Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақұрылыстықтардың жол азабын кім тыңдайды?

20.10.2020, 11:20 731

HALYQLINE.KZ

Қызылорда  облысының  әкімі  Гүлшара Наушақызының  назарына

«Ашынғаннан шығады ащы дауысым» деген. Жол азабын жүрген білер. Арал ауданының Жаңақұрылыс елді мекені мен Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылының аралығын байланыстырып тұрған 36 шақырым тасжолдың күрделі жөндеуден өтпегеніне 30 жылдан асты. «Осы жол қашан жөнделеді?» деген жаңақұрылыстықтардың арманы биыл іске асқандай болып еді. Қуанышымыздың ұзаққа барар түрі жоқ. Оған себеп не екенін білмейміз. Қара күзде басталған жол жөндеуі сылбыр басталып, бірде тоқтап, бірде жұмыс жүріп жатыр. Оның сапасы бір өздеріне аян.

Құрметті Гүлшара Наушақызы, менің негізгі айтпағым, осы 36 шақырымдық жолға Қаратерең – Жаңақұрылыс бағытындағы тасжолға Қазалы ауданынан Бекарыстан би ауылы арқылы тасылып жатқан қиыршық тас, асфальт тиеген ауыр 40 тонналық «КАМАЗ» көліктері (қашайын деп тұрған қоянға тәйт деген соң не оңсын!) кесірін тигізіп тұр. Өзі ойлы шұқыр боп тұрған жолда жоғарыда айтқан ауыр көліктер жүрген соң, тіпті ол жолмен бұрын жүріп тұрған жеңіл көліктер түгілі «УАЗ» машинамен де жүре алмайтын жағдайға жеттік. Осылайша 5 шақырым жолды жөндейміз деп, 13 шақырым жолды іске алғысыз етіп тастады. Бұған кім жауап береді? Бүлінген 13 шақырым жол Қазалы ауданына қарайды. Бұл жолмен жалғыз Жаңақұрылыс халқы жүрмейді, Тастақ, Қаратерең, Қарашалаң, Көкарал бөгеті арқылы Ақбасты, Ақеспе және Арал теңізінде балық аулайтын қаншама кәсіпкерлер, жолаушылар қатынайды. Осы жолмен жүргіншілер Қазалы ауданы арқылы үлкен трассаға шығады.

Бүгінгі таңда ең өзекті мәселе боп тұрғаны – адам тағдыры, адам денсаулығының жағдайы. Ауру айтып келмейді деген. Аяқ астынан ауырған адамдар, босанатын әйелдерді жақын жердегі ауруханаға жеткізуге қиыншылық тудыруда. Тіпті мүмкін емес. Ауырған адамды Арал ауданы ауруханасына апаруға мүмкіншілік жоқ. Өзіңіз білесіз, Сырдария өзеніне орналасқан Хан елді мекеніндегі қалқымалы көпір-қайық арқылы автомашина түгіл жаяу адамдардың өзі өте алмайды. Сырдария өзенінде судың қайтуына байланысты, әрі қайықтардың жағдайы кетіп, үстінен көлікті былай қойғанда, адам жүрсе теңселіп, адам өміріне қауіп төндіреді. Оның жайын жауапты орындарға айтып-айтып қойдық.

Жоғарыда айтылған елді мекендердің күнделікті тіршілігі Қазалы ауданымен байланысып жатыр. Халық күнделікті тіршілігін жасау үшін 13 шақырым жолды бүлдірген жолға жауапты адамдар заң алдында жауап беріп, жөндеп беруі тиіс. Жоғарыда айтылған халықтың мұңын өз көзіммен көрейін деп барғанымда жолаушылар автобусының белден келетін терең шұңқырға түсіп, майлы топырақты тізеден кешіп, құмға батқан автобусты итеріп жатқан жолаушыларды көріп, жүрегім ауырды. Әсіресе әйелдер, жас аналардың жүздерін шаң басқан. Жолаушылардың осындай жан азабын көргеннен кейін амалсыздан қолыма қалам алып, сіздің назарыңызға ақпарат құралдары арқылы жеткізуді жөн көрдім. Бір қауым ел шұғыл түрде комиссия құрып, жолға жауапты адамдарды шындыққа көздерін жеткізіп, жолды тез арада жөндетіп береді деген сенімде отыр.

Сердалы  Шалбаев,

Жаңақұрылыс  ауылдық  ардагерлер  Кеңесінің  төрағасы,

Арал  ауданы

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: