа отбасы мен қоғамдағы мінез-құлық үлгісі ретін­де беріледі. Қазақтар – көшпелі халық. Сондықтан, қазақ мәдение­тінің көптеген ұғымдарында бұл құбылыс өз көрінісін табады. Киіз үй қазақтар үшін баспана және көшуге ыңғайлы үй болған. Қара шаңырақ – қазақтарда отбасының ажырамас бөлігі іспеттес, себебі қазақ ошақ қасы мен шаңырақты ерекше құр­меттеп, қастерлеген. Шаңырағына келген қонақты ренжітпей, шақы­рылған және шақырылмаған қонақтарға жомарт қолдан дәм таттырып, сыйлыққа ұнаған затын таңдауға мүм­кіндік  берген. Отбасында ер адамның рөлі көшу немесе соғыс жағдайында жерін қорғау болса, әйелдің рөлі аса маңызды болып саналған. Өйткені әйел сөзі «береке», «ошақ», «отбасылық бірлік» сияқты ұғымдармен байланы­сты  болған.

Қазақ  халқында  отбасын  құру­дың алғышарты  некелесу  болған. «13  жас – отау иесі» деп бабаларымыз айтқандай ежелде қазақтар бозбал­алық кезеңде некелесіп, отбасын­  құрған. Қазақтар қызды 13-14 жасқа келгенде ұзатып, 15-16 жасында ер баланы үйлендірген, себеб­і ерте жастан үйленген бала ұрпағының көп, мықты болып­, өмірдің қиындықтарына ерте жастан бейімделеді деп санаған. Некеле­су үшін ер баланың отбасы қыз баланың отбасына барып құда түсіп, қалыңмал беріп, қыз жақ жасауы­н жасап, қызды ұзатқан. Барлық­ салт-дәстүр өзінің қағидат­тарымен өтетін болған. Отбасын­ құрған жастар жөн-жорал­ғылардың мәнін тереңінен түсініп, ата-бабалар саралап кеткен жолмен жүріп, балалы болуда да, бала тәр­биесінде де өз отбасынан көрген бірізді тәрбиені ұстанған. Ежелден бала құрсақта жатқан­нан бастап абысынд­ары мен қайынсіңлілері «Құрсақ тойын» жасап,­ жас келіншекке  аман-есен босану­ына  тілектес­ болып, үлкен апа-әжелері бала  тәр­биесі құрсақтан басталатынын, қалай  күтініп  жүруін үйреткен. Әйел  босанар кезде «Қа­занжарыс» жасап дүниеге­ келетін  баланы­ жеңіл әрі тез босануына ниет еткен. Бала дүниеге келе салысымен бір-бірінен сүйінші сұрап, хабарын жеткізген адамға сыйлық­  ұсынған. «Шілдехана» тойын­ жасап, жаңа туған­ балаға тілек тілеп, ата-анасының қуанышын бөліскен. Бұл дәс­түрлердің барлығы баланың денінің сау болып, құр­сақтан қазақы тәр­биені сезінуіне ықпалын  тигізген.

Ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар әр отбасында жиі айтылған. Әдетте балалар әже-аталарынан да, ата-аналарынан да үлкен тәрбие алып, сол өнеге мен өсиетті өзінің балал­арына мирас етіп қалдырған. Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесін­де  бірінші дене тәрбиесіне аса назар аударған. Баланың тамақтануы және оның тәртібі, ұйықтау уақыты мен киген киіміне назар аударып, ақыл тәрбиесіне де бейтарап қарамаған. Сұлулық тәрбиесі, құлық тәрбиесінде баланың рухани дамуы мен әде­біне аса мән берген. Осы тәрбиелер үлгісі негізінде халыққа еңбегі сіңген батыр­лар, ақындар, шешендер мен сал-серілер тәрбиеленіп өскен.

Қазақ отбасы институтының басты­ құндылығы салт-дәстүр және соны ұстану барысында «қара шаңырақ»­, «ошақ» ұғымдары бағалы болып, әрбір қадамын дәстүрге байланы­сты жасап, жетім-жесірлерін жылатпай, ажырасу немесе жалғыз қалудан аулақ болған. Отбасы бірлігі мен берекесі бірінші орында болып, шыққан тегіне сөз келтірмеу отба­сылық құндылықтарды сақтаудың негізі  болған.

Жас отбасы жас ерекшелігіне байланы­сты және отбасылық өмірге енді аяқ басқандықтан жақындар тарапын­ан да, мемлекет тарапынан да қолдауды қажет етеді. Себебі дұрыс бағыт алған жас отбасы – болашақтың жарқын көрінісі, үлгілі отбасы, ал үлгілі отбасылардың көбеюі – мем­лекет гүлденуінің кепілі. Жас отба­сыларға мемлекет тарапынан тек матери­алдық жағынан тұрғын үймен қамту, балалы болуға байланысты жәрдемақылар мен төлемақылар төлеу ғана емес рухани қолдау көр­сеткен жағдайда адамгершілігі мол, құндылықтарды  бағалайтын қоғамды  қалыптастыра  аламыз.

Әрбір отбасының құндылықтар жүйесі  әр адамның құндылықты бағдарын­ан құралады. Адам құндылықтарының жүйесі – бұл тұлға бағыт­тылығының орталық компоненті. Оның көмегімен адам өзінің жеке қажеттіліктері, мүдделері, нанымда­ры тұрғысынан пайдалыдан маңызды емес, пайдасыз нәрседен оңай шектейді. Құндылықтар жүйесі адамның мінез-құлқына белгілі бір тұрақтылықты, тұрақты бағыт пен ұйымшылдықты беріп ғана қоймай, сонымен қатар оның түрлі өмірлік жағдайларда, тұлғааралық қатынастарда, отбасылық өмірде мінез-құл­қын анықтайды. Жеке тұлғаның құндылықтар жүйесінен қандай да бір әрекеттерді салыстыру қажеттілігінің саналы негіздемесі болып табылатын қызметтің уәждемесі де туындайды. Тұлғаның құндылық бағдарлары көптеген шешімдерді қабылдау үрдісінде  жетекші рөл атқарады.

Қорытындылай келгенде, аталған мәселе бойынша әдебиеттерді, зерттеулерді талдау қазіргі қазақ этносының өкілдеріне отбасылық құндылықтарды құрметтеу, өзінің этномәдени дәстүрлерін жаңғырту және оларды отбасылық өмір процесінде сақтау тән деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Гүлзада  АБЕНОВА,

Hapхоз  университетінің 

Ph  докторы,

Айман  АЙТБАЕВА,

Қорқыт  ата  атындағы 

ҚМУ-дың  доценті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: